«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі» Қазығұрт елді мекеніндегі орталық алаңда ұлттық нақыштағы сән-салтанатымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осынау айтулы мерекені аудан тұрғындары да зор қуанышпен атап өтті.
Наурыз мерекесіне арналған салтанатты шарада аудан әкімі Азизхан Исмаилов қатысып, Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Мерекелік шара барысында ұлттық дәстүрді ұлықтайтын әндер шырқалып, жас өнерпаздар мың бұрала билеп, аудандық мәдениет сарайының қызметкерлері сахналық қойылымдар көрсетті. Көріністерде ата-бабаларымыздан келе жатқан салт-дәстүрлер мен құндылықтардың маңызы айшықталып, ұрпақтар сабақтастығы дәріптелді.
Түркі тілдес халықтардың ортақ жаңа жылы – Ұлыстың ұлы күніне орай аудан халқы ұлттық нақыштағы киімдерімен мерекенің сәнін кіргізді. Ақ жаулықты әжелеріміз ұлттық салт-дәстүрлеріміз «Бесікке салу», «Тұсаукесер» рәсімдерін өткізіп, жас келіндер мен қыздарға, болашақ аналарға нәрестені бесікке салу кезінде кездесетін ырымдар мен тыйымдарды әңгімеледі. Сондай-ақ бүлдіршіннің тұсауы кесіліп, үлкен өмірге алғашқы қадамын жасады. Жастар жағы аударыспақ, арқан тарту, кір тасын көтеру жарыстарына қатысып, жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар мерекелік жиында арнайы киіз үй тігіліп, мерекелік дастархан жайып, «Наурыз көже» дайындады.
Көршілес Өзбекстан елінен келген цирк әртістері аудан тұрғындарын тамаша өнерлерімен тәнті етсе, «Шаншар» театрының әртістері Уәлибек Абдіраймов пен Жүсіп Ақшора мерекені тамашалауға келген көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады. Наурыз мейрамы – жаңарудың, татулық пен ізгіліктің бастауы екенін тағы бір мәрте дәлелдеген бұл жиын аудан тұрғындары мен келген қонақтардың көңілінде ерекше әсер қалдырды.