Шымкент әлі де шырайланбақ
Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың айтқандарынан осыны ұқтық
Алдыңғы аптада Оңтүстік Қазақстан облысындағы әкімдердің ел алдындағы есебі аяқталды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен үшінші мегаполистен үміткер Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың қорытынды есебі халық үшін маңызды жиын болды.
— Өткен жылы «Нұрлы жол», «Индустриялық инновациялық даму», «Өңірлерді дамыту» бағдарламаларын іске асыру арқылы біршама жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 327,0 млрд. теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 4 пайызға, ауылшаруашылық өнімінің көлемі 3, құрылыс жұмыстарының көлемі 23 және пайдалануға берілген тұрғын үй 14 пайызға өсті, — деді өз баяндамасында Ғабидолла Рахматоллаұлы. — 2016 жылғы қалалық бюджет 111 млрд. теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 28 млрд. теңгеге ұлғайды. Қалада инженерлік жүйелер мәселесі өзекті болғандықтан, қаржының басым бөлігі осы саланы дамытуға бағытталды. 52 жобаның құрылысына 20,0 млрд. теңге қаржы бөлініп, 27-сі пайдалануға берілді. Әкім айтқан жобаларға аз-кем тоқталып өтер болсақ, ауызсумен қамтамасыз ету бағытында 9 жоба құрылысы жүргізіліп, 98 мың халқы бар 7 елді мекенде су құбырлары пайдалануға беріліп, соның арқасында қазір қалада таза суға қосылған тұрғындар саны 83 пайыздан 92 пайызға өсіпті. Ал энергетика саласындағы 9 жобаның құрылысы жүргізіліп, 68 мың халқы бар 6 елді мекен электр желісіне қосылған. Сонымен қатар 4 елді мекеннің 30 мыңға жуық тұрғыны көгілдір отынға қол жеткі
зіпті. Жылу сапасын жақсарту мақсатында тозығы жеткен 8,6 шақырым жылу құбырларының қайта құрудан, ал қаланың оңтүстік бөлігіндегі 16 және солтүстік бөлігіндегі 27 шақырым ішкі орамдық жылу құбырларының ағымдағы жөндеуден өтуі де бас бармақпен бағалайтын істердің қатарын толықтырды.
ШЫМҚАЛА — ЖАСЫЛ ҚАЛА
Қаланы абаттандыру және көріктендіру мақсатында өткен жылы шет аймақтағы елді мекендерге көп көңіл бөлініп, Мәртөбе, Сайрам, Қарасу елді мекендеріндегі саябақтар қайта құрудан өтті. Одан бөлек, 577 млн. теңгеге 22 жаңадан қосылған елді мекендерде абаттандыру жұмыстары жүргізілді. «Қасірет» мемориалы, 1 мамыр көшесіндегі гүлзар, Нұрсәт және №17 шағын аудандарында аллея қайта құрудан өтті. Бадам өзенінің жағалауын көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Қала тұрғындарының ұсыныстары бойынша 700 млн. теңгеге Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандарында 69 аула көріктендірілді. Жалпы, облыс тізгінін қолға алған аз уақыттың ішінде облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлының бастамасымен Шымқаланы шынында да жасыл қалаға айналдырудың алғышарттары жасалып үлгерді.
ЗАҢСЫЗ ҚҰРЫЛЫС КОСМОТҮСІРІЛІМ АРҚЫЛЫ БАҚЫЛАНАДЫ
Жолдарды күтіп ұстау бағдарламасы бойынша 171 көшеде күрделі және орташа жөндеу, 48 көшеде тротуар салу, 28 аялдама орнату жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, демеушілердің есебінен 2 мың шаршы метр аяқжол, 5 жаңа үлгідегі аялдама орнатылды. «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары шеңберінде 3 777 пәтерлі 64 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Оның ішінде есепті жылы 90 пәтерлі 2 коммуналдық, 216 пәтерлі жас отбасыларға арналған, «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» және «Бәйтерек development» арқылы 996 пәтерлі 32 тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 1 302 отбасы тұрғын үймен, 35 отбасы жатақханамен қамтамасыз етілді. Айта кету қажет, қалада заңсыз құрылыстар — өзекті мәселенің бірі. Осы бағытта жүйелі жұмыстар атқару үшін қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне космотүсірілім жасайтын «ONE EYE» арнайы бағдарлама орнатуға 18,0 млн. теңге қаржы бөлінді. Бұл бағдарлама қалада заңсыз құрылысы жүріп жатқан нысандарды анықтап, дер кезінде тиісті шара қолдануға мүмкіндік береді.
«SHYMKENT CITY» — АРМАН ҚАЛАШЫҚ
Өткен жылы қаланың Даму Концепциясы бойынша «Тұран» шағынауданынан «Shymkent City» атты жобаның жүзеге асатыны жайлы жақсы жарнама жасалды, ал оның орындалу деңгейі қандай? Жобаның жоспарланған аймақ көлемі 407 гектарды құрап, 70,0 мыңға жуық халыққа есептелген. Ол жерде заманауи көп қабатты тұрғын үйлер, саябақ, демалыс орындары, ойын-сауық және сауда орталықтарын салу көзделген. Қазіргі таңда құны 12 млрд. теңге болатын инженерлік коммуникациялық жүйелердің және жолдардың құрылысы басталып кетті. Инженерлік жүйелердің құрылысын салу арқылы ірі құрылыс жобаларға жеке инвесторлар тартылатын болады. Сонымен қатар, 270 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы басталып, аумағы 59 гектар саябақ құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде тартылған 4,0 млрд. теңге инвестицияға 8 жоба іске қосылып, 300-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар, жеке инвестициялар есебінен 5 кәсіпорын іске қосылып, 117 адам жұмыспен қамтылды. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасына сұраныс өте жоғары. 1 жылдың ішінде осы бағдарлама аясында құны 65,0 млрд. теңгеге 140 бизнес жоба мақұлданып, қаржыландыруға ұсынылды. Өткен жылы «Shymkent PLAZA» сауда орталығы салтанатты түрде ашылып, мыңға жуық адам жұмыспен қамтылса, «Арман Сити» сауда кешенін іске қосу арқылы 250 адамға жұмыс берілді. Отбасылық демалуға арналған «Тұлпар» көлі маңында жеке инвестор есебінен «Жайлау көл» ойын-сауық орталығы ашылды.
— Қалада 129 мектепте 167 мыңнан астам оқушы, 386 балабақшада 53 мыңнан астам бүлдіршін бар. Білім нысандарын дамыту бағытында 15 нысанның құрылысы жүргізіліп, 2700 орындық 5 мектеп, 180 орындық 1 балабақша пайдалануға берілді. Білім сапасын жақсарту бағытында оқушылар үлгерімін ата-анасы бақылау мақсатында 29 мектепке пилоттық жоба ретінде электрондық бақылау жүйесі енгізілді. Қала басшылығының айрықша атап өтер бір әрекеті кезінде мемлекеттің балансында болған бірнеше ғимараттарды кері қайтаруы болды. Мәселен, «Металлургтер» стадионы мемлекеттің меншігіне қайтарылып, оның жобалық құжаттары әзірлену үстінде. Стадионда алдағы уақытта жоғары спорт мектебі, 2 ашық стадион, мини футболдан жабық спорт зал, 2 фитнес клуб, 50 орындық қонақжай салынатын болады. Сондай-ақ, «Фосфоршылар» сарайын мемлекеттің меншігіне қайтару арқылы оқушылар сарайын ашу жоспары бар. Қазіргі таңда жекеменшіктен алу мәселесі қаралуда екен. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында 2016 жылдан бастап қалада жергілікті полиция құрылып, оған жаңадан 30 арнайы автокөліктер берілді. Қоғамдық орындарға және қылмыс көп орын алатын жерлерге 237 бейнекамералар орнатылды. Көп қабатты үйлердің 686 ауласы түнгі жарық шамдармен қамтамасыз етілді. Қалада құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігінің жанынан қалалық әкімдік, прокуратура, мәслихат депутаттары, ішкі істер органдары бірлескен, «Шымкент — қауіпсіз қала» бойынша Үйлестіру кеңесі құрылды.
