Күй-ғұмырдан сыр шерткен қойылым
Оралдағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында күй анасы, дәулескер күйші Құрманғазының төл шәкірті Дина Нұрпейісова туралы жаңа қойылымның тұсауы кесілді.
Жазушы-драматург Маржан Ершудың «Дина» деректі драмасының желісімен сахналанған премьераның режиссері – Хадиша театрының бас режиссері, өнертану магистрі Алмат Шарипов. Туындының тұсаукесерін пьеса авторы – аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағы мен Еуразия Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Маржан Ершу мен «Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің» президенті, өнертану кандидаты, театртанушы Анар Еркебай, БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев зиялы қауым өкілдерімен және театрсүйер көрерменмен бірге тамашалады.
Қойылымда күйші-композитор Дина Нұрпейісованың жастық шағынан бастап өмір жолы, ауыр тағдыры, Құрманғазы күйшінің батасын алуы, күй өнеріне деген махаббаты суреттеледі. Қос ғасырдың куәсі болған күйшіні сол заманның қилы оқиғалары да айналып өтпегенінің куәсі болдық. Драмада Нұргүл Жұбатова, Жылқыбай Жұбатов, Айдар Жарылғапов, Мұсағали Бектенов, Құралбек Қатшаев секілді өнер иелерімен қатар жас актерлар да ойнады.
Премьерадан кейін сөз алған облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Жанболатұлы биыл күйші анамыздың дүниеден өткеніне 70 жыл болғанын, ал келер жылы туғанына 165 жыл толатынын атап өтті.
– Әрине, Дина анамыздың қилы тағдыры бір шығарманың мазмұнына сыймайды. Өмір жолы ауыр болса да, өнерді қатар алып жүруі – үлкен ерлік. Бүгін ортамызда Дина Нұрпейісованың шөбересі Бағила апа отыр. Азамат соғысын, ашаршылық жылдарын, Ұлы Отан соғысын көзбен көрген сүйегі асыл Дина анамыз 94 жыл өмір сүрді. Осы өңірде, Жаңақала ауданының Бекетай құмында кіндік қаны тамса, соңғы демі Алматы қаласында үзілді, – деген басқарма басшысы өңірімізде ұлы күйшінің өнерін ұлықтауға бағытталған іс-шаралар әлі де жалғасатынын айтты.
Драманың авторы Маржан Ершу өзінің күй алыбы Дина Нұрпейісованың шығармашылығына деген қызығушылығы туралы әңгімеледі.
– Өнердің киесі, домбыраның киесі деген болады. Соның әсері шығар, мен де 2007 жылы «Дина» атты поэма жаздым. Ол поэма түрікшеге аударылды, CD-дискімен аудионұсқасы таратылды, суретші Камила Жапалова сол поэма негізінде портреттік туынды салды. Кейін осы «Дина» драмасы жазылды. Осы туындыны Дина анамыздың туған топырағындағы қазақ драма театрының шығармашылық ұжымы сахналағанын жөн көрдім. Режиссерға және театр актерларына ризашылығым шексіз, – деді автор.
Премьерада өнерсүйер көрермен домбыраның күмбірін тыңдап, күйдің құдіретін сезінді. Әсіресе, қасиетті домбыраның үнін естіп өскен аға буын өкілдерінің қойылымнан ерекше әсер алғандарын жүздерінен-ақ байқау қиын емес.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
БҚО Орал қаласы
Суреттің авторы: Мәди Салық