«ЖАСЫЛ БАЛАБАҚША» – БАЛАЛАРДЫ ЭКОЛОГИЯҒА ТӘРБИЕЛЕУДІҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ
Жамбыл облысында балаларды табиғатты аялауға, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға баулитын ерекше жоба жүзеге асырылып жатыр. «Жасыл балабақша» деп аталатын бұл бастама бүгінде өңірдегі 28 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде табысты іске асуда. Жобаның мақсаты – мектеп жасына дейінгі балалардың экологиялық санасын қалыптастыру, табиғатпен үйлесімді өмір сүруге үйрету.
Экологиялық білім беру қазір әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелердің бірі. Ғаламдық жылыну, табиғи ресурстардың сарқылуы, қоршаған ортаның ластануы сияқты түйткілдерге бей-жай қарауға болмайды. Сондықтан табиғатқа деген сүйіспеншілікті, оны қорғау дағдыларын кішкентай кезден бастап қалыптастыру маңызды. «Жасыл балабақша» жобасы дәл осы мақсатта қолға алынған.
Балабақша аумағында бау-бақша егу, өсімдіктерді күту, табиғатты бақылау сияқты іс-шаралар жүйелі түрде өткізіледі. Сондай-ақ балалар қалдықтарды сұрыптауды, суды үнемдеуді, электр энергиясын ұтымды пайдалануды, қоршаған ортаның тазалығын сақтауды үйренеді. Осылайша, олар экологиялық мәдениеттің алғашқы дағдыларын меңгереді.
«Жасыл балабақша» жобасының негізгі бағыттарына тоқталсақ:
- Балалардың табиғат туралы танымдық түсініктерін дамыту;
- Өсімдіктер мен жануарлар әлемімен таныстыру;
- Қоршаған ортаның тазалығын сақтау дағдыларын үйрету;
- Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу негіздерін түсіндіру;
- Табиғи ресурстарды (су, электр энергиясы) үнемдеудің қарапайым ұғымдарын ұғындыру;
- Маусымдық өзгерістерді бақылау арқылы танымдық қабілеттерін дамыту;
- Табиғат аясында экологиялық ойындар мен тәжірибелер ұйымдастыру.
Жоба аясында балалар тек теориялық білім алып қана қоймай, оны іс жүзінде де қолданады. Бақша егудің қыр-сырын меңгеріп, өсімдіктердің өсу процесін бақылайды. Бұл олардың еңбекке деген қызығушылығын арттырып, жауапкершілік сезімін оятады.
– Қазіргі заман талабына сай, балаларға экологиялық білім мен мәдениет берудің маңызы зор. Бұл жоба арқылы біз балғындардың табиғатты қорғауға деген жауапкершілігін ерте жастан қалыптастыруға тырысамыз. Олар тек табиғатты бақылап, танымдық тәжірибе жасап қоймай, өздері сол процестің белсенді қатысушысы болады. Экологиялық тәрбие – ұрпақ болашағына салынған инвестиция. Бүгінгі бүлдіршіндер – ертеңгі азаматтар. Олардың табиғатқа деген көзқарасы қандай болса, болашақта қоршаған ортаның жағдайы да сондай болмақ, – дейді Оқу-әдістемелік орталықтың “Мектепке дейінгі білім беруді дамыту” бөлімінің әдіскері Сеитбекова Гульмира Жолдасқызы.
Оның айтуынша, жоба тек балабақша қабырғасында ғана шектелмейді. Балалар алған білімдерін отбасында да қолданып, ата-аналарын экологиялық мәдениетке шақырады. Яғни, бұл бастама ауқымды әсерге ие.
«Жасыл балабақша» жобасы тек балаларға ғана емес, педагогтерге де жаңа бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұғалімдер экологиялық ойындар, тәжірибелік сабақтар ұйымдастырып, балғындарды табиғатпен жақын таныстырады.
Ал ата-аналар болса, бұл жобаның нәтижесін өз үйлерінде байқап жатыр. Балаларының су мен электр қуатын үнемдеуге тырысуы, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жөнінде әңгімелеуі олардың ой-өрісінің өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
– Балам үйде қоқысты сұрыптау керектігін айтады. «Пластикті бөлек, қағазды бөлек жинайық» деп үйретіп жүр. Бұл біз үшін таңсық нәрсе еді. Енді өзіміз де осы әдетті қалыптастыра бастадық, – дейді жобаға қатысушы ата-аналардың бірі.
Қоршаған ортаны қорғау – әр адамның міндеті. Ал бұл мәдениетті кішкентай кезден бастап сіңіру – өте маңызды қадам. «Жасыл балабақша» жобасы арқылы Жамбыл облысында үлкен экологиялық қозғалыстың бастау алғанын байқауға болады.
Балаларға табиғатты сүюді, оған қамқорлықпен қарауды үйрету – тек бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің болашағына салынған инвестиция. Өйткені табиғатқа жанашыр ұрпақ – ертеңгі саналы қоғамның кепілі. Табиғатты қорғау әр баланың жүрегінен басталады!