Әсіредіншіл болма, бауырым!
Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі қабылдаған Конституцияның 1-бабында ҚР өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратыны анық айтылғаны белгілі. Дегенмен Конституциямыз азаматтардың діни сенім бостандығына кепілдік беретінін, сондай-ақ конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез келген түріне тыйым салатынын да қаперден шығармаған жөн. Біз шағын мақаламызда көңілге түйген бір тақырып төңірегінде ой өрбіткенді жөн көрдік.
Қазір бүкіл қоғамды ғаламтор тәрбиелеп жатқанын мойындауымыз керек. Ғаламтор теңізінде қазақтілді контенттің көбейгеніне қуансақ та, өкінішке қарай, сүзгіден өтпеген не түрлі шалағай ақпараттар мен білімдердің азаматтардың санасын улап жатқаны жасырын емес. Мұның ішінде ұлттық иммунитеті мығым, тарихы мен салт-дәстүріне қанық азаматтар кез келген ақпараттың тасқынына төтеп беруге қауқарлы десек те, жастар мен жасөспірімдер тобы қорғауға мұқтаж. Осылардың ішінде, діни мазмұндағы материалдардың арасында дәстүрлі исламға қайшы келетін, қазақтың салт-дәстүрін мансұқтайтын, әсіредіншілдікті насихаттайтын, қоғамда алауыздық тудыруға итермелейтін ақпараттар да ара-тұра бой көрсетіп келеді. Бізді алаңдататыны – әлеуметтік желінің жұлдызына айналуды мақсат еткен адамдардың әлдекімге сұхбат беріп отырғандай образға кіріп алып, қате діни уағыздарды қарша боратып жатқандығы. Бажайлап қарасаңыз, мемлекеттің дін саласындағы саясатына қайшы тұстары жетіп жатыр. Сондай «данышпандардың» арасында қазақтың ұлттық аспабы домбыраны «харамға» шығарушылар кездесіп жатыр. Бұған дінтанушы мамандар мен ғалымдар өз дәлелін көрсетіп, лайықты жауабын бергенімен, «шала молдалардың» шалағай сөздерінің дабыры біраз адамдарды әрі-сәрі күйге түсіргендей… Егер бұл «данышпандар» жүгенсіз кете беретін болса, ғасырлар бойы қазақтың мұңын мұңдап, қасіретін күй тілімен жеткізген, шаттығы мен шабытын әсем әуезге сыйдырған қасиетті қара домбырамызға үрке қарайтын ұрпақ көбейетіні сөзсіз. Мұндай жерде мамандардың пікірін алға тартқаннан басқа амал жоқ.
Жақында Астана қаласындағы Ырыскелді қажы мешітінің имамы, танымал дінтанушы, теолог, психолог Нұрлан Байжігіт бауырымыз жастармен болған кездесуінде осы сұраққа тағы да жауап беріп өтті.
– Домбыраның әрбір пернесі зар, мұң, арман, тілек, дұға, өмір, тәрбие болады. Домбыра тартпаған қазақ – қазақ емес! Әр қазақтың баласы домбыра шертуді үйреніңіздер. Біздің ата салтымыз – домбыра. Домбыраны харам деген адамның намазы қабыл болмайды! Домбыра харам деген адамның дұғасы қабыл емес! Шалкиіз атамыздың домбыраға салған термесі бар.
«Жаратты Құдай өзіңді,
Естіп тұрар сөзіңді.
Бұл әлемді көрсін деп,
Берді саған көзіңді», – деп домбыраға салып жырлаған. Жер бетінде ата-ананың тілегін, арабша уағызды қазақ домбырамен жеткізген. «Мұхаммед үмбетіне жарапазан» деп жарапазан айтқан ата-бабаларымыз. Сондықтан домбыра, біздің ұлттық аспаптар бұл дүние тұрғанда, қазақ тұрғанда ойналуы керек. Тағы да айтамын, қазақтың домбырасына тіл тигізген адамдардың намазы қабыл болмайды!» – деді Нұрлан имам.
Дін мен дәстүрді ұштастыра білген, оның бір-біріне ешқандай қарама-қайшылығы жоқ екенін сенімді деректермен дәлелдеп, ұлттық болмысымызды сақтауға, қоғамның береке-бірлігін ұйытуға ұмтылып жүрген осындай мамандарымыз көп болсын!