МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ФАРАБИТАНУ АРНАСЫ
Әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы, оның әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі орасан зор. Әл-Фараби Қазақстан аумағында туып-өсті, білім іздеп көптеген елге барды. Математика, жаратылыстану, астрономия, филология және басқа да бірқатар ілімді дамытуға зор еңбек сіңірді. Адамзаттың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол философиялық туындыларында әділдік идеясына ерекше назар аударды. Қайырымды қоғам және үйлесімді мемлекет құру мәселесіне баса мән берді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
ҚР Президенті
«Фарабитану» көптомдығын шығарудағы басты мақсат – ғұлама мұрасын зерттеген ғалымдардың еңбегін тарихи-хронологиялық реттілікпен жинақтап оқырман қауымға ұсыну. Мың жылдан бері зерттеліп келе жатқан фарабитанудың ірі қайраткерлерінің де еңбектерін жүйелеп, тұтас фарабитану мектебінің тарихын жинақтау да жоба авторларының басты мақсаты болмақ.
Әл-Фарабидің ислам философиясының аса көрнекті өкілі екені ғылыми ақиқат. Әл-Фараби ислам философиясының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Аталған жұмыста әл-Фарабидің ислам философиясын қалыптастырудағы орны, сонымен қатар оның Еуропа ғылымы мен философиясына тигізген әсері туралы тың деректер арқылы баяндалады. Бұл жұмыста әл-Фарабидің батысқа ықпалы екі жақты қарастырылады. Бірінші, әл-Фарабидің батысқа ұмытылып бара жатқан байырғы грек мұрасымен қайта таныстырудағы рөлі арқылы болса, екіншісі әл-Фарабидің шығыстық ойлау дәстүрімен жасалынған білім жүйесінің әсері арқылы түсіндіріледі.
Жұмысты жазу барысында әл-Фарабидің тікелей өз қаламынан туындаған ғылыми еңбектерінен бөлек, ортағасырдан қазіргі уақытқа дейін әл-Фараби трактаттарын зерттеген бірқатар ғалым-зерттеушінің еңбектері енгізілді. Көптомдықтың өрісін кеңейтіп, мазмұнын арттыру мақсатында отандық және бұған дейінгі жазылған шығыстық әдебиеттермен қатар, ғалым мұрасын зерттеген батыс ғалымдардың да еңбектерінен мәліметтер келтірілді.
Қазіргі қазақстандық ғылым тарихында ұлттық ғылыми мұраны еркін және әділ рухта қайта зерделеудің мүмкіндігі туды. Ұлттық дүниетанымдық және философиялық мирасты жаңғыртып, қазақстандық мемлекеттің, қоғамның және ғылымның игілігіне пайдалану, сондай-ақ ұлттың жаңашыл бетбұрысына философиялық бағдар есебінде пайдалану қажеттілігі туындады. Қазіргі өркениеттердің ғылым мен мәдениеттегі қатаң бәсекелесі орнаған заманында әрбір ұлттық мәдениет өзінің терең тарихи тамырларына бойлауға, алғашқы бастауларына назар аударып, содан нәрленуге ұмтылуда. Бұл қарекеттің ұлт тарихын қалыптастырудағы әсерін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені өзінің мәдени, тарихи, рухани мұрасын, құндылықтарын қадірлеген, ұстанған халық қана тарих сахнасында берік орнығып, сыйлы бола алады. Мәдени құбылыстарға жайбарақаттықпен қараушылық қазіргі күнде әлем елдерінде рухани дағдарыстың тереңдеп кетуіне себеп болуына, соның салдарынан кейбір халықтардың этникалық болмысындағы келеңсіз үдерістерді туындатып отыр. Әлемде болып жатқан сондай өзгерістер өзінің тәуелсіздігін қайтарып, мемлекеттігін бекемдеп жатқан қазақ халқына да өз әсерін тигізе бастады. Сондықтан кейінгі жылдары Қазақ Елі төл тарихының қойнауына қайта үңіліп, ғасырлар бойы қордаланған мол рухани мұрасын қайта жандандыруға бет бұра бастады. Фарабитану көп томдығының әзірленуіндегі негізгі мақсат та сол мемлекетіміздің ұлт тарихы бойынша ұстанған саясаты негізінде жатыр. Себебі әл-Фараби сияқты ғаламдық тұлғаның мұрасын зерттеп, оны барынша таныстыруға ұмтылу ұлтымыздың рухани деңгейінің көтерілуіне себеп болатыны белгілі. Әйгілі философ Ағын Қасымжанов айтқандай, «Әл-Фараби сынды күрделі мәдени құбылысты түсіну тек кең тарихи-мәдени бастауларды қамту арқылы ғана мүмкін болып, ғұламаның әлемдік философия тарихындағы орнын белгілеу үшін оның ойшыл және ұстаз ретіндегі терең де толық бейнесін қайта қалпына келтіруді қажет етеді».
