Тұңғыш қазақ мектебін тұншықтыруға кім мүдделі?

Иә, Алматы қаласындағы тарихи маңызы бар білім ордасының тағдырына алаңдаған түлектер, мұғалімдер ұжымы, ата-аналар, қоғам қайраткерлері Президентке ашық хат жолдады. Сондай-ақ ішінара жанашыр жеке адамдар да өздерінше лауазымды орындарға хаттар, үндеулер жариялауда. Кеңес өкіметі кезінде сол кездегі астанамыз Алматыда 2 қазақ мектебі ғана болды. Біздің білуімізше, олар: №12 орта мектебі мен осы Ибрагим Нүсіпбаев атындағы қазақ мектеп интернаты. Сол замандары ұрпағының қазақ болып қалғанын қалағандар аталмыш мектептерге балаларын оқытты. Солардың қатарында мен де бармын. Менің балаларым да осында оқыған.

Бұрын бұл мектепте 350-ден астам оқушы болса, қазір ол 176 оқушыға дейін қысқарған. Мұның басты себебі үш жылдан бері «мектеп жабылуы мүмкін» деген дақпырттың кесірі. Негізі мектеп әлеуметтік осал топтағы балаларға арналған. 35%-ы жартылай жетім немесе толық емес отбасынан шыққан, 25-%-ы – көпбалалы отбасылардың, 20%-ы – ауылдық және фермер отбасылардың балалары. Қалғандары – мүгедек немесе ерекше күтімді қажет ететін және ата-анасы тұрақты табысы жоқ отбасылардың балалары. Бұл балалар тегін білім, тұру және тамақтану мүмкіндігімен қамтылған. Олар үшін бұл мектеп тек оқу орны ғана емес, өмір сүрудің негізгі ортасы.
Мектепті Қонаев қаласына көшіру – бұл балаларды сапалы білім алу мүмкіндігінен және қалыптасқан ұлттық ортадан айыру деген сөз. Шенеуніктер мектептің көшуін жатақхананың апатты жағдайымен байланыстыруда. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Қауіпсіз. Мектептің апатты деп танылғаны туралы ресми түрде тексеріске қорытынды құжатта жоқ. Жатақхананы мектепті жөндеудің орнына оны көшіру – қисынсыз шешім. 2022 жылы жатақхананы жөндеуге мемлекет тарапынан 596, 671 млн теңге бөлінді. Бірақ жұмысын аяқтамай олар ізін суытты. Облыстық әкімдік 3 жыл бойы желге ұшқан қаражатты қайтаруды талап етпеді, ал оның орнына мектепті көшіруді шешкен сыңайлы. Сонда мектептің орнына коммерциялық құрылыс салу жоспары бар ма? Ол кімге керек? Шынында да мектеп неліктен Қонаевқа көшіріледі? Қонаевтағы ғимарат 2 мың шаршы метр ғана, ал Алматыдағы мектеп 7 мың шаршы метр. Жаңа салынатын мектептің жанында төрт түзету колониясы бар екен. Яғни білім алуға қажетті инфрақұрылым жоқ. Қысқасы, қоғам талабы – тарихи мектепті сақтап қалу! Тек сақтап қалу ғана емес, бұл оқу орнына Ұлттық мектеп мәртебесін беруді талап етіп, сондай-ақ олар осы мектептің жағдайын түбегейлі зерттеп, әділдік орнату үшін Үкімет тарапынан кешенді комиссия құру жөнінде ұсыныс жасалды. Жалпы сауалдар көп, оған алдағы уақытта жауаптар болады деп сенеміз.
Бізге мектепті үзілді-кесілді қорғап, шырылдап жатқан топ осы ресми деректер жазылған баспасөз парақшасын берді. Сондай-ақ ел басшысына деген ашық хат. Оны біз сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мектебімнің жанайқайы жүрегімді ауыртты

Құрметті қазақстандықтар!

 

Жарты ғасырдай бұрын Қыздар педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп, алғашқы еңбек жолымды жас маман ретінде Алматы облыстық 4-мектеп-интернатта бастаған едім. 15 жылдай қызмет еттім, оның тоғыз жылында аға вожатый болдым. Мектебімнің түлектерінің жанайқайына жаным жүдеп, жүрегім езіле үн қосқым келеді.
1. Бұл мектеп-интернат – Алматының ортасынан ойып тұрып орын алған, ардақты азаматтар Айдаров, Көпбаевтардың облыстың түкпір-түкпірінен әртүрлі әлеуметтік жағдайы бар қазақ балаларын жинап, оқудың, мәдени ортаның нәрін алып, жақсысымен, жақсылығымен ауыздансын деген ниетімен ашылған алғашқы қазақ мектеп-интернаты.
2. Бұл мектеп-интернат – балалар композиторы Ибрагим Нүсіпбаев, бүкіл интернат оқушысын қамтыған Ғалымжан Гиреевичтің жетекшілігіндегі балалар хоры бар, Республика сарайында Жібек Әбдірахманованың ұйымдастыруымен слёт өткізген, әр мерекеде, мерейтойларда оқушылары қала, аудан, облыс, республика көлеміндегі іс-шараларының бәрінің қатысушысы болған, қазақ тілінде сайраған мектеп-интернат.
3. Бұл мектеп-интернат – ұстазы Ибрагим Нүсіпбаев, шәкірті Әсет Бейсеуов екеуі танымал әнші Мақпал Жүнісоваға, өнердің, өнер иесінің келешегіне қамқор болған асыл ұстаздары бар мектеп. Біртуар азамат Заманбек Нұрқаділов облыс басшылығында болғанда, Мақпалдың ризашылығымен күрделі жөндеуден өтіп, кезінде гүлденген мектеп.
4. Бұл мектеп-интернат – Ақселеу Сейдімбектің «балаларымның қазақ болғаны керек» деп, ұл-қызын таңертең әкеліп, кешке алып кетіп оқытқан тіл жанашырының, қазақ мәдениетінің қамқоршысы сенім артқан мектеп. Қазір, керісінше, қазақ мектебінен орыс мектебіне сүйрелеген балалардың ата-анасының тірлігімен салыстыр, ағайын!
5. Бұл мектеп-интернат – кезінде оқушылары тоқсанына бір рет, каникулда ғана үйіне кетіп, басшысы, қосшысы, ұстазы, тәрбиешісі 24/7 жұмыс жасап, әрқайсысы өз оқушысының, түлегінің амандығын, терең білім алуын ойлап, шырылдап, шырқыраған жауапты, білімді, білікті, адамгершілігі зор ұжымы болған, өзіндік ерекше тарихы бар мектеп.
6. Бұл мектеп-интернат – кезінде озық тәжірибесін таратушыларымен танылған мектеп.
7. Бұл мектеп-интернат – бүгінгі күні түлектерінің алды Парламенттен, соңы бейнеүндеу, шерулерімен, жазбаларымен алтын ұя мектебіне, бұ дүниеден өткені бар, өзі тірі, көзі тірі ұстаздарына, бірге жүрген сыныптастарына, достарына деген құрметінен, адалдығынан туған жанайқайын жеткізушісі, іздеушісі, сұраушысы бар мектеп.
8. Бұл мектеп-интернат – тарих пәнінің білгірі, өте білімді, «адамдықтың диқаншысы», сүйікті ұстазы Гүлбану Рахметқызын көшенің екі жағында тұрып, Кеңсай зиратына ерекше құрметпен, бір сәттік үнсіздікпен қимай қоштасқан, жүрегі мейірім мен иманға толы шәкірті бар мектеп.
9. Бұл мектеп-интернат – спорт алаңын салып берген, төсек-орнын алып берген, оқушыларына керегін тауып берген, сыйлығын сыйға берген, демеуші, қамқор, жанашыр түлектері бар мектеп.
10. Бұл мектеп-интернат жай ғана мектеп емес, бұл – бауырлар, туысқандар ортасы мен ордасы қалыптасқан мектеп.

Құрметті қолында билігі бар азаматтар мен азаматшалар!

Сіздер бұл мектеп облыс қарамағында болғандықтан, Алматы облысының орталығы Қонаев немесе Алатау қаласына көшіргілеріңіз келеді. Мектеп салық комитеті, білім, денсаулық сақтау бөлімі емес, маманымен, ұжымымен офис жалдап, мекеме тауып беріп, ауысып, көшіп жүре беретін. Мектеп – тұнып тұрған тарих. Мектеп – тұлға. Білім негізі – мектепте. Әрқайсысыңыз мектеп қабырғасынан, тарихи кезеңнің тарихи сәттерінен өсіп-өндіңіз, көркейдіңіз. Еске аларыңыз да, айтарыңыз да көп. Осыны ескеріңіздер. Егер жаңа мектеп саламыз десеңіздер, сол тұрған орнына салып беріңіздер. Рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Облыс көлемінде мектеп-интернат ашамыз десеңіздер, оған бала табылмайды деп кім айтты сіздерге?! Құдайға шүкір, өкімет бала тууға да, бағуға да бар жағдайды жасап жатыр. Облыс орталығына жаңа мектеп-интернат салған күннен бастап кезекке тұрады. Кезінде Алматы қаласындағы 138-мектеп зиялы қауым мен ата-аналар (басы-қасында жүрдім) көмегімен ашылған. Бүгінгі ұлт мектебі қай жағынан алсаңыз да, даму үстінде. Ерекше үлгідегі заманауи мектеп-интернат салынады. Тамаша емес пе?! Кадр мәселесі жайлы әңгіме қозғау артық болар. Мәселе қалада, орталықта емес, мәселе мектеп бітіруші түлектердің мектебіне, ұстазына «мың алғыс» айтып, достарымен кездесіп, жан сырын шертісер, күйбең тірліктен босап, асыға күткен мерейтойлық «жылдықтарда». Ұстазы мен достары өмірде тірі болса, құшақтасып көрісіп, о дүниелік болса, құранын оқытып, «артында бар оңалар ұрпағымен» кездесуінде, шер тарқатуында.

