Таланттар бар және солардың қасындағы көмекшілер бар. Ол заңдылық.
Сөз – ескірмейді, өлмейді деген пікір рас екен. Ащынып айтылған мәселелердің шешімі әлі де шешілер емес. Мәдени-рухани өмірге жанашырлық танытар құзырлы органдар өнер адамдарының жанайқай зарына құлақ асса, руханият саласының жағдайы, кім білсін, жақсарар ма еді. Біраз уақыт бұрын белгілі театртанушы, өнертану ғылымының кандидаты Еркін Жуасбек Қазақстандағы театр өнері, еліміздегі театрлардың бүгінгі хал-ахуалы жайында тартымды сұхбат берген екен. Сол сұхбатқа арқау болған ойлар әлі де болса өзінің маңыздылығы мен құндылығын жоймапты. Біз де қайыра оқып көрейік. Ойланайық. Театрға барып тұрайық…
Еркін Жуасбек: өнер адамдарын, сахнагерлерді насихаттауда кенде қалып жүргеніміз рас
Еркін аға, қайырлы күн! Мінекей, Астана күні мерекесіне орай арнайы ұйымдастырылып жатқан III Халықаралық «Сахнадан сәлем!» театрлар фестивалі де өз мәресіне жетті. Бір апта бойы көрермен назарына ұсынылған аталмыш шарада сарапшылар құрамында болып, әр қойылымға кәсіби маман ретінде пікіріңізді білдіріп, толыққанды сараптама жасадыңыз. Осыған орай, фестиваль жөнінде оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін толығырақ тоқталып өтсеңіз.
- Жалпы, менің білуім бойынша ең алғаш рет фестиваль ретінде фестиваль институтын 1992 жылы Ғабит Мүсіреповтың үлкен мерейтойына арналған Алматыдағы Ғабит Мүсірепов театрында, Әуезов театрында жалпы бүкіл республикалық театрлардың мықты деген спектакльдерін шақырып, осы фестиваль ашылған болатын. Негізінен сол Ғабит Мүсірепеовтың шығармалары арқау болды, сондай-ақ одан басқа да жақсы спектакльдер келді. Сол кездегі Жанат Хаджиевтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» деген қойылымы сол фестивальдің бір жеңісі сияқты, жаңа бір формамен, өте бір күшті режиссердің өмірге келгенін жариялады. Міне, содан бастап фестиваль кейіннен Жезқазған қаласында үш мәрте қатарынан өтіп, Қазақстандағы театрлардың ауқымының көбеюіне байланысты, театрлардың шығармашылық келбетін анықтау үшін қажеттілік ретінде осы фестиваль біздің театр кеңістігіне сіңісіп кетті. Одан кейін өзімізге белгілі солтүстік өңірлерімізде бірнеше театрлар ашылды, жалпы қазақ театрлары көбірек кездесіп тәжірибе алмасуына байланысты аймақтық фестивальдер өмірге келді, содан кейін еркін театрлардың, жеке театрлардың ашылуына байланысты біраз фестивальдер өмірге келді. Әлемдегі бұл үлкен үрдіс мысалға сол кезеңнен бастап Мәскеуде өтетін Чехов фестивалі, Мысырдың астанасында өтетін экспериментальді театрлардың фестивалі секілді үлкен-үлкен шараларға біздің Қазақстанның театрлары қатысуға ұмтылатын, қатысып та жүрген фестивальдік қозғалыс пайда болды. Міне, соның бірден-бір қажеттілігі егемен еліміздің астанасы Астана қаласында өткізілсе деген ой болған. Және соңғы жылдары Астана болғалы бұл жерде де үлкен театр кеңістігі пайда болды. Мысалға, Қалибек Қуанышбаев театры, бес-алты жыл бұрын өмірге келген Жастар театры, т.