БІР ҒАНА ҰСЫНЫС АЙТЫЛДЫ

Аудан әкімі Олжас Баққараевтың халықпен кездесуі арнайы дайындалған кестеге сәйкес өткен аптаның жұмасы күні Қостөбе ауылдық округінде жалғасты. Қостөбенің ауылдық клубында әкіммен кездесуге келген халықтың қарасы көп болды.
Кездесуге ауыл халқымен бірге аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудандық мәслихаттың депутаттары Гүлсүн Ешеева, Ләйла Бесбаева, мекеме басшылары, аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары қатысты.
Кездесуде алдымен аудан басшысы Олжас Елебекұлы ауданымызда 2024 жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылғы атқарылатын жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Аудан әкімі өз сөзінде аудандағы өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласына басымдық берді. Былтыр 240 пәтерлі 4 көпқабатты үй пайдалануға берілсе, биыл осындай тағы 120 пәтерлі екі үйде қоныс тойы тойланған. Ауданда тұрғын үй кезегінде тұрғандар көп. Сондықтанда тұрғын үй салу жұмыстары биылда жалғаса беретіні, биыл 88 жобаны іске асыру көзделіп отырғаны айтылды.
Қостөбе ауылдық округінің әкімі Нұрғали Қожабергенов өткен жылдың қорытындысы мен биылғы жылы атқарылатын жұмыстарды слайдта көрсете отырып баяндады.
-Аумағы 4755,0 гектарды құрайтын округтегі үш ауылдағы 1369 аулада 7344 адам тұрады. Округте 196 шаруа қожалықтары болса, олардың 3006 гектар жерлері бар. Ал егістік жерлер 1664 гектарды құрайды. Ауыл халқы негізінен мал, егін шаруашылығымен айналысады.
Округте 9033 бас қой-ешкі, 6684 бас мүйізді ірі қара, 659 бас жылқы, 9880 бас үй құстары бар. Ал бұл мал басының өскенін көрсетеді.
Жыл ішінде екі көшеге көше жарығы, бір трансформатор орнатылып, кіші футбол алаңы, стрит воркаут соғылып, пайдалануға берілді. Сүт, шұжық, картон өнімдерін өндіретін цехтар мен 19 азық-түлік дүкендері, 6-АЗС, 3 дәмхана, 2 дәріхана, 3 көлік жуу орны, 2 желімдеу стансасы, шаштараз округ халқына қызмет көрсетуде. Округте инвестиция тарту бойынша да жақсы жұмыстар бар. Мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет, спорт үйірмелерінің қызметі мен жұмысына да халық дән риза. Ал мұндай жүйелі жұмыстар биылғы жылыда жалғасын табатын болады, — деді округ әкімі Нұрғали Серікбайұлы.
Әлеуметтік мәселесі шешілген ауылдан аудан әкіміне де, округ әкіміне де сұрақ қоюшылар болмады. Бірнеше минуттық үнсіздіктен кейін ғана Қостөбе ауылдық ардагерлер кеңесінің төрайымы Макун Төлеуғалиева орнынан көтерілді.
-Біздің округте халықтың барлық жағдайы жасалған. Сондықтанда ешкім ештеңе айта алмай отыр. Ал бұл үшін округ әкімі Н.Қожабергеновтің тірлігіне ризашылық білдіріп, есебін жоғары бағалаймыз. Халыққа керегі газ, су, көше жолы мен электр жарығы емес пе? Бізде бұлардың бәрі бар. Дегенмен менің айтарм орталық «Әулиеата» көшесімен машиналар өте қатты айдайды. Мына бұрылыстағы қарама-қарсы дүкендер тұрған жерге жаяу жүргінші өтетін жолақ жасалған. Екі жағына жол белгісіде қойылған. Алайда оған бағынып жатқан жүргізуші көргенім жоқ. Жақында менің қарт көршімді 2 рет машина қағып кете жаздады. Мен осы жерге халықтың қауіпсіздігі үшін камера қойылса деймін, — деді ардагер ана.
Аудан басшысы қарт ананың ұсынысы қаралатынын атап өтті.
Кездесуден соң аудан әкімі Олжас Баққараев бірнеше азаматты өздерінің жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Сүндетулла ӘБІЛОВ. Байзақ ауданы