НҰРҒИСА ТІЛЕНДИЕВТІҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:

Дәл қай жылы және қай күні екені анық есімде жоқ. Әйтеуір менің Мұқағалимен тұңғыш рет кездесіп, жақсы таныс болғаным Қазақ радиосының музыка редакциясында еді. Мен туралы хабар берілмекші екен. Дауысымды жазып алатын болған соң келгем. Алдымнан арсалаңдап Әнуарбек Байжанбаев шықты. Ол осында бас диктор. Екеуміз бұрыннан жақсы таныспыз. Амандық сұрасып отырғанымызда біздің жанымызға кең жауырынды, бүркіт тұмсық, палуан денелі жас жігіт келді. Екі бетінен қаны тамып тұр. Нұрлы екен. Батыл амандасты.
– Нұраға! Ассалаумағалейкум! Мен Мұқағали деген ініңіз боламын. Әдейі амандасайын деп келдім сізге. Райымбек бабаның ұрпағымын, аға.
– Бәрекелді, бауырым, бәрекелді!
Сұраса келіп оның осында диктор болып қызмет істейтінін білдім. Қарасаздан астанаға көшіп келгеніне де көп болмаған екен. Қарт шешесі, бала-шағасымен пәтер жалдап тұрып жатқан сыңайы бар.
Мен осыдан бастап ақын інімнің газет-журналдарда жарияланған кейбір өлендерін оқып та жүрдім. Мақатаев екеуміздің екінші рет бетпе-бет кездесуіміз Жазушылар Одағында болды. Ол жерге ақын Тұманбай Молдағалиевті іздеп барғам. Мұқағали Тұмаштың кабинетінде отыр екен. Мені өзіне аға санап, арсалаңдап қарсы алды. Біраз әңгіме дүкен құрдық. Өнер туралы, қазіргі кезеңдегі поэзия жөнінде, ән жайында өзімізше сырласып, біраз отырып қалдық. Тұмашқа өз басымда жүрген дайын әуенге сөз жаз деп қолқа салдым. Мұқағали болса анда-санда тау қыратындай мінезбен қозғалақтап қойып, үнсіз тыңдап отыр. Байқаймын, ол Тұманбайды, ал Тұмаш оны жақсы сыйлайтын секілді. Сөйтіп, мені қосқанда үш бауыр – екі ақын мен бір композитор өз заманымыздың өнері жайлы көңілде көктеген біраз ойларды ортаға салып, өзара ой бөлісіп, сырласып тарастық.
Әлгі кездесуден соң Мұқағали маған етене жақын інім сияқты болып кетті. Бірақ неге екенін кім білсін, сол жылдары Мұқағали поэзиясының табыстары туралы ешкім мандытып жаза қоймады-ау деймін. Иә, дәл солай. Тек Әбіш Кекілбаев ініміз тәуір дүние жазды дегенді естідім. Пендеміз ғой… Мына тынымы жоқ тіршілікте әркім әр шаруамен байланып, таңның атысымен күннің батысына дейін тыпырлаймыз да жүреміз емес пе? Мәселен, мен композитормын. Ал Мұқағали ақын.
Әсет Ақмолда.