б. театр құбылыстары болып жатыр. Мынау Астана Операның салынуы Астанада да белгілі бір театр қауымдастығының, театр өнерінің шоғырлануына және дамуына үлкен септігін тигізгесін осы жерде де фестиваль ашылса деген ой жүрді. Мен сол кезде Астанада қызмет атқарып жүрген кезде осындай ұсыныспен қала басшылығына шыққан болатынбыз. Алғаш рет фестиваль болмай тұрғанда екі жылдай қала күніне арнайы республикалық театрларды шақырып, қойылымдарын көрсетіп жүрді. Міне, биыл үшінші рет арнайы фестиваль болып өткізіліп жатыр. Біз бұл жерде республикадағы болып жатқан фестивальдерден ерекшелігі болса екен дедік. Шын мәнінде біз кей кездері фестивальді бір конкурс сияқты, жүлдеге, таласқа-тартысқа да байлап қойып жүрген кездеріміз де болды. Осыдан ерекше болсын деген ниетпен бұл өнер мерекесі болса екен, өнер тәжірибесі, өнер алмасу болса екен, театрлар бірін-бірі көрсе екен осыдан бастап шығармашылық оқып үйрену ұмтылыстар пайда болады деген ниетпен осы фестивальді жасаған болатынбыз. Мінекей, биыл біз соның тағы да бір рет нәтижесін көріп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер бұл фестивальге он бір спектакль қатысты. Фестивальдің жеңісі ол жақсы спектакль. Әрине, фестивальді ұйымдастыру жағынан, фестивальді өткізу жағынан түрлі формалар қолдануға болады. Ол бір аста-төк той да болуы мүмкін. Ал бірақ оның барлығы фестивальдің екінші жағында қалады да, алға осы фестивальде қандай спектакль көрсетілді деген әңгіме келеді. Осы тұрғыдан биыл фестивальге Мәскеудің губерния театрынан Сергей Безруковтың «Сирано да Бержарак» спектаклінің қатысуы бұл жалпы қазақ театр қауымдастығы үшін үлкен сый болды деп есептеуге болады. Шынына келсек, елдің барлығы түгелдей Мәскеуге барып сол спектакльді көре беруге мүмкіндігі келе бермейді. Ал фестивальге қатысқан он бір театрдың актерлері, режиссерлері, т.б. ұйымдастырушы, шығармашылық тобының ол қойылымды көруі үлкен табыс деп есептеймін. Ол, әрине біреуге ұнауы, біреуге ұнамауы мүмкін. Бұны олжа деп есептеу керек. Сол сияқты фестивальдің қонағы ретінде кешегі Грузияның Грибоедев атындағы орыс драма театры келіп қойған «Холстомер» қойылымы да фестивальдің келбетін, фестивальдің шығармашылық жетістігі ретінде тануға болатын үлкен шара болды. Әрине, біз ылғи шақырылған театрларды ғана керемет екен, өзімізде жоқ екен деген психологиядан шығуымыз керек. Ондай ойдан арылуымыз керек. Бұл жолғы фестивальде біздің маңдайымызға біткен қазақтың қара шаңырағының сахнасы Әуезов театрының «Қорқыттың көрі» қойылымын әкеліп көрсетуі, ондағы еуропалық деңгейдегі режиссердің қойылымы біздің қазақтың керемет актері Дулыға Ақмолданың Қорқыттың бейнесін жасауы, жалпы спектакль табиғатының бөлекше болуы, сахна мәдениетінің, сахна тәсілінің, сахна тілінің, қимыл-қозғалысының басқаша айтқанда астарлы да ойлы, философиялық деңгейге шыққан әдемі спектакльді әріптестерінің көруін фестивальдің тағы бір үлкен олжасы деп айтуға негіз бар. Сондықтан Астана фестивалін арттыра берудің жолы көп. Бүгінгі үшінші фестиваль де өз деңгейінде жақсы өтті.
- Ұйымдастырылу деңгейі қалай?
- Құдайға шүкір әр театрдың келісімімен өздері таңдаған сахналар берілді, осында келген қонақ театрлардың барлығы елордалық үш театрдың сахнасында еш кедергісіз қойылымдарын қөрсетуге мүмкіндіктерін алды. Мұның барлығы фестивальдің ұйымдастырылуының жоғары деңгейі деп батыл айтуға болады.
- Менің мына жағдайға көңіл аударғым келіп отырғаны. Фестивальді Сергей Безруковтың театры қонақ ретінде шақыртылып, фестиваль шымылдығын түрді. Алайда, республикамыздың әр түпкірінен келген өнер ошақтарының қатарына Тбилиси қаласынан келген жалғыз А. Грибоедев театрын қосып, оны «Халықаралық» деген атаумен жаңғыртып, ауыз толтырып айтуға негіз бар ма?