Құрметті ұлт жанашырлары!

Құжатым қолымда, шешімі көз алдымда, орындаушысы дайын, «бәрі шешілді» деп, ұжымды да, оқушыларды да, түлектерді де тасына табан тіреп, қабырғасына арқа сүйеген мектебінен айырмаңыздар, қорғауларыңызды сұраймын.

Айжамал Көбетайқызы ШЫНЫБАЕВА,
ардагер ұстаз, Ы.Алтынсарин
төсбелгісінің иегері, республикалық
«Үздік педагог – 2012»
байқауының жеңімпазы

 

Ашық хат

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлына

Көшірмесі

Қазақстан Республикасы Премьер-министріне,
Қазақстан Республикасы Бас прокурорына,
Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министріне,
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат министріне,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігінің төрағасына,
ҚР Парламенті Мәжілісінің
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасына

Алматы қаласындағы Ибраһим Нүсіпбаев атындағы қазақ мектеп-интернатының тағдырына алаңдаған ата-аналар, мұғалімдер мен түлектерден

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Біз, ата-аналар, ұстаздар мен мектеп түлектері, Алматы облысына қарасты Ибраһим Нүсіпбаев атындағы қазақ мектеп-интернатының болашағына алаңдаулымыз. Бұл білім ордасы – еліміздің тарихымен бірге жасап келе жатқан, ұлт зиялыларының бастамасымен ашылған тұңғыш қазақ мектеп-интернаты. 100 жылдан астам уақыт бойы бұл оқу ордасы қазақтың бетке ұстар азаматтарын тәрбиелеп шығарды. Бірақ бүгінде мектепке тиесілі жерге көз тігіп отырғандардың кесірінен оның толық жабылып, Қонаев қаласына көшірілуі жоспарланып отыр.

Мәселенің мәні неде?

2022 жылы мектеп-интернаттың жатақханасына күрделі жөндеу жүргізу үшін 596,671 млн теңге бөлінгенімен, мердігер ұйым қаржыны мақсатсыз жұмсап, жөндеу жұмыстары үш жылдан бері аяқталмай келеді. Соның салдарынан балалар оқу кабинеттерінде тұрып, спорт залы асхана ретінде қолданылды. Енді Алматы облысы әкімдігі жатақхананың бітпей тұрған жөндеу жұмысын аяқтаудың орнына мектепті толықтай жауып, Қонаев қаласына көшіруге шешім шығарыпты. Қонаевта салынатын ғимаратқа инвестор да «тауып» қойыпты.
Осы тұста бізді мына сұрақ алаңдатады. Қонаевқа жаңа ғимарат салып, мектепті көшіргеннен кейін Алматы қаласының қақ ортасында, көрікті жерде орналасқан 100 жылдық тарихи мектептің тағдыры не болмақ? Ауқымды жер учаскесін кім иеленбек? Қандай мақсатта қолданбақ? Біздің білуімізше, мектеп жеріне көз тігіп отырған белгілі құрылыс компаниясы бар. Солар облыс әкімдігі «тапқан» Қонаев қаласында жаңа ғимарат салып бермекші «жомарт инвесторлар» ма деген күдігіміз басым. Әйтпесе, жаңа ғимарат салғаннан гөрі мектеп жатақханасында басталған жөндеу жұмысын аяқтау облыс әкімдігіне әлдеқайда оңай әрі тиімді емес пе еді?
Бұл әрекет кездейсоқ емес. Бұған дейін дәл осындай жолменен Алматыдағы тарихи қазақ мектептері жабылған болатын. Соның ішінде кезінде қазақ зиялылары білім алған Достық көшесінің бойында орналасқан №2 қазақ мектеп-интернаты «апатты жағдайда» деген қолдан ұйымдастырылған өтірік сылтаумен бұзылып, орнына «Dostyk Residence» тұрғын үй кешені салынды.
Біздің мектепке қатысты жағдай да осыған ұқсас сценариймен жүзеге асырылуда. Жатақханада басталған жөндеу жұмыстары созылу салдарынан мектеп жұмысын қиын жағдайда қалдырып, енді «апатты жағдайда» деген өтірік сылтаумен жаппақшы. Ал мектепке қарасты 1,5 гектар жері коммерциялық мақсатта қайсыбір құрылыс компанияларының меншігіне өтуі мүмкін деген күдік бізді алаңдатып отыр. Бұл мақсаттарына жету үшін аяқсыз қалған жатақхананың күрделі жөндеу жұмысы салдарынан шаңы шығып, қазылып жатқан жерлерін әдейі көрсетіп, «апаттық жағдайда тұр» деген сыңайда жалдамалы арналар мен блогерлер арқылы шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат таратқызып, манипуляция жасалуда.
Шынтуайтында, мектеп ғимараты «апатты» немесе «жартылай қираған» жағдайда емес, қабырғаларында бірде-бір шытынау да жоқ. Жер сілкінісі кезінде шыдамдылығын неше рет дәлелдеген өте сапалы, берік ғимарат.

