Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» бағдарламасы қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда Түркістан облысында бағдарлама аясында жоспарланған 7263 тазалық іс-шарасының алғашқылары басталды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.


Жиналыста облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен көктемгі ағаш егу және көгалдандыру жұмыстары бойынша баяндады. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы тұрақты қадағалауда, сондай-ақ, арнайы техника алу жұмыстарыда бақылауда.

Қазіргі таңда «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 1 527 өтінім түскен. Оның ішінде, 1 505 өтінім орындалған, 22 өтінім орындалу барысында. Сондай-ақ биыл қоғамдық орындарда санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 4487 хаттама толтырылған. Мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару мәселесі бойынша барлық аудан, қала әкімдіктері жарғыларына толықтай өзгерістер енгізді. Ендігі кезекте, 262 елді мекенде қатты тұрмыстық қалдықтарын жинау бойынша және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті іс-шаралар ұйымдастырылады.

Түркістан облысында көктемгі ағаш егу, көгалдандыру және тазалау іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Аталған шараға 17 аудан мен қалалардан жалпы алғанда, 129 672 тұрғын белсенділік танытып, өз қалалары мен ауылдарын тазартуға үлес қосты. Қала мен ауыл көшелерін тазалауға 739 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 201 375 көшет отырғызылып, 2 709 тонна қоқыс шығарылды.

Жалпы, биыл 1,2 млн. ағаш отырғызу жоспарланған. Оның ішінде 631 түп ағашты көктем мезгілінде отырғызу жоспарлануда. Жалпы бұл жұмыстар 25 ақпаннан басталған. Бүгінгі таңға аудан, қала аумағында 201 375 түп ағаш отырғызылып, су жүйелерімен қамтамасыз етіліп, қоршау жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыстарды күшейтуді және көктемгі ағаш егу жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруды тапсырды.
Түркістан облысы әкімнің баспасөз қызметі