- Жалпы, өз басым «Халықаралық» деген үғым осындай болу керек деген критерийді білмеймін. Бұл фестивальді «Халықаралық» деп атасаңыз да, «Республикалық» деп атасаңыз да фестиваль. Өйткені, бұл ең алдымен өнер фестивалі. Сөз жоқ бір айта кететін жағдай үстіде айтып кеткендей мына біз фестивалді жарысқа айналдыру арқылы тартысқа айналдырып жіберіп жатқан жағдайымыз бар. Түкке тұрғысыз жүлделер үшін біреуді көтермелеп, екінші біреуді кемсіту пайда болады. Бұл фестивальдің басты мақсаты емес. Бұл футболдан немесе бокстан болып жатқан чемпионат емес. Бұл жерде ешкім жаға жыртысып, күшін көрсетіп жатқан жағдай жоқ. Бұл жерде шығармашылық мереке. Театр жарысқа салуға келмейтін өнер ошағы. Әр театрдың өзіндік мүддесі бар. Біреу жас театр болса, біреуінің тарихы қалыптасып, өзінің заңдылықтары бар орныққан театрлар. Бұларды қалай бір-бірімен жарыстыруға болады. Сондықтан ең алдымен жарыс деген дүниеден бас тартуы осы фестивальдің ерекшелігі деп ойлаймын. Мәселен, Грузияның театрын әкеліп алып: «Кешіріңдер, сендер төртінші орын алдыңдар. Енді осымен қайтыңдар немесе бір актерің жақсы екен, қалған актерлерің бәйгеге ілінбей қалды» деп жатудың өзі кейде адам түсінбейтін жағдайларға әкеледі. Сол себепті осы фестивальді әріптестік жанкүйерліктің болғанын қатты байқадым. Әрбір театрдың актері өзінің әріптесін сахнадан көріп отырып, оның жұмысына тәнті болуы немесе оның жұмысына «әттеген» деп айтуының өзі мектеп. Ешкім өзінің сыртынан қарай алмайды. Актер істеп жатқан жұмысына жанын салғаннан кейін екі-үш ай оны көтеріп толғатып, өз бейнесін тудырғаннан кейін белгілі бір режиссерлық заңдылықтардың талабына сай келгеннен кейін өзінің жұмысын жаман деп ойлауы мүмкін емес. Және де спетакль деген дүниеге жаман немесе жақсы деп баға беруі де соншалықты қажетті жағдай емес. Шығармашылық бұл көрерменмен екі ортадағы байланысты таба алды ма, қай жағынан таба алды, ой сала алды ма, қандай ой салды, толғандыра алды ма деген мәселелерге жауап бере алса спектакльдің деңгейі белгілі болады. Мысалға мынандай жағдай бар. Біз спектакльді спектакль үшін қоямыз ба, жоқ әлде көрермен үшін қоямыз ба? Осы тұрғыда әлі көп таласамыз. Мәселен, бәз біреулер сахнаға қойылған формаларды, режиссердің ерекше бір шешімдерін көріп, «ой, мынау мықты екен» деп жатса, кейбір көрермен оны түсінбей жатады. Біреу театрға бірінші рет келеді, екінші рет келіп отырғаны болады. Кезінде Күлаш апамыз Қыз Жібек болып шыққанда отырған халықтың етегі жасқа толатын, Төлеген өлген кезде қасірет шегіп кететін деп жатамыз. Мұны бүгінде кейбіреулердің иығынан қарап айтатындай жағдайлар бар. Ал шын мәнінде ол өнердің катарсисі. Қазіргі таңда отырған адамға әсер ету көптеген театрлардың қолынан келмей жатады. Сахнада болып жатқан дүниеге сырттан қарап отырғандай әсер беретін көрермендерді білеміз. Ал кейбір спектакльдер сенің кім екеніңді ұмыттырып, актермен бірге қасірет шеккізетін болса түптің түбінде театр деген ұғымның қажеттілігі сонда болады ау деп ойлаймын. Мысалға қазір тәжірибе эксперимент деп жүрміз. Қазіргі жаңа формаларды кәсібилік көзқараспен міне табыс дейміз де, көрерменмен екі ортада ажырасып қалғанды байқамай қаламыз. Бұл көрерменге түсініксіз болып қалса, театр үшін ғана форма болып қала бермек. Егер көрермен ұсынылған форманы оқи алып, одан түсінік тауып содан толықтандырып спектакльді түсінуіне әсер беріп жатса, жан дүниесінен өткізе алса міне форманың қажеттілігі сонда туады. Сондықтан біз кешегі өткенімізге шылғи өктемдікпен қарауымыз қажет емес. Оның ішінде де мықтылық болған. Қазір кейбір спектакльдерге мелодрама деп биіктіктен қарап жүретін болсақ кешегі фестивальдің қатысушысы Ақтөбе театры көптен бері бәйгеге не болмаса атаққа, жақсы сөзге іліне алмай жүрген бір Нұрқанат Жақыпбайдың арқасында режиссер барды қандай спектакль әкелді.
- Сарапшы ретінде осы фестивальге келіп жатқан театрлардың деңгейі, дайындығы қалай болды?
