Түркістаным — тарихтан тәбәрігім!

«Байлығымыз — бірлік!» деп ұрандаған,
Тектілердің бесігі — Тұран далам.
Шартарапқа сен жайлы жыр төгеді
Қанат қаққан ұяңнан қыран балаң.
Айналаға нұр, мейір төккен елім,
Ел деп қаны төгілген өпкен ерін.
Қасиетіңе бас иіп қойған бәрі,
Мақтанғым-ақ келеді көпке менің!
Өлім құшып сұм дұшпан құмырсқадай,
Өткен өктем төсіңде ұрыс талай.
Өр қазақтың қастерлі, құт мекені,
Сен дегенде қаламын тыныш қалай?
Бақыт тапқан мекенім ұлтан да, күң,
Танымайды Тұранды бұл таңда кім?
Құшағыңда дем беріп жатыр, білем,
Ғұлама, хан, батырлар, сұлтандарым!
Жерінде ырыс жайлаған, тағында құт,
Түркістанның қадамы әр шағында нық.
Жау қолында кеткенді түгендедім,
Демеуімен бабтардың бағым жанып.
Тербер жанды жабыққан кені бөлеп,
Яссауидің өзгеден жөні бөлек.
Есті пенде екінші Мекке санап,
Тәңірімен тілдескен төріне кеп.
Ұл мен қызы болмаған басқаға құл,
Ұлы Тұран емес қой тас қала құр.
Тау-тасы да киелі күнгей өлкем —
Бар қандасқа рухани астана бұл.
Топтан озып шығатын дара шыңға,
Талант тұнып тұратын баласында.
Түркістанды тербетіп тұр ау бүгін
Шәмші айтқан ән Арыстың жағасында.
Өткен күннің кеткенмен қанда кегі,
Жақсылықтың еседі әр таңда лебі.
Бүгін Тұран бірліктің Отанындай,
Бұл — Алаштың аңсаған арманы еді.
Өткергендей ер жігіт бала күнін,
Бойын түзеп келеді қала бүгін.
Мыңжылдықтар куәсі көне шаһар,
Түркістаным — тарихтан тәбәрігім!
Бауыржан ЕРМАН