Сайрам ауданында «Gen Group Kazakhstan» ЖШС банан, қызанақ және құлпынай өсіретін жылыжай кешенін іске қосқан. Бұл кешен Сайрам ауданына қарасты Қайнарбұлақ ауылдық округінде орналасқан және 5 гектар алаңды алып жатыр. Өндірістік қуаты жылына 1 мың 140 тоннаны құрайды. Жылыжай кешенінде 30 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Түркияның ауыл шаруашылығын дамыту тәжірибесі зерттелді. Бұл ретте климаттық жағдайларға төзімділік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ауа райы жағдайлары мен топырақтың сипаттамаларын мұқият талдағаннан кейін Түркістан облысының Сайрам ауданында банан өсіру туралы шешім қабылданды, – дейді «Gen Group Kazakhstan» ЖШС басқарушы директоры Ислам Алиев.
Өсірілетін банан сорты арнайы Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген. Барлық құрал-жабдықтар Түркия елінен жеткізілген. Қазіргі таңда банан өнімдері ішкі нарықта сатылымда. Аталған кәсіпорынның Қазақстанда баламасы жоқ. Яғни мұндай кәсіпкерлік нысан тек Сайрам ауданында бар.