- Мен қазір дұрыс айтуым мүмкін, дұрыс айтпауым да мүмкін. өз басым фестивальге арнайы дайындалып келдік деген театрларды қабылдай алмаймын. Бұл ескі көйлегін тығып қойып, жаңа бір көйлегін киіп келген қонақ сияқты болып сезіледі. Шын мәнінде фестивальде осы театрдың қалай өмір сүріп жатқанынан хабардар болуымыз керек. Ол бір спектакльдің өзімен-ақ, актердің шеберлігімен-ақ, режиссердің бағыт-бағдарымен ақ білуге болады. Осыған орай, көптеген театрларымыз фестивальмен ғана өмір сүретіндей болып қана көрінеді. Алдыңғы жаман қасиеттерді ұмытыңдар, біз фестивальге бара жатырмыз деп. Ал кей театр ұжымдары ұялатын түгіміз жоқ біз осылай өмір сүріп жатырмыз деп күнделікті ойнап жүрген қойылымдарын әкеледі. Сондықтан біз оған қатты шүйлікпеуіміз керек. Ең бастысы сол театрларда театр деген талапқа сай шығармашылық ізденіс бар ма жоқ па екенін көрсек соған біз мәз боламыз. Мінекей, осы тұрғыдан келгенде біраз театрлар көптен бері ауызға ілініп жүрмеген жас театрлар өздерінің деңгейін көрсетті. Сол Ақтөбе театры, сол Талдықорған театры… Кешегі сараптама жасаған әріптестерімнің барлық сөздеріне қосыла беруге немесе олар не айтса соны қайталауға мүдделі адам емеспін. Өз басыма ұнаған спектакльдер болды. Және оларға түсінгенімді, сараптауымды түсінікті тілмен жеткіздім. Сондықтан Ақтөбенің әкелген спектаклі Нұрқанаттың сол алпысыншы жылдардағы әдемі бір таза кеңістікте пайда болған әдебиетті, сол кезеңдегі рухани алға өрлеушілікті, одан кейін мынау жетпісінші жылға ұласқан тамаша шығармалардың, тамаша авторлардың қайтадан өмірге жаңғырып, дауыс бергеніндей әсер қалдырды. Жақыпбаев – бүгінгі Қазақстандағы ерекше режиссерлердің біреуі. Бұл өзінің тәсілін, өзінің стилін өз шама шарқы жеткенше өзінің ұжымы арқылы да және қай жерге спектакль қойса сол бағытты, әсіресе, мынау қазақтың рухани кеңдігін сөзсіз-ақ түсіндіретін астармен, үнмен, әуезбен түсіндіретін шеберлігін тағы да бір паш етіп осындай спектакль әкелді. Біз, әрине көбіне мақтай бермейміз. Өйткені, мақтасақ даңдайсып кетеміз деген пікіріміз ортада жүреді. Бірақ, сол мақтауға деңгейі жетіп тұрса, неге мақтамасқа?! Анау режиссер жоқ, мынау актер жоқ деп жатқан кезде біз сол Нұрқанатты, сол Дулыға Ақмолданы айтсақ біреу бізден тартып ала ма? әлде біз жоқ дей берген кезде басқа біреу бізге әкеліп бере ме? Шын мәнінде бәрі бар. Біз керісінше осындай фестивальдер арқылы, мойындаулар арқылы, солардың жұмысын сараптаулар арқылы соны үлгі етіп көрсетуіміз керек. Сонда ғана қазақтың рухани кеңістігінде театр өнерінің бар екенін және ол заңды екенін көріп білсек ол біз үшін жаман болмайды.
- Безруковтың деңгейіндегі актерларымыз бар ғой.
- Құдайға шүкір бар. Алайда біз театрларды, әсіресе мынау өнер адамдарын, сахнагерлерді насихаттауда кенде қалып жүргеніміз рас. Сол Безруковтың да екі аяғы, екі қолы бар актер екенін, бірақ оның насихатталуы, актерлық диапазонының зор екенін мойындауымыз керек. Мықты деген орыс киносы, мықты деген орыс спектакльдерінің Безруковсыз өтпейтінін жақсы білеміз. Айналдырған бес-алты жаңағы Хабенскийі, Безруковы бар, т.б. осы бір әдемі топ қазіргі орыстың сахна өнері мен кино өнерін алға сүйреп жүргені айдай анық. Және орыстар оны өздерінің ұлттық мақтанышы ретінде көтермелеуден де кенде емес, оларға алғыс жаудыру да аз емес, оларға сол өнерлерін дамытуға мүмкіндік жасаудан да бізден әлдеқайда алда. Мысалға бір ғана Бекжан Тұрыс, бір ғана Дулыға Ақмолда не болмаса кешегі Жастар театрындағы көрген Жандәулет, оның алдындағы Әділ, Дәурен не болмаса Қуанышбаев театрындағы Сырым Қашқабаев, Қуандық Қыстықбаевтар нағыз актерлер. Шын мәнінде бүгін біз оларды пайдалана отырып, оларға жағдай жасап, олардың дер кезінде өздерінің шеберлігін шыңдайтын кезегінде біздің қолымыз қысқалау болып тұрғаны анық. Олар қазір дер кезінде киноға да түсіп жатқан жоқ, дер кезінде оларға арналып көптеген спектакльдер де қойылып жатқан жоқ. Еш ұялмастан бұлар біздің қазіргі қазақ сахнасындағы мақтаныштарымыз деп айтуға болады. Олар өздерінің еңбектерімен, шығармашылық жетістіктерімен соны дәлелдеді. Олар біреудің алдына барып мені мақтаңдар деп айта алмайды. Ал жұмыс істеуге келген кезде бұлар қай бейнені де, қай образды да жаныңа қуат беретіндей, рухыңды оятатындай деңгейде жеткізетін актерлар.
