ЖАҚСЫ АДАМ…..

Жақында жақсы көретін апамыз дүние салды. Жаназаға жиылған адамның санында есеп жоқ. Ортаға имам шығып, көпшілікке: “Өмірден өткен пенде, қандай адам еді?- деген жалғыз сұрақ қойды. Жамағат:” ЖАҚСЫ АДАМ еді”-деп жамырасып, қимай жылап жатты.
Адам баласы дүние есігін ашқанда азан айтылып, есімін қояды. Бірақ намаз оқылмайды.
Өмірден өткенде жаназа намазы оқылады, бірақ азан айтылмайды. Сол азанмен намаздың ортасындағы қас-қағым сәтті, пенденің өмірі-дейді.
Бес күндік жалғанда сенің кім болғаныңды, жаназаңда қойылған жалғыз сұрақ анықтайды екен. Сен өмірде кім болсаңда тағдырыңның нүктесін қоятын бір сұраққа, емтиханға дайындалғандай, өмір бойы дайындаласың. Жаназаңа жиылған жұрт жақсы адам-десе бағыңның жанғаны, өмір емтиханынан сүрінбей өткенің.
Жақсы адам-деп кімді айтамыз:”Біреудің арына тиіспейтін, абыройына қол салмайтын, ақысын жемейтін, ала жібін аттамайтын, жұртқа тілімен де қолыменде зәбір бермейтін пендені айтады.
Жаманы жағаңа жармасып, иті балағыңа таласып, арсызы абыройыңды төккісі келіп, абыройсызы ретсіз сөккісі келіп тұрған заманда, жақсы адам болып қалуда оңай емес ағайын.
Сын сағатыңыз соғылып, талқаныңыз таусылып, мәңгіліктің теңізіне ескексіз кеме салғаныңызда, жұрттың жақсы адам еді деген бір ауыз жылы сөзі жел тербеген желкендей Сізге үміт берері сөзсіз.
Себебі шынында Сіз жақсы адам болғаныңыз…….
МАҚСАТ СҚАҚОВ.