Созақта «Таза Қазақстан» шарасы аясында жалпыаудандық тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Игі іс-шараға барлық мекемелер мен аудан тұрғындары белсене қатысып, тазалық шарасына қолдау көрсетті.
Шара барысында саябақтар, ішкі көшелер және ауыл маңындағы сай-сала тұрмыстық қалдықтардан толықтай тазартылды. Сонымен қатар, арнайы техникалармен көше бойлары мен аяқжолдар да тазаланып, көркейту жұмыстары жүргізілді.
— Тазалық жұмыстары біздің ауданда жүйелі атқарылып келеді. Республикалық экошара басталғалы барлық елдімекендерде тазалық шаралары бірнеше рет өтті. Қазір саябақтар, көше бойлары, қоғамдық орындар таза кейіпке енді. Бұл — қоғамның тазалыққа деген ынтасы деп білемін, — деді аудан тұрғыны Ғалымжан Ерланов.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға 5 000-нан астам аудан тұрғыны мен 29 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 40 шақырым көше бойы және 22 шақырым аяқжол тазартылып, 140 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі