
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл – жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталған қадам. Осыған орай бүгін Түркістан облысындағы шағын өндірістік паркте «Жұмысшы мамандықтар шеруі» атты ауқымды іс-шара өтті.

Аталған шараға облыс әкімдігімен қатар колледждер, оқу-өндірістік комбинаттар, өндіріс орындарының өкілдері, кәсіпкерлер, жұмысшы мамандық иелері, мектеп оқушылары, жастар мен ата-аналар және жұмыс іздеушілер қатысты. Игі бастамаға Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Білім басқармасы, колледждер, өңірлік «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ, аудан және қалалық «Мансап» орталықтары жүзеге асырып, үлес қосты.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров көпшілікті құттықтап, бүгінгі іс-шарада тұрғындарға, жастарға бос жұмыс орындары ұсынылып жатқанын жеткізді. Сонымен бірге колледждерде жұмысшы және техникалық мамандық иелері даярланып, оларды жұмыспен қамту шаралары күшейтілгенін айтты.

– Түркістан облысында өндіріс, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және туризм салалары да қарқынды дамып келеді. Жаңа кәсіпорындардың қалыптасуы, индустриалды аймақтардың құрылуы – жастар үшін тың мүмкіндік ашады. Облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітіліп, 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланды. Оның 60 пайызға жуығы жұмысшы мамандықтарға арналған. Бұл өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. Сонымен қатар биыл жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, 2 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 94 пайызы жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Облысымыздағы 50 колледжде 45 мыңнан астам жас білім алуда, оның ішінде 16 мыңы жұмысшы мамандықтары бойынша даярлануда. Биыл мамандарды даярлауға бөлінетін 15 мыңнан астам гранттың 9500-ы, яғни 63 пайызы жұмысшы мамандықтарына ұсынылады. Бұл салаға берілетін гранттар 1000 орынға ұлғайтылады. Бүгінгі шараға қатысушы инвесторлар мен компаниялар жұртшылыққа жұмыс орындарын ұсынып отыр. Түркістан облысына білікті құрылысшылар, дәнекерлеушілер, электршілер, механизаторлар, IT мамандары, технологтар, қызмет көрсету саласының шеберлері аса қажет. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда! Бәсекеге қабілетті, кәсіби маман болуға шақырмын. Біздің міндет – сіздерге сапалы білім мен тұрақты жұмыс ұсыну, – деді Нұралхан Көшеров.

Аталған шараға ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Әсет Шонов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Облыста еңбек адамының мәртебесін көтеріп, кәсіптік білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлініп, колледждердің оқу бағдарламалары нарық талабына сай бейімделуде. Аталған бағытта жаңадан 11 жұмысшы мамандығына лицензия алынады. Нәтижесінде агрохимия, ақпараттық қауіпсіздік жүйелері, лифт шаруашылығы және эсколаторлар шығару, мақта өңдеу, ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы және жылыжай шаруашылығы мамандықтарын ашып, алғашқы студенттерін қабылдайды. Сондай-ақ Түркістанда тұңғыш рет «WOOSONG-TURKISTAN» IT университетінің филиалы жұмысын бастамақ. Аймақтағы 1 колледж IT бағытына көшуде.

Жұмысшы мамандықтардың мәртебесі биіктеген іс-шарада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, облыс бойынша 37 жұмыс беруші қатысып, 2 268 бос жұмыс орнын ұсынды. Олардың ең ірілеріне тоқталсақ, «BNK GROUP LTD» ЖШС 35 бос жұмыс орнын, «Алтын дала мақта» ЖШС 1400 жұмыс орнын, «Jasyl Suyg Qazaqstan» ЖШС 340 жұмыс орнын ұсынып, үміткерлерді қабылдады. «Бір колледж – бір өнім» жобасы аясында көрме ұйымдастырылып, колледждер мен кәсіпорындардың жобалары таныстырылды.
Жәрмеңкеде «Еңбек» бағыты арқылы өз жеке кәсібін ашқан 24 грант алушы өнімдерін әкелсе, тиісті мекеме өкілдері жұмыс іздеп келушілерге еңбек, жұмыспен қамту заңнамалары бойынша ақпарат берді. Іс-шара белгілі кәсіпкерлердің жастармен TEDx форматындағы мотивациялық кездесулеріне ұласты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі