Парламенттің жаңа құрамын үлкен сынақ күтіп тұр!
ҚР Парламенті мәжілісі сайлауында ел тарихында бірінші рет 6 партия бақ сынады. «Бап шаба ма, бақ шаба ма» демекші, елдің көз алдында жүрген, мәжілістің бұған дейін де дәмін татқан үш партия қарсыластарынан қара үзіп келді. «Нұр Отан» партиясы 82 пайыз дауыспен халықтың қолдауына ие болса, «Ақ жол» мен «ҚХКП» партиялары өздерiне тиесiлi 7 пайыздық межені бағындырды. «Ауыл», «Бірлік», Жалпыұлттық социал демократиялық партиялары» ел сеніміне ие бола алмады. Тек сайлау уақытында ғана бой көрсетіп, қалған мезгілде шабандық танытатын іс-қимылдары оларға өз жемісін берді. Есесіне Қазақстан халқы Ассамблеясының 9 депутаты мәжілістің мандатын еншіледі. Осылайша Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі белесін еліміз жаңа құрамдағы Парламентпен қарсы алды.
26 наурыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысып, VI шақырылған ҚР Парламенті бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы депутаттарды Мәжіліс жұмысының басталуымен құттықтап, өткен сайлаудың еліміз үшін тарихи мәні бар екеніне тоқталды.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы жаһандық даму тұрғысынан аса күрделі кезеңге сәйкес келгенін, әлемдік дағдарыс шиеленіскен жауапты шақта халқымыз депутаттарға зор сенім артып отырғанын да қадап айтты. «Елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді заңнамалық қамтамасыз ету сіздерге жүктеледі. Бұл сайлау ерекше өтіп, халықтың белсенділігін көрсетіп берді. Бүкіл дүниежүзіне біз осы жылдар ішінде заңды, ашық түрде баламалы сайлау өткізе алатынымызды дәлелдедік. Дүниежүзінің сарапшыларынан да, байқаушыларынан да оң баға алдық. Бұл да біз үшін зор жетістік болып саналады,- деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Парламенттің жаңа құрамына үлкен сенім артып отырғанын білдірген елбасы ойын былайша өрбітті: — «Бүкіл әлемде көп өлшемді және көп деңгейлі дағдарыс белең алып тұр. Біріншіден, әлемдік сауда және қаржы нарықтарына болжам айту қиын. Ол қазақстандық экономикаға теріс әсер етеді және Қазақстанның жаһандық экономикаға қосылуының объективті тәуекелінің бағасы болып табылады. Екіншіден, тіпті, салыстырмалы түрде қолайлы елдердің өзінде де түрлі әлеуметтік проблемалар түйіндері өсе түсуде. Ол жұмыссыздықтың өсуімен, тек әскери дау-жанжалдар аймағында ғана емес, сонымен бірге, жаһандық экономикалық дағдарысты бастан өткір өткізіп жатқан мемлекеттердегі босқындардың жаңа жаһандық проблемасымен де өрши түсуде. Бүгінде, бүтіндей алғанда, әлем дамуы күрделі сатыда тұр. Экономикада да, геосаясатта да ешкім үшін қарапайым шешімдер болмақ емес. Бұл тұрғыда қандай да бір қиялдарға барудың қажеті жоқ. Ашығын айтайын, безбенделген мемлекеттік шешімдерсіз, өткен 3 жылда қабылданған жаңа заңдар мен стратегиялық бағдарламаларсыз ахуал бүгінде әлдеқайда шиеленісті бола түсер еді. Оның біздің стратегиялық мақсаттарымызға да және «2050» Стратегиясының, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының, Ұлт Жоспарының және басқалардың тактикалық міндеттеріне де қатысы бар, деп атап көрсетті Президент.
Осылайша мәжілістің су жаңа депутаттарына алда атқарылар қыруар жұмыстың шетін шығарып, босаңсуға, немкеттілікке жол жоқ екенін айқындап берді.
Әсіресе, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Мемлекеттік аппаратты меритократия жағдайында қандай да бір көлеңкелі жағдайларсыз және жеке бас қалауынсыз жұмысқа ынталандыратын шаралар туралы айта келіп, командалық ауысу мәселесіне ат шалдырды. «Егер өткен жылдың 3 айында 1722 шенеунік ауыстырылса, биылғы жылы – небәрі 90 адам. Тең мүмкіндіктер жүйесі ретінде мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық моделі бекітілді. Мемлекеттік қызметке ең білікті және сауатты мамандарды іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізілді. Мемлекеттік аппаратта бұдан былай еңбекке ақы төлеуде теңгермешілік орын алмайды. Кім жақсы жұмыс істесе, сол көп табыс табатын болады. «Б» әкімшілік корпусы үшін еңбекақы мөлшері өсірілді. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі жаңа министрлік жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлық көріністері алдына жаңа тосқауылдар қойылды. Мемлекеттік қызметті реформалау әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қайта аттестаттау жүргізуге байланысты шешуші сатыға шықты, деп бір қайырды.
Қазақстандық сот төрелігі мен құқық тәртібі жүйесіндегі ашықтық және кәсібилік жөнінде де өрелі ойлар айтылды. Денсаулық сақтаудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны жайлы да нақты дәлелдер келтірілді.
Мемлекет басшысы келесі жылдан бастап-ақ елімізде кезең-кезеңімен үштілді білім беруді енгізу басталатынын атап көрсетті. 2020 жылға қарай 12 жылдық білім беруге толықтай көшу қамтамасыз етілетіні белгілі болады. Сондай-ақ, әр мектеп бітіруші алғашқы жұмыс мамандығын тегін меңгеруге мүмкіндік алатыны нақтыланды. «Ғалымдардың болжамы бойынша, 2020 жылға қарай Жер шары халқының 50%-ын «цифрлық балалар» құрайтын болады. Мектеп оқушыларының жаңа буынына толықтай цифрлық әлемде өмір сүру, оқу және жұмыс істеу бұйырмақ. Сондықтан, мектептерді ақпараттандыруды жалғастыру қажет. Мұнсыз білім беруде жаңа міндеттерді шешу мүмкін емес. 2,5 мың мектеп қазірдің өзінде Интернетке қосылған. Тағы 1500 мектепті қосу үшін қаржы бөлінген. Көптеген елдердің үкіметтері осы мәселені өздерінің бақылауларында ұстауда. Бізде де солай болуы тиіс. Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп барлық мектептерде Интернеттің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл арада ұлттық операторлар әлеуметтік жауапкершілік танытып, мектептер үшін арнайы тарифтер ұсынулары тиіс» деді президент.
Елбасы сөзінің соңында VI шақырылымдағы Парламент депутаттары алдында заң шығару секілді маңызды міндет тұрғанын тағы бір естеріне салды. «Мәжіліс депутаттары заң шығармашылық үдерісте Парламент Сенатымен конструктивті өзара іс-қимыл таныту дәстүрін жалғастыратынына сенімдімін. Мәжіліс өкілеттілік ететін барлық кезеңде заң шығармашылық жұмыстың Перспективті жоспарын жасау маңызды міндет болып табылады. Жаңа жағдайларда тұтастай Парламенттің және оның әр палатасының жалпысаяси рөлі мен жауапкершілігі артатынын ерекше атап өткім келеді» деді. Президент сөзін аяқтаған соң Парламент Мәжілісінің VI шақырылымының және Сенаттың аралық кезеңдерінде тағайындалған депутаттары Қазақстан халқына ант беріп, оны халық атынан Президент қабылдады.