- Дұрыс айтасыз. Алайда, актерлер қауымы режиссер мырзаларға тәуелді. Олардың шығармашылық тұрғыдан өсуіне тікелей септігін тигізетін осы жандар.
- Иә, түсінікті. Біздің қазақ театры біз ойлағандай талапқа жауап бермейді, осындай кемшілік тұстары бар дейтін болсақ бұл кешенді кемшілік. Мысалға, драматургия, режиссура, актерлық өнер оған сай театрлық ғимарат, техникалық мүмкіндік, технологиялық жаңалықтар барлығы айналып келгенде сақадай сай болмағандықтан біздің осындай кемшілік тұстар алдыға шығып кетеді де, біз соны жалаулатып анау жоқ, мынау жоққа ұластырып жібереміз. Егер де соның бәрі бар болып тұрып, міне біз мұны жасадық қой, бізде технология деген мықты болып тұр ғой сахналарымыз осыған сай болып тұр, драматургиямыз төгіліп жатыр, режиссерлер бірінен соң бірі кезекте тұр, алайда актер жоқ десек болар еді. Бірақ. Бізде жағдай олай емес қой. Әрине, режиссура жоқ деп айтсам ол көздің соқыр болуы. Бір ғана Нұрқанаттың өзі не тұрады. Мысалға, Әлімбек Оразбеков қандай спектакльдер қояды… Басқаны қойған кезде мынау алдыңғы ағаларымыздан қалған, әдемі режиссерлік үлгісі жалғасып жүргенін, қазіргі жаңа режиссураның келіп жатқанын байқамасақ ұят қой. Жарайды, бір қойылымнда озсын, бір қойылымында кемшілік жіберсін. Сол жаңағы Гүлсиналар, мынау Асхат Маемировтер біздің тақиямызға тар келмейді. Бізге сол өзіміздің шыдамсыздығымыз ба, біздің ерекше қасиетіміз бе бүгін бір сәтте жарқыратып бере қой деген талап қоямыз. Олай болмайды ғой. Ол Ресейдің өзінде де жоқ.
- Араға жылдар салып келіп отырады дейсіз ғой…
- Әрине, бір спетакльден бір спектакльге өсу арқылы ғана келеді. Міне, сұрақ. Бізде осындай ізденетін сондай режиссерлер бар ма? Бір спекаткльден бір спектакльге жоғарылай алды ма?! Осы біздегі мәселе. Ал, біз бір қойылымн көреміз де мынадан түк шықпайды деп теріс айналып кете береміз. Бізде былайша айтқанда эстетикалық бағалау критерийлері аздау. Талап қоюдың өзі соған сай ма деген үлкен сұрақ тұр. Сондықтан мен әрине бәрі керемт деуден аулақпын. Жоқ деуге де тайсалмаймын. Әйтпесе, сол кешегі Вайткустың Әуезов театрына келіп, «Қорқыттың көрін» қойған кезде басы-қасында болдым. Олай қазақ актерлеріне қалай риза болғанын көрсеңіз. Дулығаға, Азаматқа, сол жерде қатысқан Бекжанға, ертелі кеш қасынан шықпай жүрген жастарға. Бұл театрдың әлеуеті ғой. Біз драматургия жоқ деп жүрген кезде сол Вайткус басқаны емес Иран Ғайыпты қойды ғой. Шекспирді не болмаса Мольерді қойған жоқ. Тура сол сияқты қазақтың шығармашылығында осындай режиссерлер таба алсақ, оған арқау болатын шығармалар бар. Жазылған да олар. Тек оны іздеу керек. Біздің режиссерлеріміз шаршамау керек. Менің кешенді деп отырғаным мынау. Біреуге жауапкершіліктің барлығын артып тастап, осы болмай жатыр, әйтпесе барлығы мықты еді дегеннен аулақ болу керекпіз. Бұл жауапкершілігі мол дайындықты талап етеді. Біз спектакльді алсақ, екі айда қойып шығуымыз керек деп ойлаймыз. Жалпы, бұл толғағы толып, қайнауы келген кезде өмірге шығу керек шығармашылық туынды ғой. Осы жағынан келген кезде мысалға сол «Қорқыттың көрі» де үш айдан артық қойылған жоқ. Ал бірақ ол режиссердің ішінде, басында, миында, жүрегінде үш жылдан артық жүрген шығарма. Үш жыл бұрын аударма жасатып, Қорқыт деген кім, ол сахнаға шыққанда кім болады, ол не айтады деген дүниелердің барлығын режиссер қайнатып келіп, сахнаға қойды. Және оған әріптестері, актерлері дайын болды. Сондықтан театр деген қудалай берген кезде, қуалай берген кезде құмалақ тастайтын дүние емес. Театр және спектакль ол ерекше дүние. Егер шынымен жақсы болсын десек оған жағдай жасап, талап қоюға болады.
