3 жылға созылған Отан қорғау соғысы
Осыдан тура үш жыл бұрын, яғни 2022 жылы 24 ақпанда Ресей әскерлері «арнайы операция» жүргізу мақсатында Украина шекарасына басып кірген еді. Мәскеудің саясаткерлері қанша жерден «Украина топырағында құқықтары тапталып қорлықта өмір сүріп жатқан орыстарды құтқару үшін» сан түрлі сылтау тауып, шапқыншылығын «арнайы әскери операция» деп бетін жылтыратып айтса да, бүкіл әлем бұл қимылды соғыс деп атады. Әділетсіз, басқыншылық соғыс еді. Бастапқыда «Киевті үш күнде басып аламыз» деп асқақ жоспармен кірген орыстар, арада үш жыл өтсе де мақсаттарына жете алған жоқ. Сөйтіп орыс-украин қақтығысы көлемі барған сайын ұлғайған, геосаяси тартыстарды мейлінше шиеленістіріп жіберген әлемдік оқиғаға айналды. Біз бұл мақаламызда соғыстың жалпы барысына қысқаша тоқтала келіп, оның алдағы беталысына болжам жасауды жөн көрдік.
Соғыс шығыны туралы деректер
Бұл соғыстың ауыр зардабын ең алдымен Украина арқалап отырғаны белгілі. Қазірге дейін мемлекеттің 20% территориясы Ресейдің шеңгеліне түсті. Ең алдымен 2014 жылы Қырым автономиялы республикасынан айырылды. Жер көлемі 25,5 мың км² келетін бұл аумақтың көп бөлігі 2014 жылы орыстардың бақылауына өткен болса, Херсонмен шекаралас жатқан шағын бөлігі 2022 жылы тағы да Ресейдің уысына түсіп тынды. Халықаралық қауымдастықтың көп бөлігі бұл жағдайды «Қырым аннексиясы» деп атағанымен де (Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 2019 жылы 5-6 желтоқсанда Германияға сапары кезінде Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында «біз Қырымда болған оқиғаларды аннексиялау деп атамаймыз» деген) Қырым енді қайтып Украинаның құрамына қосылуы қиын… Бұдан бөлек Луганск облысын тұтасымен орыстар бақылауында ұстап отыр.
Қазірге дейін екі жақтың соғыс шығыны туралы жүйелі де сенімді дерек жоқ. Тек мөлшерлей айтылып жатқан деректер ғана бар. Алайда бұлардың өзі оңай көрсеткіш емес. Сарапшылар Украина тарапының қазірге дейінгі шығынын 774,9 миллиард АҚШ долларынан асып кетті деп бағалап отыр. Мұның ішінде инфрақұрылымға келтірілген залал 210 миллиард АҚШ доллары шамасында болған.
Темір жол, тас жол, көпір сияқты нысандар ауыр дәрежеде зақымдалған, соғыстан бері қарай барлық жерде зауыттар өндірісін тоқтатқандықтан, өнеркәсіптік жүйе тұралаған күйге жетті. Украинаның ішкі жалпы өнімі 30,4 пайызға төмендеп, инфляция деңгейі 26,6 пайызға дейін көтерілген. Қазір Украинаның мемлекеттік қарызы соғыстың алдында 22,7 миллиард АҚШ долларын құраса, қазір 230 миллиард долларға жетіпті.
Салмақтың ең ауыры қарапайым халыққа түсіп отыр. 2022 жылы Украинада 43 миллионға жуық адам өмір сүріп жатқан болса, қазір мұнда 28 миллиондай адам қалған, 15 миллионнан астам адам баспанасынан айырылып, жан-жаққа босып кетіпті. Ал ең маңызды сұрақ – «бұл соғыста қанша адам қаза тапты?» деген мәселеге жауап іздеп көрдік. Қазірге дейін өлгендер мен жараланғандар туралы мемлекеттік деңгейде ресми таратылған ақпарат аз. Зеленский бір сөзінде 43000 адам қаза тапты дегені бар. Алайда бұл сан сенімсіз секілді. 2024 жылы 17 қыркүйекте АҚШ-тың танымал басылымы The Wall Street Journal (Уолл-стрит джорнэл) газетінің сайтында Bojan Pancevski есімді автордың қысқа мақаласы жарық көрді. Мақала авторы «Украина-Ресей соғысында 2 жарым жылдың ішінде екі жақтағы құрбандар шамамен 1 миллионға жетті, бұл соғысқа дейін халық санының азаюымен күресіп жатқан елдер үшін үлкен шығын еді» деп жазыпты. Аталған мақалада «биылғы жылдың басында (2024 жылды айтып отыр) Украинаның құпия есебінде украиналық әскерилер қаза тапқандар саны 80 мың, жараланғандар саны 400 мың деп мәлімдеген. Батыс барлау қызметінің Ресейдегі шығынға қатысты болжамдары әртүрлі, кейбіреулері қаза тапқандар саны 200 мыңға жуық, жараланғандар саны 400 мыңға жуық деп есептейді» деген деректерді келтірген. Ал жақында BBC агенттігінде жарияланған мақалада «Ресейден өлгендер мен жараланғандарды қосқанда 564 мыңнан астам адам шығын болған» деген дерек айтылыпты. Ал, Украинаның Қорғаныс министрлігі Ресейдің 2024 жылғы шығынын 430 790 сарбазға бағалап отыр.