Әл-Фаpаби өз дәyipiнiң нeмece түpiк жәнe иcлам әлeмiнiң eмec, шығыcтан батыcқа дeйiнгi әp кeзeңдe дe бүкiл әлeмгe cәyлeciн шашқан әлeмдiк дeңгeйдегi филocoф бoлды. Энциклопедиялық мол мұрасынан, oның сол кезеңдегі шығыc пeн батыcтағы ықпалының аса жоғары болғанын көруге болады. Шығыста оған оның Аристотель философиясын ең терең түсініп, анық түсіндіре білгені үшін «әл-Муа’лим ас-сани», яғни «Екінші ұстаз» деген құрметті атақты берді. Батыстың шығысқа мойын бұрып, ислам ғұламаларының мол мұрасымен алғашқы танысып, кітаптарын өз тілдеріне аудару кезеңінде де әл-Фарабидің еңбектері ең алғашқы болып қолға алынған еді.
Әбу Насыр әл-Фарабидің Ислам философиясының тарихында алғаш болып жүйелі философиялық ілім жасаушы ретіндегі орнына, логика, метафизика, саясат философиясы, музыка сияқты ғылым салаларының құлабызы болуына қарамай, қазіргі күнге дейін ол туралы еуропалық тілдерде жарияланған еңбектер мардымсыз. IX-X ғасырларда түркілердің философиясы мен ғылымы араб тілінде жазылды және сақталды. Ислам және байырғы грек рухани-ғылыми мұраларын жетік игерген түркі философ Әбу Насыр әл-Фараби араб тілді, исламдық сипаттағы фәлсафаның негізін қалап, кейін, әлемдік философия тарихының құрамдас бөлігіне айналған өзіндік, синтезделген философиялық-дүниетанымдық жүйені жасап шығарды. Оның жасап шығарған философиялық жүйесі мен оған дейін айтылмаған тың идеялары оның мұрасының исламдық шығыс философиясымен қатар, сол кезеңде тың серпін беретін идеяларға өте мұқтаж болып отырған батыс әлеміне де зор ықпал етті.
Әл-Фараби Аристотельдің, Платонның және ислам әлемінің сантүрлі көзқарастарын өз бойына сіңіріп, оны ары қарай дамытып, өзінен кейінгі христиан және ислам ойларының дамуына қуатты түрткі болды. Байырғы грек философиясы мен ислам философиясы арасында дәнекер болған Фарабидің ғылыми философиясы әлі де болса көп зерттеуді талап етіп отырғаны ақиқат.
«Фарабитану» көптомдығының алғашқы томы
Әл-Фарабидің философиясының әлемдік философия тарихында өзіндік лайықты орынға ие болуында, әрине, грек данасы Аристотельдің орны ерекше екені бәріне түсінікті. Әл-Фарабидің өзі де мойындағанындай, ол идеяларының көпшілігінің бастауын өзінің «рухани ұстазы» деп мойындаған Аристотельден алған. Бірақ осы тұста Аристотельдің де әл-Фарабиге борыштар жерлерін айтып өтуге болады. Қазіргі күнде Әл-Фараби мұрасын зерттеушілердің бірі философ Жақыпбек Алтаев «Екінші ұстаз» логикасындағы жаңашылдық туралы белгілі фарабитанушы Ағын Қасымжановтың еңбегіне сүйене отырып мынадай дәйектеме жасайды: «Әл-Фарабидің логикаға қосқан үлесін бір-ақ нәрседен көруге болады: Аристотельден коп нәрсе үйренгенімен, ол өзінің ізашарларына сүйеніп, араб тілді сөздік құрады, әрі Аристотельден бірде-бір термин алмайды».
Осы тұста әл-Фараби жайлы бірқатар батыс зерттеушілерінің көзқарастарына тоқталып өтелік. Француздың белгілі шығыстанушысы Диляс Олъери: «Фарабидің ұлылығы туралы не айтсақ та, әсірешілдікке ұрынбаймыз. Ибн Синаның, Ибн Рушдтің көптеген еңбегіндегі кез келген идеялардың, ойлардың түпкілікті мәндік негіздері осы әл-Фарабидің ілімінде жатыр» дейді. Фарабитану көптомдығының бірінші томында әл-Фарабидің философиясы оған дейінгі және одан кейінгі философиялық бағыттар мен философтардың көзқарастарымен салыстырыла қарастырылады, сондай-ақ орта ғасырлық араб-мұсылман зерттеушілерінің еңбектері басшылыққа алынады.
Батыс елдерінде танылмас бұрын әл-Фарабидің аты Түркістан, Оңтүстік-Батыс Азия, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка мен Испанияда ғылыми орталарда белгілі болды. Әл-Фарабидің еңбектері кейінірек, Батыста XII-XIII ғ.ғ. арамей және латын тілдеріне аударыла бастады. Фарабидің философиясындағы теология мен метафизикаға қатысты ойларды Батыста әуелі Ұлы Альберт, Акуинолық Томас сынды философтар қолға алды. Әл-Фарабидің трактаттарындағы философиялық мәселелерге жеке-жеке тоқталып, толық талдау жасалған Мухсин Махди мен Д.М.Данлоптың еңбектеріне ерекше назар аударуға болады. Бірақ әл-Фараби туралы жасалынған осы зерттеулердің барлығы Батыс әдебиеттерінде, оның шығыстық ізбасарлары Ибн Сина, Ибн Рушд, Ибн Туфайл жайлы жазылған еңбектермен салыстырғанда мардымсыз болып тұр. «Фарабитану» көптомдығын құрастыру барысында ислам философиясын және әл-Фарабидің мұрасын жаңаша түрде, егжей-тегжейлі дамытқан француз тілді араб философы Ибраһим Мадкурдың «Фарабидің ортағасыр ислам философиясындағы орны» атты еңбегі де қамтылды.
Әл-Фараби шығармашылығының әр саласы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізген Р.Хаммонд, М.Хортен, М.Гилсон, Карра де Во, Д.Рейсман, Г.Сартон, Й.Паренс, И.Гольдциэр, Г.Фармер[11], Э.Ренан, Д.М.Данлоп, М. Фахри[12], Р. Вальцер, М.Гэлстон сынды белгілі ғалымдардың еңбектері қарастырылды.
Бұдан өзге, кейініректе тақырыпқа байланысты зерттеу жүргізген М.Махди, Й.Неттон, Т.А.Друарт, Ф.М.Нажжар, К.Колмо, Д.Л.Блэк, Х.Корбэн, П.М.Бушмиллер, Баттеруорз сияқты шетелдік ғалымдар фарабитану ілімін әрі дамытты, әрі кең насихаттады.
Әл-Фарабидің ілімін зерттеушілер қатарына А.К.Көбесов, Е.Д.Харенко, Б.Я.Ошерович, А.С.Иванов, К.Х.Таджикова сияқты зерттеушілерді, аудармашыларды қосуға болады. Тақырыпқа қатысты мазмұнды және маңызды зерттеулер жасаған зерттеуші ғалымдар ретінде Ә.Дербісәлі, Ғ.Қ.Құрманғалиева, А.М.Кенесарин, Г.Р.Қоянбаева, А.М.Әмреқұлов, А.С.Қабылова сынды авторларды ерекше атауға болады.
Қазақстанның тәуелсіздік алуымен ұлт тарихына байланысты басқа салалардағы сияқты әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеуде де жаңа бетбұрыстардың белең алғаны рас. Фарабитанудың бұл кезеңіне зерттеу тақырыптарына қатысты тың, жаңашыл және тәуелсіз ұстанымдардың қалыптасуы, әдістемелік өлшемдердің бұрынғы кеңестік талаптардан және идеологиялық – цензуралық шектеуден арылуы, әл-Фарабидің рухани, ғылыми, идеялық мұрасын жаңаша, еркін көзқарастар арқылы әділ де соны ғылыми әдістер негізінде қарастыру мүмкіндігінің тууы тән болды. Әл-Фарабиге қатысты кейбір жаңсақ пікірлердің негізсіздігі дәлелденді; әл-Фарабидің өзіндік дара тұлғасы, тәуелсіз, өзіндік келбеті анықталды; оның кейбір діни көзқарастарына исламдық рухани ортаның әсері зерделене бастады.
Тәуелсіздікті қайтарғаннан кейінгі жылдарда әл-Фарабидің философиялық мұрасын насихаттаған ғалымдардың, санатына академик Ә.Нысанбаев, Д.Кішібеков, М.Әуезов, А.Қасабек, М.Орынбеков, Ж.Алтаев, Г.Әбдіғалиева, Н.Бәйтенова, Ж.Бекбосынова, Т.Ғабитов, Г.Нұрышева, А.Қабылова, Қ.Жамалов, С.Нұрмұратов, Г.Соловьева зерттеулерін жатқызуға болады.
Әл-Фарабидің ғылыми мұрасын жаңа әдіснамалық-тұжырымдамалық тұрғыдан қарастырған, Фарабиді насихаттауға бағытталған туындылар қатарына Ә. Нысанбаевтың «Әл-Фараби және Шығыс философиясының дамуы», М.Бурабаевтың жетекшілігімен жарық көрген «Әбу Насыр әл-Фараби философиясы», А.Көбесовтің «Әбу Насыр әл-Фараби», К.Таджикованың «Әбу Насыр әл-Фараби. Әріптер кітабы» атты еңбектерін атап өтуге болады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жыл сайын әл-Фарабидің рухани мұрасына арналған конференциялар өткізіліп, ол туралы мақалалар жинақтары басып шығарылады.
«Фарабитану» көптомдығының алғашқы 10 томдығын дайындау барысында фарабитануда соңғы жылдарда орын алған жаңа серпілістер мен бетбұрыстарды, әл-Фарабидің ғылым мен философия тарихындағы орнын жаңаша бағалау дәстүрінің қалыптасып келе жатқанын, шет тілдеріндегі тың мағлұматтарға, дереккөздерге сүйену үрдісінің кең таралуын байқауға болады. Бұл жаңашылдықтың арқасында әл-Фарабидің мұрасының әлі ашылмаған тұстарын және оның өзінен кейінгі ғылыми үдерістің дамуына тигізген әсерін қайта бағамдауға жақсы мүмкіндік туды.
Жақыпбек АЛТАЕВ,
Әсет ҚҰРАНБЕК, Қанат АЛТЫНБЕК,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
Философия кафедрасы