Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, балық шаруашылығын дамыту жүйелі жолға қойылып, тиісті жұмыстардың нәтижесінде жергілікті кәсіпкерлер тарапынан аталған кәсіпті дамытуға қызығушылық артып келеді.
Соның бірі, Түлкібас ауданына қарасты Ақбиік ауылдық округіндегі Төлепберген Бауыржан есімді азамат осыдан 1 жыл бұрын өз жеріне 6 жасанды тоған дайындап, оған 30 мың дана форель балығының шабақтарын жіберген болатын.
Бүгінгі таңда сол жіберген шабақтарынан 7 тонна өнім алып, жол бойындағы дүнгіршекте және көл басында сатып, кәсібінің жемісін көруде.
Бүгін аталған шаруашылыққа аудан басшысы Асқар Естібаев арнайы барып, жұмысымен танысып, көлге балық шабақтарын жіберу жұмыстарын бақылады.
Ол жерде Шымкент қаласынан алынған форель балығының 50 мың дана шабағы жасанды тоғанға жіберілді.
Кәсіпкер аудан әкіміне мұнымен тоқтап қалмай алдағы уақытта жол бойына балық тағамдарын жолаушыларға ұсынатын асхана салуды жоспарлап отырғанын атап өтті.
Аудан басшысы жас кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп, балық шаруашылығын дамыту бағытындағы жоспарын қолдайтындығын жеткізді.
Сонымен қоса Асқар Сұлтанұлы Керейт елді мекеніндегі балықтың форель және бекіре түрлерін өсірумен айналысатын «GRAND FISH COMPANY» ЖШС-не арнайы барып, жұмысымен танысты.
Бүгінде аталған серіктестік Шымкент қаласындағы мейрамханаларға өз өнімін өткізіп келеді.
Жалпы серіктестікте балық шаруашылығанан бөлек демалыс аймағы бар. Ол жерде 30 адамға шақталған қонақүй мен 1 мың адам сиятын жазғы демалыс бассейіні халыққа қызмет етеді.
2012 жылы жұмысын бастаған нысанда қазіргі таңда 9 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.