Ресей де экономикалық жағынан ауыр шығындарға батып жатыр. Мұнай мен табиғи газын Еуропаға сатып қыруар ақша тауып отырған орыстар бұл игіліктен мүлдем айырылып қалды. Оны қойып Ресейден электр энергиясын алып отырған мемлекеттердің өзі қиыншылықтарға қарамастан ортақ желіні үзді. Ресейдің экономикалық шығындары туралы болжам жасаған сарапшылар «соғыс басталғаннан бері Ресейдің жалпы шығыны бір триллион долларға жетті» деп отыр. Мұнда соғыс шығындарынан бөлек АҚШ, Еуропалық Одақ сынды алпауыттардың орыстарға бағыттаған санкцияларынан келген шығындары да қоса есептелгендігін айта кеткен жөн. Батыс елдері Ресейге қарсы санкциялар салып, Еуропаға табиғи газ тасымалдайтын «Солтүстік ағын» құбырына шектеу қойғаннан бері орыстардың жоғалтқан қаржысының көлемі 300 миллиард долларға жуықтаған екен.
Қару-жарақ жағынан Ресейдің заманауи техникасы айтарлықтай шығынға ұшырады, олар Су-34 және Су-35 сияқты озық жойғыш ұшақтар, танктер мен бронетранспортерлер мен Т-90 және Т-72 сияқты негізгі жауынгерлік танктерінен көптеп айырылған. Бір деректерде «2024 жылы тамыздың соңына дейін Ресей 10037 дана бронетранспортер мен әртүрлі үлгідегі танктерінен айырылды, яғни Ресейдің қолда бар броньды қорының 62 пайызы украиналық ұрыс даласында қалды. Ресейдің жаңа танктер мен броньды машиналар шығару мүмкіндігі жылына 1000 данадан аспайды, бұл үш айлық тұтынуға ғана жетеді» делінген еді. Қазір таралып жатқан соңғы деректер де осы көрсеткіштің ар жақ бер жағында тұр. Яғни Ресей тарапының 23 мыңнан астам артиллериялық жүйесі, 300-ден астам дүркіндетіп ататын реактивті қондырғысы, 1000-нан астам әуе қорғанысы кешені, 400-ге тарта ұшақ, 350-ге жақын тікұшақ, 27 мыңдай дронының күл-талқаны шыққан. Қытайлық сарапшылар осындай шығындарға қарамастан Ресейдің әскери өнеркәсібі дамып келе жатыр деп отыр. Олар «Ресей де өзінің әскери стратегиясын реттеп жатыр. Яғни, «Қырғи-қабақ соғыс» дәуірінде дайындалған қару-жарақ қоймаларындағы қоры мен Екінші дүниежүзілік соғыстан қалған көптеген қару-жарақтарын майдан шебіне жіберді. Есесіне Арзамас машина жасау зауыты БТР-82А бронетранспортерлерінің өндірісін бес есеге арттырды. Ресей де Су-57 жойғыш ұшағы мен «Борей-А» класындағы стратегиялық ядролық сүңгуір қайық сияқты жаңа қару-жарақ пен техниканы әзірлеп орналастырып жатыр. Бұл қадамдардың нәтижесінде Ресей экономикасы 2023 жылы 3,6%-ға өсті, Ресейдің жалпы ішкі өнімі 200 триллион рубльге жетті» деп бағалапты.
Бұл соғыс кімге пайда, кімге зиян әкелді?