- Көптеген театр ошақтарында тапсырыспен жоспарланған қойылымдар тізімде тұрады. Өкінішке орай, оны пісірмеген, шығармашылық топтың жан тезінен өтпеген, шикі күйінде уақыттың тапшылығы тарлық етті деп көрерменге ұсынып жатады. Қазір көрерменнің көзі ашық. Оларға сіздің сылтауыңызды қажет етпейді. Шынайы өнерді қалайды. Мұндай олқылықтар фестиваль барысында да кездесті. Бұған не дейсіз?
- Әлбетте… Бұл фестиваль біздің ішкі шығармашылық алмасуымыз болып табылады. Біз бүгін ескертпе айтқан дүниелер ертең пісе келе, жақсы дүние болып шығуынан ешкім түңіліп отрыған жоқ. Басқаны қойғанда қазіргі таңдағы жас тұлпардай жалындап тұрған Астананың Жастар театрын алайық. Былтырғы жылы Ақтауда үлкен Орта Азия театрларының фестивалі болып, сол жерде бұл театр «Ревизор» атты қойылымын ұсынды. Шет елден келген сарапшылар былайша айтқан кезде ол спекактльге таңдайын қақты. Ревизорды былай қою және оған осыншама көкейкесті дүниелерді көтерткізу сонымен осындай актерік шеберлікке жету, режиссерлік тапқырлыққа барғандарын мойындады. Өте тамаша. Біз қуандық, мақтандық. Енді кеше келіп, сол театрдың «Ақымақ болған басым-ай» қойылымын көрдік. Фестивальде жаңа ғимараттарында осы спектакльдің бірінші рет премьерасы болды. Қойылым жаман емес. Бірақ, әлі бабында қайнап піспеген. Біз барлығын алдын-ала ұсыныс ретінде көріп отырмыз. Осындай дүние болатынын түсініп отырмыз. Ол ертең солай болуы да ғажап емес. Бірақ, өте асығыс. Актер өз рөліне сіңісіп кету үшін ол тек қана алдындағы мәтінді жаттап қана қоймау керек қой, ол өзінің ішінен шыққан сөзіндей деңгейге көтерілу керек. Ол үшін үлкен машық керек. Ол үшін сахнада үлкен дайындық керек. Еш спектакльге бірінші көре салып, баға бермеген. Бізге дейін де, бізден кейін де олай баға беруге болмайды. Тіпті, театр мамандарының арасында үшінші қойылымға, бесінші қойылымға баруым керек деген үрдіс бар. Сол кезде актердің өз бейнесінің қожасы болады деген түсінік бар. Бұл өте дұрыс. Мысалға, жаңағы Жандәулет деген актер бес-алты жылдың ішінде сахнагерлердің арасында сүйкімі қалыптасқан, комедиялық рөлдердің нағыз шебері, сол үлкен «Ревизор» спектакліндегі кішкентай рөлімен-ақ басқаларды басып жіберсем, басқалардан секіріп озып кетсем деп айтатындай актерлік дарындылығы бар адам. Енді кеше басты рөлде ойнап жүр. Бірақ, әлі де болса өзінің интонациясын таппаған. Әлі де болса, өзінің бүкіл спетакльдегі негізгі астын сызып қарау керек тұстарын әлі де болса белгілемеген. Тек кейіпкердің кейпі бар да, негізгі тұстары әлі қалыптаспаған кейпінде көрінді. Алайда, ол үшін оған өкпелемеу керек. Жастар театрының деңгейі осымен түсіп кетіпті деп айта алмаймыз. Бірақ, асығыс шығарудың қажеті жоқ еді. Көпшілік көріп отырғаннан кейін кез келген дүниенің бабында болған кезінде ғана көрсеткен жақсы ғой. Шығармашылық орта, шығармашылық әріптестер көріп отырған кезде міне, бабына келген спектакль деп көрсеткен жақсы емес пе?! Жалпы, спектакльдің идеясында атаққұмарлық пен ақшақұмарлықтың арасында тартыс, Мольердің қарапайым комедиясы. Бірақ, бұдан қаншама мәселе шығауға болатын еді. Атаққұмарланып байдың қызын алсам, бастықтың қызын алсам, сол арқылы өмір сүрсем, жақсылық көрсем деп жататын адамның қу пендешілігін сахнаға алып шығатын дүние ғой. Осыны көрсеткісі келген ұжымның әзірлігінің жетіспей қалғандығын айттық, оны ортаға да салдық. Фестиваль барысында осындай асығыстықпен қойылған бірнеше спектакльдер бар екендігін айттық. Олардың ешқайсысы жоқ, олай емес деп боғын пышақтап жатқан ешкім жоқ. Бәрі, әйтеуір келісіп жатқан сияқты. Бірақ, мәселе онда емес. Мәселе сол ізденістің, талпыныстың барлығында. Мынау биылғы жылы ұран тасталып, көтеріліп отырған біздің тарихымызға деген көзқарас бұл театрларға үлкен жүк болды. Театр құжат орыны емес, архив емес, театр үшін негізгі нәрсе көркемдік деңгей және көркемдік биіктік дейтін болсақ та, тарихи шығармаларды одан ешкім алып тастаған жоқ. Қаншама дерекнамаға сүйеніп тұрған болса да, қанша бізге дейін белгісіз дүниені сахна арқылы ашып тұрған болса да, ешкім олардан көркемдік деңгейді талап етпей қоймайды. Шын мәнінде Шоқан сол кезде туған екен немесе өлген екенін білгенімізбен бұл дарам театры, бұл ерекше тартыс театры. Бұл екі сағаттың ішінде көрсететін көркемдік дүние болғандықтан оның ішінде бәрі болу керек. Ал сол бәрі болу керектің ішінде режиссерлік өлшемі мен негізгісі қосалқысы анықталған, айтқысы келген анық дүиені көргізу керек деген талапты ешкім әлі жоққа шығарған жоқ. Міне, осы жағынан ауыртпалық бар. Мысалға, Түркістан театрындағы хандар тарихы. Сол бір дешті Қыпшақтың бөлініп, бірнеше мемлекет болып кеткен кездегі хандардың тартысы олардың тарихы, ешкім оны сахнаға келген кезде соны білу керек үшін ғана көрмейміз ғой. Оны көркем дүние ретінде көруіміз керек.
