Бағила Балтабаева: Келешек ұрпағымыз азғындамаса екен деп алаңдаймын
Бұл жан-жағымыздан анталап, арамшөптей қаулап бара жатқан азғындықтарды көріп ашынып, ұрпағы үшін алаңдаған Аналардың жанайқайы деп түсінеміз. Былтыр Астанада рес-
публикалық «Қазақ Билер алқасы» құрылтайы өткен еді. Осыған орай әрдайым ұлтым, елім деп жүретін қоғам белсендісі, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің сарапшысы, ел ықыласына бөленіп жүрген аяулы ана Балтабаева Бағила Сері-Шубайқызы «Қазақ Билер алқасына» қатты ескерту айтты.
«Осыдан 20 жыл бұрын гей-клуб, көгілдірлер дегенді естіген кезде ата-әжелер үндемеді. Байбалам салып, осы мәселені неге көтермеді? Пойыз жүріп кетті, енді тым кеш. Жарты жолдан тоқтатпақшымыз. Десек те әрекет жасап, бұл сұмдықты тоқтатуымыз керек! Өйткені естеріңізде болсын, еркек пен еркектен, әйел мен әйелден бала туылмайды. Ертең 50 жылда өскелең жастардың жартысы біржыныстыларға ауысса, біздің ұрпағымызды ары қарай кім жалғастырмақшы, осыны ойладыңыздар ма? Онсыз да санаулы қазақ аз ғана халықпыз, құрдымға кетіп жатырмыз. Лудомания, нашақорлық, неше түрлі қитұрқы заңдар, осының бәрі ұлтымызға тікелей балта шабылып жатыр деп сенімді түрде айта аламын.
Құрметті билер алқасы! Бар үмітіміз сіздерде. Осы құмар ойынды, нашақорлықты, біржыныстыларды тоқтату жөнінде істермен айналыстыңыздар ма? Жоқ! Сіздердің «бір мектепке доп әпердік, бір жесір әйелге көмір түсіріп бердік» деген сияқты майда-шүйде істеріңізбен қайырымдылық қорлары айналыссын. Ол билер істейтін шаруа емес. Өйткені республикалық Билер алқасы болғандықтан, сіздер мемлекеттік масштабтағы ірі-ірі жұмыстармен айналысуларыңыз қажет. Сіздер үлкен буынсыздар, сөздеріңіз өтеді, кейінгі ұрпақ тыңдайды, неге осы мәселелерді көтермейсіздер? Жылда жиналып «иә, иә» деп бастарыңызды изеп кете берсеңіздер, «бас-басына би болған өңшең қиқым» деген сөзге қаласыздар».
Шынымен бұдан артық шындықты қалай батырып айтуға болады? Жалғыз өзі бозторғайдай шырылдап, басын қауіп-қатерге тігіп, әділдік үшін күресіп жүрген Бағила Сері-Шубайқызының істеп жатқан шаруалары бастан асады десе де болады. Басылымымыз қайсар қыздың жұмыстарын назардан тыс қалдырмай, әркез бақылап, қолдап отырады. Газетіміздің тілшілері одан екі рет сұхбат алды. Кездесулерден, жиналыстардан қолы босамайтын, жұмысы қыруар Бағила тілдесуге әзер уақыт тапқан еді. Бар саналы ғұмырын біржынысты азғындармен батыл күрес жүргізуге арнап келе жатқан қазақтың намысты да өжет қызына біз тек қана қажымас күш-жігер, мойымас батылдық, атқарып жатқан істеріне сәттілік тілейміз. Келе жатқан Аналардың көктем мерекесімен құттықтаймыз!