Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы саласына бет бұрған кәсіпкерлер саны артып келеді. Оның ішінде жылыжай шаруашылығының әлеуеті жоғары. Осы орайда, облыс әкімі Нұралхан Көшеров Қазығұрт ауданына арнайы іссапармен барып, Тұрбат ауылында орналасқан «Сайдусман ата» шаруа қожалығында болды.
Аталған жылыжайда жылына 600 тонна көкөніс өндіріліп, 5 млн дана көшет жерсіндіріледі. Оның ішінде 360 тонна қызанақ, 240 тонна қияр ішкі нарықта сатылымға шығарылады. Жылыжай аумағы 4 гектарды құрайды. 1 гектар жерге көшет өндіріліп, қалған 3 гектары көкөніс өсіруге бағытталған. Мұнда 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аралау барысында облыс әкімі жылыжай кешенінің жұмысын пысықтап, жауаптыларға агроөнеркәсіп бағытындағы жұмыстарды ширатуды жүктеді. Ауыл шаруашылығы саласының үздіксіз дамуына «Ауыл аманаты» жобасы таптырмас мүмкіндік екенін айтып, өңірде егістікті әртараптандыру мақсатында жаңа технологияларды енгізу, жылыжай қуаттылығын арттыру бойынша мамандарға тапсырмалар берді.
Одан соң, аймақ басшысы Тұрбат агросекторындағы «Пасека бал» шаруа қожалығында болды. Кәсіпкерлермен кездесіп, омарта өнеркәсібін дамыту бағытында пікір алмасты. Кәсіпорынның ішкі жұмыстарымен танысты.
Кәсіпорында 5 мың омарта ұясы бар. Мұнда жылына 150 тонна бал өндіріліп, ішкі нарықтан бастап, көршілес мемлекет Өзбекстан мен Ресейге экспортталады. Жалпы аумағы 18 гектарды құрайтын өндіріс орнында 20 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Омартада бал өндірумен қатар жылыжай шаруашылығы қарқынды дамыған. Мұнда көкөніс және роза гүлі өсіріледі.
Аралаудың соңғы нүктесі Жаңабазар ауылдық орталық емханасында жалғасып, облыс әкімі мекеменің қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. Ғимарат құрылысына жауапты мамандарға басты назар сапада болу керектігін ескертті.
Көпфункционалды аурухана 2,2 гектар жер аумағында орналасқан. Мұнда жалпы саны 10 мың адамға медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. Орталыққа 2024 жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталып, қажетті медициналық құралдармен қамтылды. Сондай-ақ өртке қарсы дабыл тетігі, бейнебақылау жүйелері орнатылып, асфальттау, көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Сонымен бірге ішкі электр, су, кәріз, желдету және жылыту жүйелері, ішкі және сыртқы есіктері толық жаңартылған.
Бүгінде «Ordamed», «Казмедиал» компанияларымен жасалған келісімшарт негізінде цифрлы рентгендік диагностикалық аппарат, гинекологиялық кресло, электрокардиограф, стоматологиялық қондырғы, коагулометр және басқа да қажетті құралдар мен жаңа 4-санатты жедел жәрдем көлігімен жабдықталған. Мекеме табиғи газ жүйесіне қосылған.