БӘЙДІБЕКТЕ «ҚОШ КЕЛДІҢ, ӘЗ-НАУРЫЗ!» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК ІС-ШАРА ӨТТІ

Бәйдібек ауданының орталығы – Шаян елді мекенінде Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде аталып өтті. Көктемнің шуағын, табиғаттың жаңаруын, халықтың ынтымақ-бірлігін дәріптеген салтанатты шараға аудан тұрғындары мен қонақтары жиналып, думанды кештің куәсі болды.
✔️Мерекелік шара «Наурыз керуені» атты ерекше композициялық қойылыммен басталды. Көштің басында ақ түйеге мінген Қыдыр ата мен Жер-ана көрініс тапты. Олардың соңынан ұлттық салт-дәстүрдің символына айналған көш керуені – аттылар, құсбегілер, тазы жетектеген аңшылар, ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар, өнерпаздар, спортшылар, дәрігерлер мен ұстаздар жүріп өтті. Бұл көрініс – табиғаттың жанданып, көктемнің келуімен бірге халықтың бірлік пен татулықта өмір сүруін көрсетеді. Сонымен қатар күн мен түннің теңелуі, тіршіліктің жаңаруы театрландырылған көріністер арқылы бейнеленді. Қойылым концерттік бағдарламаға ұласып, әннен шашу шашылды.
✔️Салтанатты шарада аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов, аудандық мәслихаттың төрағасы Имангелді Түймебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағдат Қалаубай тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
✔️Осы күні Жұмысшы мамандықтары жылына орай, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі және қоғамдық қызметтегі белсенді еңбегі бірқатар азаматтар марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі