Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті маусымы басталды. Түркістанның «Тұран» командасы өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» клубымен кездесті.
Алғашқы минуттардан ойын тізгінің қолға алған алаң иелері тек жеңіс үшін алаңға шыққандарын аңғартты. Жүйелі шабуылдар ұйымдастырды. Сондай ұмтылыстардың бірінде Жұмабектің пасын пайдаланған Умаров есеп ашты. Бұл – кездесудің 32-ші минуты болатын. Қонақтар есепті теңестіруге ұмтылғанымен бірінші кезең осылай аяқталды.
Екінші таймда да «Тұран» ойыншылары допты бақылауда ұстады. Сенімді әрекет етті. Осы сенімділік екінші голға ұласты. 70-минутта Згурский өте әдемі гол салып, есепті еселеді. Осылайша, «Тұран» алғашқы турда жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. Сөйтіп, «Тобылмен» бірге көш бастады.
Айта кетейік, биыл «Тұранның» құрамы күшейді. Былтыр «Атырауды» өрге сүйреген Виталий Жуковский бас бапкер болып тағайындалды. Ол бірнеше тәжірибелі ойыншыны командаға шақырды.
«Тұран» 9 наурызда сырт алаңда «Ақтөбемен» кездеседі.