КҮЙ МЕН КҮЙШІ (Алым Жаңбыршыұлы)

Алла Тағала адамның кеудесіне жеті түрлі сазбен жан салды дейді. Демек құдіретті күй мен саз адамзаттың жаратылысынан бұрын бар.

Күй – мейірім мен махаббаттың, құштарлықтың, сана мен сезімнің тұнбасы. Күй – рухтың үндес серігі. Сондықтан адам кеудесінің құрсауындағы жан мен рух атаулының  ықылымнан ыңы бір, мұңдасы мен сырласы да сол күй мен саз. Күй өлсе адамзаттың кеудесі жансыз, рухы мәнсіз қалжырап, жел айдаған қаңбақтай рухани босқындыққа ұшырайды. Тірілей тозып, тамырынан кесіліп, өзегінен өртенеді. Тіршіліктің бастау көзіндегі болмысын, адамға тән сана мен сезімнің құндылығын жоғалтады.

Күй – адамзаттық шеңберден тыс, мәңгілік құбылыс. Күй – жұмақтан жеткен саз, жұмбақ тылсым, ес пен жадымыздың баяны. Күйші – еркіндігін жоғалтпаған ежелгі рухтың елшісі. Жүрегінің көзі – бармағының басына біткен күйшінің шеберлігі сонда, он екі перне қос ішектің бойымен сынаптай сырғыған дыбыстың шашылып кетуіне дес бермейді. Иін қандырып, жібектей жұқартып, қорғасындай балқытып қалыбыңа құяды. Күйші!.. Сәбидің таңдайын басқан емшідей, елден ерек епті келеді. Домбыраның сарнау – саз, күміс қоңырау көмейіндегі бөбешік тілінен  дөп басып, дегеніне көндіріп отырады, неткен ғажап десеңші!.. Жауар бұлттай түнеріп, бұланға біткен жанары түпсіз тұнжырап, ойға батып отырған күйшінің әруағында сарқылмас сыр бар. Даланың тарпаң мінез күйші шалдарының көкірегінде көп байлық кетті ғой… Дәл сол көрініс, бұлдыраған сағым, аңқасы кепкен дүниенің соңғы жоқтауын да күй ғана айтып, кеңістікке алып ұшатын болады. Күйшінің он саусағы.., бұл да бір бөлек әңгіме.

Асаудың ащы терін алғандай иіріп, алтынды балдақ күймеге парлап жеккен жүйріктей жүз түрлі жүріске салады. Қабырға бойғы қайғыңды қалыс қағып жеткізеді, шеміршек бойғы шеріңді шалыс қағып өткізеді. Көзіңнен тамған моншақ жас кірпігіңе сіркелеп, зергердің жүзікке салған қасындай тамшылап шыға келеді. Кербез керік, алшаңгер  күйшінің сұлу сезімге толы жүрегінің кілтін, Хақтың қалауынан ғана іздейсің. Ару дүние, кеңістік атты кестелі орамалдың бедеріне  күйшілер ғана өз есімін шегарасыз, шектеусіз мөрлеп кете алады.

Сондай ұлы күйшінің бірі, Маңғыстауға біткен дәстүрлі күй мектебінің керілген керегесі, сөгілмей кеткен көгі,  сырлы саз, тәуелсіз рухтың, тылсыммен тілдескен соңғы өкілдерінің бірі – АЛЫМ ЖАҢБЫРШЫҰЛЫ!

ЖАНЫ ЖӘННАТТА БОЛСЫН!

Сабыр АДАЙ