«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында Жетісай ауданында құрылысы жүргізілген 6 медициналық-санитариялық алғашқы көмек беру нысандарының тағы біреуі ел игілігіне тапсырылды.
Мақталы ауылдық округінің орталығында бой көтерген дәрігерлік амбулаторияда 5 дәрігер мен 60-қа жуық орта медицина қызметкерлері 8 мың тұрғынға қызмет көрсететін болады.

Денсаулық сақтау нысанының салтанатты ашылуына Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуаныштарымен құттықтады. Денсаулық сақтау нысанының ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Білікті кадрлармен және заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, медициналық нысанның елге көмек көрсетуге толық дайын екенін айтты.

Лента қию рәсімінен кейін қонақтар нысанды аралып көріп, ондағы заманауи үлгідегі әйелдерді қарап-тексеру, екпе егу, профилактикалық қарау, дұрыс тамақтану мектебі, дені сау бала, стерилизация, қақырық жинау, тұрмыстық шаруашылық және дәріхана бөлмелерінің жұмысымен танысты.

Айта кетейік, бүгінде Асықата өңірінде 82 мың тұрғын есепке алынса, оның 17200-і туу жасындағы әйелдер, 31653-і балалар. Өңір тұрғындарына 1200-ден астам медицина мамандары сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Бұған дейін де аудандық «Асықата» орталық ауруханасына қарасты елді мекендерде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жаңадан 3 фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілген болатын.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі