ЕСТІГЕ ОЙ ТҮЙГІЗЕДІ

Кез келген ұрпақтың, әсіресе мұрагер мен мирасқордың ежелден келе жатқан бір міндеті бар. Ол — өсиетті бұлжытпай орындау болса керек. Мұндай парызды адал өтеудің пайдасы көп. Ең бастысы — өткеннен сабақ ала отырып, ұлттық, қоғамдық сананы жаңғырту. Жалпы, діни қүндылықтарымыз тұрғысынан да оның сұрауы салмақты болары хақ.
Әлемге әйгілі ғұлама жерлесіміз ӘЛ-ФАРАБИДІҢ:
»Ата — бабаның өсиетін ұмыту, мирас-мұрасын сақтамау, əруағына бас имеу — дүниеге естімейтін, соқыр перзент əкелгенмен бірдей» деген даналығы да аға буынға орасан зор жауапкершілік артады.
Ал, түркі тілінің шарықтап қанат жаюына шығармашылығымен өлшеусіз үлес қосқан шығыс шайыры, дана Абайдың өзі құрмет тұтқан өзбек ақыны Әлішер Науаи поэзиясында аталмыш тақырып едәуір орын алған. Әділ әрі шыншылдықпен өрілген жырлары әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келеді.
Оның өсиет-толғауын әуенге салып, орындауға бейімдеген күйші Секен ТҰРЫСБЕК.
Дархан МЫҢБАЙ
Әлішер НАУАИ
Ө С И Е Т
Уа, достар, пенделерден опа кеткен,
Сыйласпай бірін-бірі қапалы еткен.
Жауласып, жұлқысудан жалықпайды,
Іргені қиратқанын тағы ұқпайды.
Батасың, шыңырауға ойға қалсаң,
Қырқысу, қырық пышақ қайда барсаң.
Жұбатар жан табылмас жылағанды,
Көрмейсің көңілі тоқ бір адамды.
Өнері бір шебердің өрлей қалса,
Біреуі оны тәуір көрмейді онша.
Осылай бақталастық жалғасады,
Ұлғайып бара-бара жауласады.
Жауыздык, қаскүнемдік бұл тірлікте,
Білсеңіз, қызғаншақтық, күншілдікте.
Тек қана өнерде емес мұндай әдет,
Ол түгіл патшалықтар тынбай әлек.
Патшаға бағынған ел жүз мыңдаған,
Бөлініп, топ-топ болып тозғындаған.
Патшаның не дегенін орындатып,
Жақыны ел билейді арын сатып.
Олардан қалыспайды әмірлер де,
Әкім бол қалу үшін әрбір елге.
Таласып әмірлікке қолбасылар,
Бір-бірін жарға жығып, орға тығар.
Қолбасы сайлансам деп мыңбасылар,
Естуге хан жарлығын күнде асығар.
Мансапқа кім болса да жанын сатқан,
Ғадет қой келе жаткан әлімсақтан…
Қайсы ұлыс билесе де талас тынбас,
Құртқанша көзін жойып тағат кылмас.
Күштілер өз маңайын тұншықтырар,
Көнбесе табанымен жаншып тынар.
Патшалар келіп жатса келісімге,
Орнайды рахат емір ел ішінде.
Жауласқан екі шаһтан күнә тартып,
Емес пе жарлы екі дос мың есе артық?
Аударған Несіпбек АЙТҰЛЫ