Бүгінде ауданымызда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату — тәтті өмір сүріп, мемлекет тұтастығын сақтауда үлес қосып келеді. Олардың арасында өнерімен талайдың қошеметіне бөленген жандар да бар.
8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай республикалық «Мәдениетті ана –мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Қоғамдық келісім» КММ мен өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде «Ананың әні» байқауы өткізілген болатын.
Аталмыш сайыстың мақсаты – қазақ халқының өнері мен мәдениетін, мемлекеттік тілді насихаттау, ән арқылы үйрету. Сондай-ақ, еліміздің бірлігін сақтау және этностар мәдениетінің ерекшеліктерін айқындауды, үміткерлердің кәсіби шеберлігін арттыруды көздейді.
Сайысқа қатысушылар отбасының үлгілі дәстүрлеріне байланысты бейнероликтерін (алдын ала дайындалған, сапалы) ұсынып, ана тақырыбында қазақ тілінде белгілі ақын-композиторлардың әнін орындауымен және биыл мерейтойы атап өтілетін қазақ классиктерінің бірінің шығармаларынан үзінді жаттау бойынша сынға түсті.
Тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша ауданымыздан қатысқан Жамиля Амоева жүлделі екінші орынды иеленіп, ауданымыздың абыройын асқақтатты. Көмейінен ән ұялаған Жамиляға алар асуың алда болсын дейміз.