Ауырғанда оқылатын дұға
Әр адам ауырады. Ауру, дерт – адам өмірінің бір сынағы. Дәрі-дәрмек дерттен айығуға үнемі көмек бере бермейді. Төменде Алла елшісінің (ﷺ) аурудан айығуға қатысты кеңестері берілген. Бұл дәрігерге бармау керек дегенді білдірмейді. Дәрігерге де бару керек, бірақ Пайғамбар (ﷺ) сүннетіне де назар аудару қажет:
Біріншіден тамақты шектен тыс көп ішпеу қажет. Тамақты көп ішу адамның физикалық жай-күйін нашарлатып, сол арқылы рухани дүниесіне әсер етеді. Ислам әр нәрседе орташа болуға бұйырған. Асқазанға тоқтау салып, Мұхаммед Пайғамбардың (ﷺ) сүннетін орындаңыз, яғни асқазанның бір бөлігін тамаққа, бір бөлігін суға, үшінші бөлігін ауаға қалдырыңыз. Сондай-ақ ағзаға зиянды, тыйым салынған тамақтардан аулақ болыңыз. Ауырған кездері жеміс-жидек, көкөніс пен дәнді дақылдарға ден қойыңыз.
Екіншіден өз диетаңызға бал мен қара зирені қосыңыз. Хадисте: «Қара зирені (тмин) өздеріңе міндеттеңдер, себебі онда ажалдан басқа дерттің бәрінің шипасы бар»-делінген. Көптеген эксперименттер қара зиренің иммунитетті арттыратынын және көптеген ауру түрлерін емдейтінін растады. Пайғамбарымыз (ﷺ) бал туралы: «Бал шәрбатынан артық дәрі жоқ»-деген. Ғалымдар балдың адам ағзасына жақсы әсер ететінін дәлелдеді. Ол күш беріп, иммунитетті нығайтады, аппетитті жақсартады, жүйке жүйесін жақсартып, жүрек-қан тамырлар жүйесін тұрақтандырады.
Үшіншіден, дұға жасаңыз. Барлық емнің шипасы Алладан, ал дәрі-дәрмек сол емнің себепшісі ғана. Дұғамыз арқылы Алла Тағала аурудан айықтырады. Мұхаммед Пайғамбарымыз (ﷺ) ауырып тұрған жеріне қолын қойып, үш мәрте «Бісміллә» деп айтып, келесі дұғаны жеті рет оқыған: «Әузу биллаһи уа кудратиһи мин шарри маа аджиду уа уһазиру» — «Мен сезініп және қорқып отырғанымнан Алладан және Оның күш-қуатынан қорған іздеймін». Пайғамбарымыз (ﷺ) осылай жасағанда, ауырғаны басылады екен.
Кез-келген дерт, қиындық пен қайғы, қуаныш пен бақыт адам үшін сынақ және адамды Аллаға әкелу мақсатында жасалған. Қашанда осыны ескеру қажет. Алла бәрін білуші.