Мирамбек Жайылханов: Денсаулықты күтіп, алтын уақыттарыңызды бағалаңыздар, достарым!

Мирамбек Жайылханов менің ауылдасым, төменде Мирамбектің әңгімесінен оның тағдырымен таныс боласыздар. Өте талантты азамат. Гүлдей құлпырып, білім, ғылым, өнер шыңына өрмелеп келе жатқанда қайсар бауырым оқыс апатқа ұшырады. Бір өлімнен қалды, бірақ төсекте жатып, басына төнген ауыр жағдаймен, аурумен айқасты, арпалысты. Ақыры арбаға таңылды. Аяқ астынан мүмкіндігі шектеулі жанға айналды. Алайда мұқалмады, ширақты. Осы қиын жағдайда саусақтарымен телефон ұрғылап естелік әңгімелер жазды. Кейін жыр әлеміне құлаш ұрды, кітабы шықты. Мінеі қайсар азамат! Жасымады. Бүгін біз оның бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз. Мирамбек бауырым, осы бетіңнен тайма, айналайын! Әлі-ақ жазылып кетесің, биіктерден көрінесің деп сенемін. Алла шипасын берсін. Рамазан және наурыз мерекелерің құтты болсын!

Құрметпен, Ертай Айғалиұлы

 

 

Менің аты-жөнім Жайылханов Мирамбек Серікұлы. Мені анам алты жасымда бірінші сыныпқа берді. Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылындағы №188 орта мектептің 1998 жылғы түлегімін. Мектепті «беске» бітірдім. Алайда тоғызыншы сыныпта қызыл куәлік ала алмадым. Он бірінші сыныпта үш сабақтан «төрттік» баға алып, соның кесірінен алтын медаль бұйырмады. Мектепте тоғызыншы сыныпта оқып жүргенімде қазақша, еркін күреске қатыстым. Гимнастикаға қатты қызығып, айналысатынмын. Он бірінші сыныпты бітіргеннен кейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне грантпен оқуға түсіп, Бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі деген біліктілік алып шықтым.  Студенттік шақтағы керемет кездерім әлі де көз алдымда. Ұмыту мүмкін емес.

Студенттік өмірімде бейнелеу өнерінен түрлі сайыстарға қатыстым. Төртінші курста өзімнің «Өмір жолы» атты жеке көрмемді жасадым. Майлы бояумен көптеген картиналар салдым. Екі ай «Сыр бойы» редакциясында тәжірибеден өттім. Алайда мені онда жұмысқа қабылдамады. Кейін әртүрлі жұмыс істедім. Бильярд клубта, гүлдер салонында қарауыл болдым. Жер қазып, үйлерге су кіргізіп ақша таптым. Картиналар салып саттым. Пойызға шығып газет-журнал саттым. Май құю бекетінде жұмыс жасадым. Үлкен ғимараттың ішін түрлі түсті бояуға бояп ақша таптым. Сөйтіп жүрсем де спортты, жаттығуды тастаған емеспін.

2003-2004 жылдары Орал қаласында азаматтық борышымды өтедім. 2005-2007 жылдар аралығында Алматы, Астана, Атырау қалаларында құрылыс саласында жұмыс жасадым. 2007 жылы туған ауылыма оралып, мектепке инженер-технолог болып жұмысқа орналастым. Қосымша сағат алып, бейнелеу өнері, сызу пәнінен сабақ беріп, ұстаздық жолымды бастадым. Шәкірттерім аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан жүлделі орындарға ие болып, дипломдармен марапатталды. 2016-2018 оқу жылдарында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқардым.

2018 жылдың 24 маусымы мен үшін ең үлкен оқыс оқиға болып, арбаға таңылып қалдым.

Кезекті еңбек демалысыма шығып, табиғат аясына сыныптастарыммен жиырма жылдық кездесу өткізген болатынбыз. Биіктен суға баспен секіріп, мойын омыртқамды сындырып алдым. Мен секірген жердегі су деңгейі таяз болып шықты. «Жедел жәрдеммен» облыстық ауруханадан бір-ақ шықтым. Ота жасап, ес-түссіз бір ай жаттым. Жансақтау бөлімінде қырық күн аппаратпен тыныс алып, зорға ес жидым. Алайда бүкіл денем, саусақтарыма дейін жансыз, мүмкіндігі шектеулі жанға айналдым. Саусақтарым істемегендіктен, өзім тамақ та іше алмаймын. Өздігімнен аунай да алмаймын. Осы уақытқа дейін маған анам қарап келеді. Анама алғысым шексіз.