Бұл мектептің тарихи маңызы қандай?

Бұл оқу орнының тарихы ХХ ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланысты. Қазақтың білімге ұмтылған зиялы қауымы осы мектептің негізін қалап, оған ерекше мән берді.
Бұл мектептен түлеп ұшқан тұлғалардың қатарында:
• Күләш Байсейітова – қазақтың бұлбұл әншісі, КСРО халық әртісі,
• Әбілхан Қастеев – қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы,
• Нұрғиса Тілендиев – әйгілі композитор,
• Смағұл Елубай – көрнекті жазушы,
• Қажығұмар Шабданұлы – қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі,
• Шәмші Қалдаяқов – қазақ вальсінің королі,
• Өтежан Нұрғалиев – белгілі ақын.
Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов – бұл мектеп қабырғасында оқушылармен кездесіп, тәлім-тәрбие берген.
Кеңес заманында бұл мектеп қазақ тілінде білім беру ісін дамытуға зор үлес қосты. 1960-80 жылдары мектеп оқушылары «Қазақфильм» киностудиясының «Менің атым Қожа», «Көксерек», «Алпамыс мектепке барады» фильмдеріне түсіп, дубляж жасады. 1978-1984 жылдары түлектер Орталық телеарнада балаларға арналған «Ойнаңдар, ойлаңдар» бағдарламасын жүргізді.
Егер біз қазақ зиялылары іргесін қалаған, ұлттық мәдениетімізге үлес қосқан, қазақ балалары үшін тарихи маңызы зор мектепті жойсақ, онда ұлттық тарихымызға жасалған қиянатқа өзіміз жол берген боламыз. Әлемде мұндай тарихи ғимараттар 100 жыл емес, неше ғасыр өтсе де ерекше қорғауға алынып, ел мақтанышына жатқызылады. Бұл мектептің жабылуы – қазақтың ғылымға қатысты бір ғасырлық тарихын өшірумен тең.
Біздің талаптарымыз:
1. Мектеп-интернатты жабу туралы шешімді тоқтату.
2. Жөндеу жұмыстарын шұғыл аяқтап, жатақхана мен асхананы қалпына келтіру.
3. Оқушыларды басқа мектептерге таратпау.
4. Мектеп-интернаттың тарихи маңызын ескере отырып, оған республикалық арнайы статус беру.
5. Тарихи ғимаратты сақтап, заман талабына сай жаңғырту.
6. Мектепке тиесілі жердің мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеу.
7. Үш жылдан бері бітпей тұрған күрделі жөндеу жұмысы бойынша жемқорлыққа қарсы тиісті органдардың араласуын талап ету.
8. Мектеп интернатқа республикалық ұлттық мектеп мәртебесін беруді ұсынамыз.
9. Мектептегі ушыққан жағдайды түбегейлі зерттеп, әділдік орнату үшін Үкімет тарапынан кешенді комиссия құрылсын, бұл комиссияның құрамына белсенділер де кіруі тиіс.

 

Құрметті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Еліміздің білім беру саласында тарихи ғимаратқа жататын және қазақ өркениетінде өшпес із қалдырған құнды нысанның тағдырын тікелей өз қадағалуыңызға алып, оның жабылып, жерінің коммерциялық мақсатта қолданылуына тосқауыл қоюыңызды сұраймыз.
И.Нүсіпбаев атындағы қазақ мектеп-интернатының ұстаздары мен ата-аналары, жанашыр түлектері қол қойған тізімі қоса ұсынылып отыр.

Жауапты тұлға Ұлттық құрылтай мүшесі
Қ. Жолдыбайұлы
Тел: 87027889400