Әрине, бұл сұрақтың жауабы белгілі. Зияны ең алдымен соғысып жатқан екі мемлекетке ауыр тиіп жатыр. Оны жоғарыда жалпылай айтып өттік. Ал, айнала жұртқа тигізіп жатқан зардабы да оңай болып тұрған жоқ. Халықаралық валюта нарығында тұрақсыздық туындағандықтан, экономикасы шикізат сатуға сүйенетін кейбір мемлекеттер үшін белгілі деңгейде шығындар болып жатыр. Бұл соғыс басталғаннан кейінгі жерде шығын мен дағдарысқа тап болғаны Еуропа елдері болды. Ресейді санкциямен сабасына түсірмек болған уақыттық шаралар күллі Еуропаны тарықтырып қойды. Еуропа елдеріне жүйелі түрде тасымалданып жатқан кәдімгі көмірден тартып, түрлі бағалы металдар мен жерасты байлықтары, астық, азық-түлік секілді көптеген қажетті дүниелерге тосқауыл қойылды. Өте-мөте Ресейден жеткізілетін табиғи газдың тоқтауы оларды энергетикалық тығырыққа тіреді. Соғысқа дейін Ресей Еуропаның жалпы импортының 40%-дан астамын қамтамасыз ететін Еуропаның ең ірі табиғи газ жеткізушісі еді. Еуропалықтар жанталаса шығар жол іздеп жатқан тұста АҚШ өзінің мұнайы мен табиғи газын Еуропаға сата бастады. Алайда АҚШ-тан жеткізілетін газдың бағасы шарықтап, 340 еуроға дейін көтерілді. Мұндай жоғары энергия бағасы Еуропадағы ірі өнеркәсіптік компаниялардың қатты шығынға батуына әкеліп соқты. Өндіріс шығындары айтарлықтай өсті және көптеген компаниялар қалыпты күйін сақтап тұруға амалсыз қалды. Нәтижесінде өндіріс көлемі азайды немесе тоқтатуға мәжбүр болды. Бұлардың арасында ірі экономикалық тұлға саналатын Германияда табиғи газдың бағасының шарықтап кетуіне байланысты химия, болат, автомобиль және басқа да салаларына өндіріс шығындары ұлғайып кеткен. 2022 жылы басталған соғыстың кесірінен ЕО-ның жалпы ішкі өнімінің өсу қарқыны 2023 жылы 0,3%-ға, ал 2024 жылы тағы 0,2%-ға қысқарған. Ендігі жерде еуропалықтар ойлана бастағандай… АҚШ-қа шектен тыс тәуелділік Еуропаны Құрама Штаттардың «кассалық машинасына» айналдырған еді.
Соғыс барысында Ресей ауыр санкциялардан жалтарудың амалын да тапты. Ол Азия нарығына беттеді. Ең алдымен Қытаймен ынтымақтастықты күшейтті. Ресейден Қытайға жеткізілетін табиғи газдың жартысы рубльмен, ал қалған жартысы юаньмен есептелді. Бұл есеп айырысу әдісі АҚШ долларына тәуелділікті азайтып қана қоймай, юаньның халықаралық дәрежедегі беделін өсіре түсті. Бұдан бөлек Ресей «азаматтық мақсаттарға пайдаланылатын» жүк көліктері мен өзге де техникаларды Қытайдан ала бастады… Міне, осылайша Қытай елі Ресейден арзан мұнай мен газды алумен қоса, орыстарға экспортын барынша молайта түсті.
Соғыстан ең көп пайда тапқан ел АҚШ болды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Еуропа нарығына табиғи газды қымбатқа сатумен қоса, геосаясаттағы орнын бекемдей түсті. Ал, Мәскеуге қарата жариялаған қыруар санкциялары мен әлемдік банктерде бұғатталған Ресей ақшаларының тағдыры да Ақ үйдегілердің қолында тұр.
Түйін: Соғыстың қашан, қандай бітімдермен аяқталарын болжау қиындау. Дональд Трамп билікке келгелі АҚШ-тың Украинаны тығырыққа тіреуі ашыққа шыға бастады. «Мен билікке келсем, соғысты 24 сағаттың ішінде тоқтатар едім» деген саудагер президент, ақыры Украинадан сирек кездесетін минералдар кеніне қолқа салып бір-ақ тоқтады. Айтқан уәжі «сендерге 350 млрд доллар көмек бердік, енді соның есесіне жалпы құны 500 млрд доллар шамасында болатын кен орындарын «бірігіп игеруге» келісейік» дейді. Дегенмен Зеленский ер екен. «Украинаның бірнеше ұрпағының мойнына қарыз болатын келісімге қол қоя алмаймын!» деді келте қайырып. Енді Украина тек ЕО-ның ғана көмегіне сүйенетін сыңайлы. Біреулер Путиннің көздегені орындалатын болды деп қобалжып жүр. Оны уақыт көрсетер…
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
Бет қатталып жатқанда:
Кеше БҰҰ-ның Бас ассамблеясы Кремльдің басқыншылығын айыптап, Ресейге әскерін әкетуді талап еткен резолюция қабылдады. Аталған резолюцияны 93 ел жақтап дауыс берсе, АҚШ бастаған 18 ел қарсы дауыс берді. Ал қалыс қалған 65 елдің ішінде Қазақ елі бар. Бұған не деуге болады? Қалай десек те Қазақия Америкамен салыстырғанда әлдеқайда батыл қадам жасады!