Мені өлтірмегеннің бәрі мықты етеді!
«Мені өлтірмегеннің бәрі мықты етеді» — депті де Ницше, сосын өзі естен адасып, дүниеден озыпты. Бұл бар болғаны әсіре сөз. Шындық емес. Бір сәтте өлтірмегеннің бәрі біртіндеп жан қинап, елеусіз жүріп өміріңді ұрлайды. Адамгершілігің мен сеніміңді күлдіретіп тастайды. Мейірім мен шынайылығыңды жұтып қояды. Жайдары мінез, мәрттігің, саналы көзқарас пен жұмсақ жүрегіңді жоқ қылады. Алдау, сатқындық, таяздық, құнсыздандыру, қатыгездік, әділетсіздік әп дегеннен өлтірмейді. Тамшылап жүріп жүректі тесіп тастайтын амалдар. Төземіз, шыдаймыз, жан жарасы жазылады. Тыртығы қалады – жүрегің жырым-жырым. Осылай жүрек жырымдалып, шетінен кедір-бұдырланып, тас боп қатқанын байқамай да қаласың.
Өзіңді жұбатсаң да болады – мен енді мықтымын деп! Рас. Алайда жаныңның тағы бір пернесі үзілді, жүректегі тағы бір хрусталь қоңырау шағылды. Жүрек түкпірінде әлдене өлді – мейірімді сиқыршы әлде кішкентай періште. Сенің болмысыңның бір бөлшегі жоқ болды. Бұдан былай соққыға қалай жауап беруді білесің. Ауыр сөзге есеңді жібермейсің. Керек жерінде қарымта қайтаруға бейімсің. Соққы кез келген сәтте жасалады. Кез келген адам жасайтынын біліп алғансың. Еш айыбың болмаса да өмір сынамақ. Алғыстың орнына таяқ жейсің. Мұндайға таң қалмайсың. Етің өліп кеткен. Төзе білесің. Қорғанып үйрендің. Бірақ әр соққы сайын, әр сатқындық болғанда, көңілің қалғанда бір нәрседен айырыласың. Сол нәрсе мәңгілікке сіңіп, жоқ болады. Содан кейін мықты бола бересің. Рас. Тек басқа қасиеттің арқасында тірісің.
Мені өлтірмегеннің бәрі бірден өлтірмейді. Мықты ете ме әлде тасжүрек қыла ма – кім білсін? Өлтіретін сынақ аздан болса екен. Өлтірісетіндер де аздан жолықса ғой. Себебі, олар бәрібір кісі өлтіргіштер. Өзгенің нәзік жанын тас қылатындар, мейіріміне аяғын сүртетіндер…
Анна Кирьянова
Аударған Шынар Әбілда