Көрнекті этнограф Болат Бопай өмірден өтті
Жаратқан Иеміздің хикметіне де, адам баласына берген тағдырының тосындығына да қайран қалмасқа шараң жоқ. Жуырда ғана көрнекті этнограф, ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақ Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі Болат Бопайұлыдан көз жазып қалдық. Қасиетті рамазан айында дүниеден өткен адамға жаннаттың есігі ашық болады деуші еді, Бөкеңді Алла алдынан жарылқасын!
Біліп айтатын, бипаздап сөйлейтін, әдет-ғұрпымызға жетік Бөкең тұла бойы тұнған этнограф болатын. Ол 1960 жылы 1 қаңтарда Қытай елінде қу Ертістің сағасындағы Көктоғайда туып-өскен. Жоғары білім алған соң Шынжаң өлкесіндегі оқу-ағарту ісіне атсалысты. Алғашқы шығармалары сол жақта жарық көрді. Атамекенге оралған соң этнография саласымен түбегейлі айналысты. Оның соңында қазақ этнографиясына байланысты «Қазақ мінезі», «Қазақ кәдесі», «Қазақы түс жору»,
«Бастаудан бақиға дейін», «Қазақтың гүл мәдениеті», «Қазақ наурызнамасы», «Қазақ аспан есебі» сияқты оннан астам кітаптары қалды. «Қазақ этноауылы» сияқты жобасы әкімшілік тарапынан мақұлданып, құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын мақтанышпен айтып жүретін. Тағдырдың жазуына не шара?
Болат Бопайұлы бауырымыздың туған-туыстарына, отбасына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Марқұмның жатқан жері жайлы, иман саламат, жаны жанатта болуын бір Аллам нәсіп етсін!
«Qazaqstan dauiri» газеті мен
«Мөлдір бұлақ» журналы ұжымы