Пәруана
Тоқсанбай бабадан тараған төртеудің біреуі Жылтыр ата, одан Төлетай, одан Сұлтан деген ағамыз еді ғой.
Шыр бітпеген қу сирақ кедей. 1932 жылғы Голощекиннің ашаршылығында, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұран шыққан заманда, ауданнан келген уәкіл, ауылдан шыққан белсенділер үй-үйді тінтіп, бір түйір дән табылса, кәмпескелеп келе жатып, Сұлтан көкеміздің құжырасының тұсынан өтіп бара жатады.
– Бұрылмаймыз ба? – дейді ауданнан келген уәкіл.
– Бұл байғұс битін сығып, қанын жалап отырған қу кедей, – деп ауылсовет бұрылмайды.
Бұларды көрген Сұлтан жертөлесінен шығып:
– Оу, мырзалар, мә, мынаны ала кетіңдер, бір тостаған арпа… ала кетіңдер, – дейді.
– Ой, байғұс-ау, өзің аштан өлесің ғой, – деп жаны ашығансиды ауылсовет.
– «Көппен көрген ұлы той» деген, – депті Сұлтан көкеміз.
Сол Сұлтан қыстың күні жүні шыққан жаман көрпесін жамылып жүруші еді. Басқа киер лыпасы жоқ.
Сөйткен Сұлтанды, бір ауыз орысша білмейтін, әліпті таяқ деп танымайтын, өмірі мылтық ұстап көрмеген тақыр сауатсыз Сұлтанды әскерге алып, Совет өкіметі Ұлы Отан соғысына салды-ау. Сталинград қасапханасына.
Моласы белгісіз, ешкім оған арнап дұға да оқымайды. Еске де алмайды.
Бір кем дүние.