Салықтан жалтарғандар көбейді
Салық төлемеу қаншалықты дұрыс? Салдары қандай? Қазіргі таңда салық төлемей жүргендер жетерлік. Күні кеше салық төлемеген жұлдыздардың тізімі әлеуметтік желіде тарап кетті. Халық арасында шу туғызып, дүрбелеңге салды. Біреуі даттаса, біреуі жақтап жатыр. Мемлекеттің бекіткен заңына сәйкес салық төлемеу неге өршіп барады? Қыруар қаржы тауып жүрген жұлдыздардың өзі уақытылы төлемей жүрсе, қарапайым кәсіпкерлерден не сұраймыз? Қаңтар айында қосылатын құн салығына қатысты шу шығып еді, енді міне салық төлемегендердің тізімі шығып, халық оны тағы қызу талқыға салуда.
Жалпы салық дегеніміз не өзі?
Салық – мемлекеттік бюджетке заңды және жеке тұлғалардан белгілі бір мөлшерде түсетін міндетті төлемдер. Салықтар – шаруашылық жүргізуші субъектілердің, жеке тұлғалардың мемлекет пен екі арадағы мемлекеттік бюджет арқылы жүзеге асырылатын, қаржы қатынастарын сипаттайтын экономикалық санат.
Салық мемлекеттік қазынаны толтырудың бір жолы болып табылады. Одан түскен қаражат халықтың жағдайын жасауға жұмсалады. Салықтарды төлеу арқылы сіз өзіңіздің, туыстарыңыздың және жақындарыңыздың әл-ау-
қатын қамтамасыз етесіз. Мұнда көптеген нәрселер бар: бұл біз күн сайын жүретін жолдар, балаларымызға арналған балабақшалар мен мектептер; бізді емдейтін ауруханалар; халықты әлеуметтік қолдау; елдің инфрақұрылымы мен қауіпсіздігі.
Әрбір азамат белгіленген мөлшерде салық төлеуге міндетті. Кәсіпкерлер, жұлдыздар, блогерлер барлығы дерлік мемлекет алдында бір деңгейде. Жылына миллиондап табыс тауып, салық төлемеу қаншалықты дұрыс? Салық төлемеген жұлдыздар мен блогерлердің тізімі желіде есіп жүр. Оған қатысты қоғам белсенділері қызу пікір білдіруде. Бұл мәселеге қатысты түрлі пікір қалыптасты. Біреуі «өнер адамдары салық төлемеу керек» деп шырылдаса, екіншісі «заң бәріне ортақ» деп дауыс көтеруде. Тойда өнер көрсетіп, әлеуметтік желілерде жарнама жасау да табыс көзі. Тойда тегін ән шырқап жүрсең, басқа әңгіме. Тойға шығып миллиондап төлемақы алып, салықтан жалтару дұрыс емес. Өнер көрсетіп, табыс табу да бір бизнес түрі. Шудың басы көріне салысымен белгілі блогерлер мен жұлдыздар, кәсіпкерлер ақталумен әлек. «Бұл белгіленген қаражат көлемі дұрыс емес, қателік кеткен» деп пікір білдіргендер болды.
Кез келген азамат, ол кәсіпкер, блогер, жұлдыз болсын мейлі, мемлекет бекіткен заңға сәйкес салық төлеуге міндетті. Салық төлемеген жағдайға қатысты Астана қаласы Мемлекеттік кірістер департаменті былай деген «Белгіленген тәртіппен Заңмен бекітілген салықты және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу әрбір азаматтың міндеті мен борышы. Салық заңдарын бұзушыға Салық кодексінде белгіленген тәртіпке сәйкес айыппұл мен өсімпұл төлеу бойынша және де Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Салық кодексінде белгіленген тәртіппен әкімшілік жауапкершілікке тартылады».
Біз енді салық органдарының қатаң бақылауында боламыз. Салықшылар тұрақты ақша аударымдарын кіріс ретінде қарап, оларды тексеруге міндетті. Заңнан құтылудың мүмкіндігі жоқ, өйткені Қазақстанда қаржы ағындары толықтай бақылауға алынған. Ақша қозғалысын жасыру күн өткен сайын қиындық туғызуда. Кәсіпкерлер, танымал жұлдыздар, жалдамалы жұмысшылар – барлығы өз табыстарына сәйкес салық төлеп отырады. Блогерлер де осы тізімге кіреді, егер сіздің контентіңіз қаржылық пайда әкелсе, ол заңды түрде табыс ретінде есептеледі. Сондықтан, цифрландыру дәуіріне қарамастан, біз көлеңкелі экономикаға қайта оралуымыз мүмкін. Яғни, қағаз ақша қайта айналымға енуі ықтимал. Кәсіп бастап, іс жүргізген жағдайда заң аясында жұмыс істеген абзал. Салық өзге біреудің қалтасына кетпейді, мемлекет қазынасына құйылады. Заң алдында бәріміз бір деңгейдеміз!