Татардың қызы – қазақтың келіні
Қазақы дәстүр айқындала түсетін, ұлттың ұлық мерекесі «Әз Наурыз» кеңінен айшықталуда. Жыл сайын ерекше форматта көпшілік қауыммен қауышатын мерекенің мәртебесі биіктей түсуде. Бүгінде ұлты басқа болса да жаны қазақ деп тұратын кейіпкерімізді ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылынан кездестірдік. Осы орайда Оксана Өтегенова ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтап жүрген жан ретінде көпшіліктің арасында белгілі.
Елімізде 130-дан аса ұлт пен этнос өкілдері өмір сүруде. Бірлігіміз жарасып, өзара ынтымақтастығымыздың арқасында өзге ұлт болсын өз жұртымыз болсын бірдей көрген халықпыз. Ауданымызда да өзге ұлт өкілдері өмір сүруде. Татар ұлтының өкілі – қазақ халқының келіні Оксана Өтегенова барлық жұртшылықты мерекемен құттықтайды. Кент тумасы өзге ұлт болғанына қарамастан қазақ халқының барлық салт-дәстүрін берік ұстанады. Отбасында 3 қыз, 1 ұл бала тәрбиелеп отырған ана қазірде көршілерімен «Наурыз» мейрамына дайындалуда. Жылдан жылға дәстүрге ұласқан көше Наурызы Оксана Өтегенова үшін дүбірлі той. Бір көшеде тұрып, бір нанды бөлісіп жеген көршілер қыстан аман шыққаны үшін әр жанұя біртұтас келісіп «Наурыз» мейрамын той думан қылып өткізеді. Оған дайындық орны бір бөлек. Ортақ үлкен қазанға наурыз көже әзірленіп, екінші бір қазанға сары алтындай иісі бұрқыраған бауырсақ дайындалады. Оксана Өтегенова көше наурызы қалай тойланатынымен бөлісті.
– Наурыз мерекесін мен отбасыммен және көршілеріммен бірге тойлап келе жатқаныма 23 жыл болыпты. Өзім Тереңөзек кентінің тумасымын, Асқар Тоқмағамбетов ауылының келінімін. Қазақ елі – өте бауырмал, қонақжай, ұйымшыл халық. Біз көршілерімізбен бірге Наурызды жоғары деңгейде атап өтеміз. Наурыз көжемізді де ортақ дайындап, бауырсағымызды пісіріп, бір үлкен шаңыраққа жиналып бас қосамыз. Ұлттық киімді міндетті түрде киеміз. Жай ғана жиналып дәм татып қана қоймай, қыз-келіншектер қосыла ән шырқап, балалар мәз-мейрам болып билеп, ойнап жүреді. Дастарқанымызда қазақтығымызды айқындайтын құрт-майымыз, тары-талқанымыз, әрине қазы-қартамыз да мідетті түрде болады. Барлығымыз бір ауыздан атсалысып, қазақтың жаңа жылын тойлап мәре-сәре боламыз. Бұл да бір жылы естелік. Барша қазақ халқын «Наурыз» мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Ақ мол болсын, ырыс-несібелеріңіз көп болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тек бейбітшілік заман болсын, – дейді қазақ келіні Оксана.
Көше Наурызы ерекше қызық тойланатын, есте қаларлық жиын. Арамызда өз ұлтымен ерекшеленетін әрбір азамат қазақ салты мен мейрамын ерекше күтіп, тойлайды. Ол жұртшылықтың арасында ерекше байқалатын жағдай. Бұл да керемет сезім қалдыратын дүние. Қай ұлт өкілі болсын бірлігіміз жарасып, Ұлыстың Ұлы күні «Әз-Наурызымызды» жылдан жылға көркейтіп, тойлай берейік.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