Аңыз

Бір әйел күн сайын екі нан пісіретін. Біреуін – отбасына, екіншісін – кездейсоқ өтіп бара жатқан біреу үшін. Сол екінші нанды әйел терезе алдына қойып қоятын, жолдан өткен кез келген адам оны алып кете алатын.
Күн сайын терезеге нан қойғанда, ол үйден кеткен ұлы үшін Аллаға жалбарынып дұға ететін. Ол ұлын жақсы өмір табуға кеткен кезден бері көрмеген еді, бірақ үнемі аман-есен оралуын тілеп отыратын.
Бір күні әйел күнде келіп, нан алып кететін бір бүкір кісіні байқады. Бірақ ол ешқашан рахмет айтпайтын. Тек үнемі міңгірлеп айтатыны:
– Жамандық өзіңізде қалады, ал жақсылық өзіңізге қайтып оралады! – дейтін де, жүріп кететін.
Бұл күн сайын қайталанып жүрді. Әйел алғысты естімеген соң, өзін алданғандай сезіне бастады.
Бір күні, ашу үстінде:
«Мына жиренішті бүкірден құтыламын!» – деп, екінші нанға у қосып жіберді.
Бірақ терезеге қояр сәтте, қолы дірілдеп кетті. «Мен не істеп жатырмын?» – деп, ойланып, у қосылған нанды отқа тастады. Сосын қайтадан таза нан пісіріп, оны терезеге қойды.
Сол баяғы бүкір келіп, нанды алып, тағы да:
– Жамандық өзіңізде қалады, ал жақсылық өзіңізге қайтып оралады! – деп кетіп қалды. Әйелдің ішінде алай-дүлей сезімдер тулап жатқанын әрине ол білмеді.
Сол кеште біреу есік қақты. Әйел ашқанда, есік алдында тозған киімдегі, жүдеу, аш әрі әлсіз ұлы тұр еді.
– Анашым, бұл нағыз ғажап! Үйден бар болғаны бірер шақырым жерге келгенде аштықтан есімнен танып, құлап қалдым.
Сол сәтте бір бүкір шал келіп, маған бүтін бір нан берді. Ол – күні бойғы жалғыз асы екен, бірақ менің оған көбірек мұқтаж екенімді айтып, маған ұсынды.
Ол сөздерді естігенде, әйелдің беті ағарып кетті, құлап қалмас үшін есікке сүйенді. Таңертеңгі у қосылған нан есіне түсті. Егер ол уланған нанды отқа тастамай, терезеге қойған болса – сол нан дәл өзінің ұлына бұйырар еді…
Сол сәтте әйел бүкір шалдың сөзінің мәнін терең түсінді:
«Жамандық өзіңізде қалады, ал жақсылық өзіңізге қайтып оралады!»
Ғибрат:
Жақсылық жасаудан ешқашан жалықпаңыз – оны бірден бағаламаса да, ол міндетті түрде өзіңізге жақсылық болып оралады.
Желіден алынды