- Тарих беттерінен білеміз дейсіз ғой.
- Тарихтан ақпаратын білеміз. Ал біз үшін ең қызығы соның ішкі тартысы, сол хандардың қиын қыспақтан қалай шыққанын драмалық күйге түскен сахналарды көргіміз келеді. Сондықтан бұл көп ізденуді талап ететін ауыр дүние.
- Фестиваль несімен ұтып кел жатыр, несімен ұтылып келе жатыр?
- Мен фестиваль болсын болмасын Қазақстандағы театрлардың барлығынан жақсы спектакльдер күтемін. Соны көргім келеді. Соның тілеушісімін. Соның жоқтаушысымын. Мен үшін ол фестивальде көрсетілсе де, әшейін көрсетілсе де үлкен олжа. Әрине, фестиваль шын мәнінде әр театрдың ізденісін ортаға салатын, байлықты, рухты, бүгінгі жетістікті бір мезетте көріп қалу мүмкіндігі, көп болса екен фестиваль. Ал енді астана фествиалі осы қалпынан таймаса, ертең бұған әлемнің мықты-мықты екі театры келіп, осы жерде бізбен сахна араласып, біз шіркін-ай деп, көп нәрсені мойындамай жүрген кезде керемет спектакльдер көрсек, содан кейін тәубәмізге келетін және де осылай да істеуге болады алға ұмтылатын мүмкіндіктер алсақ, соған мойынсұнсақ, жеттік екен деп ой біз керемет екенбіз демей өнер атты қасиетті салада жүргеннен кейін соған зор талпынатын мүмкіндік алсақ фестивальдің жеңісі сол болады деп ойлаймын.
- Қазіргі республикалық, облыстық театрлардың деңгейі қандай?
- Қолымызды жүрегімізге қойып айтар болсақ, біз керметпіз деп айтатындай күй жоқ. Бізде тоқмейілситіндей мынандай-мынандай деп керемет бес спектакльді санап бер десе соған жеткізе алмайтын жағдайымыз бар. Бұл, әрине басқамен салыстыра қарағанда бізді ұятқа да қалдыратын жағдай. Мен мынау арыға бармай-ақ, көршілес қырғыздардың, өзбек ағайындардың жағдайын білемін. Олармен салыстырғанда біздің театрлардың күйі құдайға шүкіршілік айтатын күйде. Әрине, актердің жалақысы аз дейміз, әрине драматургияға гонорар төленбейді дейміз. Әрине, режиссердің еңбегін көрсететін үлкен процесс жоқ деп айтамыз. Әрине, режиссерлерімізді шет елде оқытпадық дейміз. Мен мұның барлығына жоқ деп айта алмаймын. Шын мәнінде, бізде әлі жетіспеушілік жетерлік. Біздің негізгі мақсатымыз осыған жетуге ұмтылу аз. Мысалға, қазіргі жас өнерпаздардың арасында сөз көп. Сөзбен сарай салып тастаған. Мен Әуезов театрында істеп жүргенде қырыққа дейінгі жастардың арасында бәйге жарыияладым. Қане, режиссерлер келіңдерші, өздеріңнің қойғыларың келіп армандап жүрген дүниелеріңді әкеліңдерші, осының ішінде ұтқаныңа Әуезов тетарында спектакль қойғызайын деп. Адам таппадым соған қатысатын. Бір үш-төрт адам болмаса. Әттең-ай, бізге мүмкіндік берсе біз жер қопаорып тастайтын едік деп, кәдімгі мықтымын деп жүргендердің ешқайсысы келген жоқ. Әрине, драматургтер қатысты. Отызға жуық дүние болса, ішінен үш-төртеуінің дәмін татырлық деп сараптап алдық. Бұл да көп емес. Бізде әсіресе жазса тек қасіретке құрылған көбіне осы көкейкесті дүниені соның жасы арқылы ғана, көтеріп отырған тақырыбы арқылы ғана жазады. Ал шын мәнінде түрлі формадағы драматургияны жазатын жастар әлі тәрбиеленіп жатқан жоқ. Мысалға, қай театрдың репертуарын алыңыз комедия жанры ары кетсе он ақ пайыз. Ал, көрермен тек қасірет шегу үшін соны көру үшін ғана келгісі келе