2021 жылдан бастап естелік әңгімелер жинағын жаза бастадым. Одан шабыт келіп өлең де жазып жатырмын. Ең қызығы, осы жазылған естелік әңгімелер жинағын, өлеңдер жинағын істемейтін саусақтармен, телефон бетін ұрып төсекте жатып жаздым. Құдай қаласа алдағы уақытта шетелге емге баруға талаптанып жатырмын. Бар арманым өз аяғыммен тұрып жүрсем деймін. Денсаулықтың қадірін біліңіздер, оны сақтап, күтіп, әрбір өткен алтын уақыттарыңызды бағалаңыздар, достарым!

 

 

Естелік әңгімелер жинағы

 

Бақыт

 

Сәлем, Бақыт!

Мені мүлдем ұмыттың ба?

Жасырынып, көрінбеуге құнықтың ба?

Қайда жүрсің, жаным, сені армандаймын

Мәңгілікке бір болуды, соны ұқтың ба?

 

Әлі есімде…

Бір кез болған сол сәттерің,

Қалай мені ұмыттың, ол неткенің?!

Қуаныштан бас айналған шақтарым-ай,

Бақыт, сенің елес маған өткенің…

 

Келші, бақыт, келші!

Күтіп жүрмін мен өзіңді.

Сенші менің сағынышты шын сөзіме.

Миллиондаған армандарым орындалар,

Егер маған бір көрсетсең сен жүзіңді.

 

Қоншы, бақыт!

Қоншы менің басыма.

Аңсап сені ерік бердім көз жасыма.

Қуаныштан ақ жүрегім алып ұшар,

Күнім менің, бір сәт келсең сен қасыма.

 

Іздеп келем

Қанша жылдар бақыт сені,

Ойлайсың ба, күнде күтіп сен де мені?

Бір кез көру, сәті түссе аяқ асты,

Мәңгілікке ұстап қалам, бақыт сені…

 

Сақташы

Сақташы Құдай сұқ көзден,

Таңғалып айтқан тіл сөзден.

Сүргенде өмір керемет,

Кетпесін бақ құс сіз, бізден.

 

Сақташы жаман індеттен,

Істеген істен міндетпен.

Зулайды уақыт елес боп,

Оралмас қайта күн өткен.

 

Сақташы Құдай бөтеннен,

Апатты келген төтеннен.

Сақташы бәле-жаладан,

Қаңғырып келген даладан.

 

Сақташы тағы қастықтан,

Жұт болып келген аштықтан.

Тойымсыз болған ашкөзден,

Асылық сөз бен мастықтан.

 

Құдайым сақта соғыстан,

Миллион жандар тоғысқан.

Жер шарын құртып улаған,

Қасірет, зиян, қоқыстан.

 

Келсе де түрлі бұл заман,

Болайық әркез дін аман.

Өзгерсін әлем жаңғырып,

Алтын боп дәуір мәңгілік.

 

 

Ақиқаттың жолында жаныңды бер!

 

Мен білетін бұл өмірде шыншыл адам,

Оны көрмеу, танымау нағыз надан.

Ақиқаттың жолында жанын берер,

Жаныңда жүр, ер жүрек батыр адам.

 

Өтірікші, өсекші індет жаман,

Жалған сөздің қас жауы шыншыл адам.

Өмір күрес, тосын сыйын ешкім білмес,

Мен білетін, досым-ау, жүрші аман.

 

Шыншыл адам шындық айтып жылатқан,

Өтіріктің көпірін бір сөзбенен құлатқан.

Қиын кезде көрсетіп тура жолды,

Су ішкізген таза мөлдір бұлақтан.

 

Шындық айту үнемі оңай емес,

Әрбір айтқан сөздерің қайта келмес.

Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам,

Шындық ащы әрқашан жұмбақ елес.

 

Қиын сәтте шындық айтқан адам жаман,

Тәтті өтірік өмірмен сүрген заман.

Қара түнек арасында жарық жұлдыз,

Мен білетін өмірімде шыншыл адам.

 

Сағыныш

Шөлейтте сағым боп көрінген,

Мүмкін мен бір сенің бағыңмын?

Нәр алған жүрегім өзіңнен,

Күнім-ау, мен сені сағындым.

 

Сағындым жайдарлы жүзіңді,

Көңілді өткізген күзімді.

Айым-ау, ән жазып жатырмын,

Махаббат дастаннан үзінді.

 

Сен қашан келерсің Күн, Айым?

Сарғайды күтумен ақ қайың.

Жүрегім дүрсілдеп іздейді,

Сағыныш өртеніп күн сайын.

 

Сағынды, жүрегім езілді.

Аңсаймын шын сүйген сезімді.

Қайдасың сен менің бақытым?

Ойлаймын керемет кезімді.

 

Ай-күнім, әлі де күтемін,

Үмітім үзіліп біткенше.

Шыдамай іздеп бір барам-ау,

Сағынып сарғайып күткенше.

 

Aнашым

Баласы үшін жанын берер Ана деген,

Өмір мәнді, қызықты баламенен.

Алаңдаумен өтеді әке-шеше,

Ұрпағының жалғасы бала деген.

 

Әлемді де тербеткен балаңменен,

Өмір сыйлап, бағып-қағар Ана деген.

Тосын сыйын өмірдің ешкім білмес,

Ата-ананы сынамасын баламенен.

 

Жетістігін көргенде баласының,

Көкке жетер төбесі анасының.

«Жаман болсын» демейді ешбір жаның,

Арттарынан еріп жүрген қарасының.

 

Алыс кетсең, жасыра алмас сағынышын,

Бұл өмірде арқа сүйер бар асылың.

Мейіріммен тәрбиелеп тал бесіктен,

Ана деген – қамқоршы жанашырың.

 

Сенімді бол!

 

Бұл өмірде көбінесе өзіңе сен.

Шын әлемді көргің келсе, көзіңе сен.

Әрбір сәтті бағала, құр өткізбе,

Өткен күнің елес болар түсіңмен тең.

 

Алыс жолда адассаң, аяққа сен,

Жануардан қорған болар таяққа сен.

Бұл өмірдің тосын сыйын ешкім білмес,

Қиындыққа тап болсаң, күресіп жең.

 

Көз қорықса, батыр болар қолыңа сен,

Әрқашанда сәтті сапар жолыңа сен.

Адамдықты ұмытпа, жақсы жан бол,

Жақсы жанның әр сөзі алтынмен тең.

 

Ілім, білім тоқыған миыңа сен,

Жас кезіңнен жинаған сыйыңа сен.

Шынық күнде, еңбек ет, білімді бол,

Білімді жан мыңды жығар қарумен тең.

 

Толығымен аяқталған ісіңе сен,

Жауыңменен күресер күшіңе сен.

Бұл естелік керек болар сенші, досым,

Уақыт өте сенерсің түсінбесең.

 

Менмендік

 

Мен, мен, мен өзім,

Дұрыс әркез әр сөзім.

Өзім білем бәрін де,

Өмір сүрем бір өзім.

 

Қажет емес ешбір жан,

Атар онсыз әрбір таң.

Білгенімді істеймін,

Кереметтей өмір заң.

 

Ақшаны да табамын,

Шетелге де барамын.

Рахат өмір сүремін,

Жалғыз өзім жүремін.

 

Шаруам жоқ ешкімде,

Керек емес туысқан.

Жақындасам бес күнде,

Ақшам кетер уыстан.

 

Өзім білем… бәрін де,

Өз өмірім бұл менің.

Жалғыз қалсам кәрімде,

Нең кетеді, ей, сенің?!

 

Кім біледі бұрысын…

Менмендіктің дұрысын.

Бес күн мынау жалғанда

Жалғыздығы құрысын!

 

Мирамбек ЖАЙЫЛХАНОВ