«ЕШКІМ ДЕ ПЕРІШТЕ ЕМЕС…»
Өткен жылы атқарылған негізгі жұмыстарды баяндаған қала әкімі келесі жылдың жоспарымен де төмендегіше таныстырып өтті. — Жақында біз облыс әкімдігі тарапынан берілген тапсырмаларды басшылыққа алып, қаланың Даму концепциясына өзгерістер енгіздік. Айта кету қажет, 2016 жылдың алғашқы бекітілген бюджеті 69,0 млрд. теңге болса, 2017 жылдың бюджеті 102,0 млрд. теңгемен басталып отыр немесе 33 млрд. теңгеге ұлғайған. Осының арқасында облыс әкімі тапсырған 50 мыңға жуық жасыл желектер отырғызу, Астана даңғылы бойындағы 25 гектар, Төлеметов көшесіндегі 50, Тассайдағы 35, Бозарықтағы 60 гектар шатқалдарға көпшілік демалыс орындарын құру, ескі қоқыс полигоны аумағындағы саябақ құрылысы, Наурыз, Мәртөбе саябақтарын қайта құру, сонымен қатар қаланың орталық бөлігіндегі 40-50 жыл бұрын салынған көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу және қасбеттерін көріктендіру жұмыстары жүргізілетін болады, — деді қала басшысы. Әрине, жұмыс бар жерде кемшілік те болмай тұрмайды. «Ешкім періште емес, жұмыс барысында жіберілген кемшіліктер — қолдан келетін жұмыстар» деген шаһар басшысы кемшіліктер бойынша жұмыстардың жүріп жатқандығын айтып, жұмысты адал атқаруға сөз берді.
Ж.ТҮЙМЕБАЕВТЫҢ ТІРЛІГІ ТЫНЫМДЫ
Жансейіт Қансейітұлының Оңтүстік Қазақстан облысының тізгінін ұстағанына әлі жыл толмады, дегенмен, шаруаны шыр айналдырып жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Жалпы алғанда, Жансейіт Қансейітұлы бұл есептік кездесуді бұрынғы жиындардан өзгеше ұйымдастырыпты. Ең алдымен әкімнің әдеттегідей төрде отырып, тұрғындарға төбеден қарап отырмай, көпшіліктің ортасына жайғасқаны айрықша әсер қалдырды. Жоғары жақтан келген құрметті қонақтар — ҚР Премьерминистрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қ.Айтаханов,
Ә.Бектаев жəне ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы М.Имандосов та елмен араласып отырды. Бұл өзгелер үлгі аларлықтай қарапайымдылық деп айтуға болады. «Өңір басшысының халық алдындағы жылдық есебі биыл алғаш рет онлайн режимде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ontustik.gov.kz сайтынан көрсетіліп, 3 миллионға жуық халқы бар күнгей тұрғындарын қамтыды. Сондай-ақ, Түркістан сарайында өткізілген жылдық есептен бөлек, әрбір аудан, қалалардағы әкімдіктерде де жергілікті халық жиналып, жалпы саны 5 мыңнан астам Оңтүстік тұрғыны атқарылған жұмыстардың барысын онлайн режимде тыңдады», — дейді облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Баспасөз баянында көрсетілгендей, өткен жылы өнеркәсіп саласында 776,8 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2015 жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша біздің облыс республикада 3-орынды иеленіп отыр. Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының аясында былтыр 19 жоба іске қосылып, 600-ден астам жұмыс орны ашылды. Индустриалды аймақтарда бір жылда 15 жоба іске қосылып, 6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жалпы, облыстағы индустриалды аймақтарда 200,5 млрд. теңгеге 170 жобаны іске асырып, 12 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 303 жобаға қолдау көрсетіліп, 2126 жұмыс орны құрылды. Барлық аудан, қалаларда «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары» арқылы 37 232 адамға көмек көрсетілді. Облыс экономикасына өткен жылы 380,6 млрд. теңге инвестиция тартылды. Есепті жылы облыста 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Денсаулық сақтау саласында 4 нысан, білім саласында 39, мәдениет саласында 8, спорт саласында 2 нысан қолданысқа берілді.
Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша 18,8 млрд. теңге игеріліп, нәтижесінде 72,2 мың адам қамтылып, осы бағдарлама аясында 36,2 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Өткен жылы аймақта 24 ауызсу, 25 табиғи газ нысандары пайдалануға берілсе, 640,9 шақырым автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілді. — Соңғы жылдары облыстың агро-өнеркәсіптік өндірісінің дамуында оң үрдістер байқалып отыр. Ауыл шаруашылығында жалпы өнімінің өсу динамикасы сақталып, егін шаруашылығын әртараптандыру, асыл тұқымдандыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл мемлекеттің белсенді бюджеттік саясатының арқасында мүмкін болуда. Есепті жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 445 млрд. теңгені құрап, 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,9 пайызға артты. Егіс көлемі 13 мың гектарға ұлғайып, 788,8 мың гектар болды, — деп атап өтті әкім.
Айтпақшы, осы күнгі жиында онлайн режим арқылы сонау Түркия мемлекетінен жерлесіміз сауал жолдап, жиынның маңыздылығын арттыра түсті. Жалпы алғанда, облыс әкімінің тірлігіне қарап, жергілікті тұрғындар Жансейіт Түймебаевты «қарапайым да іскер, тірлігіне мығым, жауапкершілікті жүрегімен сезіне білетін, бастамашыл, әзілге де қара жаяу емес әкім» деген баға беріп жүр. Осы қасиеттерін есеп кезінде де аңғарта білді.
2017 жылы атқарылатын жұмыстар:
— Байтұрсынов көшесі 9 метрден 18 метрге дейін кеңейтіледі;
— Бадам және Қарабастау тұрғын алабында жол өткелінің құрылысы басталады;
— Қонаев даңғылының жалғасының құрылысы басталады (Түркістан көшесінен Ташкент тас жолына дейін);
— Арғынбеков көшесінің жалғасы, яғни №87 мектептен Әл-Фараби көшесіне дейінгі аралық пайдалануға беріледі;
— Жібек жолы, Әл-Фараби, Қожанов, Момышұлы, Кіші айналма жолын қайта құру жұмыстары аяқталады;
— Республика даңғылында және «Самал» базары аумағында жер асты жаяу жүргіншілер өткелдері құрылыстары басталады;
— Қала аумағында 20 көшені қайта құру, Темірлан тас жолы мен Мангелдин көшесі қиылысындағы жерүсті жаяу жүргіншілер өтпесінің құрылысы, ұзындығы 29 шақырымды құрайтын 63 көшені орташа және 27 шақырым 2 көшені күрделі жөндеу, 20 шақырым топырақ жолға шағал тас төсеу, 21 көшеге тротуар салу;
— Тұлпар көлінде жеке инвестор есебінен жағажай ашылады;
— «Шымкент сити» орталығында саябақ құрылысы басталады;
— Тұран шағынауданында ауызсу мәселесі шешіледі;
— Бозарық 1,2,3, және Ынтымақ-2 шағынаудандарында 16 мыңнан астам халық табиғи газға қосылады.
— Қалада өзекті мәселеге айналған Тоғыс, Базарқақпа, Жаңаталап, Жұлдыз тұрғын алаптарында кәріз жүйелерінің құрылысы басталады.
— Білім беру саласында 6,3 млрд. теңгеге 13 нысанның құрылысын салу және қайта құру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде, ағымдағы жылы 10 нысан пайдалануға беріледі.
— Тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша 2 250 пәтерлі 29 тұрғын үйдің құрылысына 13,4 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сейсмикалық қауіпті 7 тұрғын үйді сейсмикалық күшейту жұмыстарына облыстық бюджеттен 723 млн. теңге қаржы жоспарланды.
— Өнеркәсіп саласында инвестиция көлемі 303 млрд. теңгеге 17 жобаны іске асыру жоспарланды. Бұл жобаларда 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде. Оның ішінде «Шымкентцемент» зауытын модернизациялау, мотор майын шығаратын «Hill Resources», мұнай бұрғыларына комплектация жасайтын «КазГеоМаш» зауыттарының құрылысы жүреді.
Дайындаған ШАДИЯР МОЛДАБЕК