бермейді. Сондықтан бізде таңдау мүмкіндігі аз. Оны ізденіп, соның артына түсіп, осымен шұғылданайыншы деп жатқан адам аз. Көбісі театрдың жарқылын ғана жақсы көреді. Театрдың қол шапалақтаған қошеметіне нәтижесіне ғана тап болсам дейді. Ал оның қиындығын, оның шығармашылық түйінін, жұмбағын шешіп, соның соңына түсушілік аз. Әсірес, жастар жағы. Мен үлкен буынға риза адаммын. Қазақ сахнасын кешегі кеңестік кезеңде жоғары деңгейде ұстап жүрген Әзірбайжан Мәмбетовтер, Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаевтар, одан кейінгі елдің егемендік алып, алмағайып кезеңге түскен кездегі театрды ұстап қалған режиссер ағаларымыз Жақып Омарұлы, Қадыр Жетпісбаев қазіргі үлкен ағаларымыз қандай кезеңдерде спектакль қойды. Сахнаға киіндіріп шығаратын актерлерді жасырып, Қозы мен Баянның киімі осындай болған деп айтуға мәжбүр болған кезеңдерді де өткерді. Театрды сақтап қалды. Ал енді қазір театрлар үшін кермет заман деп қатты айтпайын, шүкіршілік заманда осының бір тізгінін ұстап, бір-бірімен жарысып жатқан үлкен буынның жоқтығы қарныңды аштырады. Драматургтерімізді саусақпен санап алуымызға болады, режиссерлерімізді саусақпен санап алуымызға болады, жақсы актерлерімізді саусақпен санап алуымызға болады. Қай театрды қарасаңыз да, әйтеуір бір бес-алты мықты актердің төңірегінде біз де актерміз ғой деп көпшілік сахнасында жүрген әріптестеріміздің де бар екенін мойындауымыз керек. Ал мен мұндай жағдайды көріп тұрып, неге қазақ театры керемет деп айта аламын. Бізде әлі де мәселелер жеткілікті. Оны өзіміз білеміз де. Қалың көрерменге бізде осындай мәселе бар деп үркітудің де қажеті жоқ. Бұл біздің мәселеміз. Біз оны өзіміз шешуіміз керек. Жеке болып шешсең де сенің мәселең, ұйымдасып шешсең де сеің мәселең… Ол үшін анау керек. Мынау керек дегенді көп айтамыз. Мәдениет министрлігі былай болса, күшті болар еді деген секілді. Мәселенің барлығы оларда емес. Мәселе әрбір өнер адамының өзінде. Ішкі жауапкершілігінде және шаршамай жұмыс істеуінде. Осы жағы біздің кемшілік тұсымыз.
- Қазір жас буынның көбі театрға өнер деп емес, күнделікті жұмыс ретінде қарайтын секілді.
- Бұл қай заманда да болған. Бірақ, театрдың, өнердің, көркемдік дүниенің деңгейі олармен бағаланбайды. Бір театрда бір Дулығаның өзі сол театрды театр қылады. Құдайға шүкір, бір театрда бір Дулыға емес, бірнешеуі бар. Солардың төңірегінде қалғандарының жүруі де заңдылық шығар. Ол тек бүгін қалыптасқан жоқ. Сондықтан біз өзіміздің назарымызды, талабымызды, қажеттілігімізді өнерде жүрген қарагөздерге емес, өнердегі жүрген өрлерге, оттарға, жалындарға слуымыз керек. Солармен өнер өлшенеді. Тек таланттардың төңірегінде ғана театр деген ұғым қалыптасатынын ұмытпауымыз шарт. Тіпті, театрдың ішкі әлемін білмейтін көрерменнің өзі шіркін Қуандық қандай, әй шіркін Сырым қандай, Нұркен қандай, Жандәулет, Дәурен қандай деп соларға келеді. Сондықтан ол Ыдырыс Ноғайбаев сахнада жүрген кезде де соның көлеңкесінде жиырма-отыз актер жүрген. Біздің қазіргі жағдай да сондай. Таланттар бар және солардың қасындағы көмекшілер бар. Ол заңдылық.
- Рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