«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында

 

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Т.Рысқұлов ауданының

Құрметті азаматы, белгілі журналист, ақын Кәріпжан Нүсіптің шығармашылығына арналған «Кәріпжанмен сырласу»

 атты әдеби мюзиклдің сценарийі

 

Өтетін орны: М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің үлкен залы

Өткізілетін мерзімі: 11.04.2025 жыл, сағат 1100

Безендірілуі: Баннер, кітап инсталляциясы, кітап макеті, бейнеролик.

Ашылуы: «Біз екеуміз» көрінісі

Кітапханашылардың поэзия оқуы

 

1-жүр: Қайырлы күн  құрметті қонақтар мен жыр сүйер қауым!

 

1-жүр: Т.Рысқұлов аудандық орталық кітапханасының «Жазушымен бір күн» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, белгілі журналист, ақын Кәріпжан Нүсіптің шығармашылығына арналған «Кәріпжанмен сырласу» атты әдеби мюзиклге қош келдіңіздер.

 

1-жүр:  Жасырғам жоқ ештеңе өлеңімнен,

Жырмен нәзік нақыш сап келемін мен.

Жайып салған бүкпесіз жан сырымды,

Қабылдар деп халқыма сенемін мен — деп қазақтың ақын қызы Шырын Мамасерікова жырлағандай, өлеңде ет-жүректі елжірететіндей, намысты қамшылайтындай құдірет бар. Ақын — ұлттың байлығы. Ол ұрпақтарды рухани қоректендіріп, адамгершілік пен шыншылдықтың, әділеттілік пен адалдықтың негізін қалайды.

 

1-жүр: Бүгінгі іс-шарамыз Қарт Алатау бөктері мен ежелгі Жібек жолы бойында орналасқан Тұрар Рысқұлов ауданының Құлан өңірінен түлеп ұшқан, өмірі қара сөзбен өріліп, шығармалары тәрбиеге төгіліп тұратын белгілі ақын Кәріпжан Нүсіпұлы ағамыздың шығармашылығына арналады.

 

1-жүр: Жыр өнері – адамзат мәдениетінің баға жетпес құндылығы десек, поэзия әлемінде өзінің қолтаңбасымен танылып, замана үнін, ұлтының мүдессін өлең жолдарымен өрнектеген ақын шығармашылығына арналған әдеби мюзиклдің  қадірлі қонақтарымен таныс болыңыздар!

 

  1. Исмайл Қайрат Әбілханұлы – аудан әкімінің орынбасары;
  2. Абдинова Эльмира Елеусізқызы — Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры;
  3. Бижанов Қожайхан Қазыбайұлы –Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы;
  4. Күміс Нүсіпқызы – зейнеткер, ақынның қарындасы;
  5. Қаржаубай Керімбаев — Жамбыл телевизиясының алғашқы бас режиссері, телевидение ардагері, ақынның жиені;
  6. Намазбаева Айназым Кәріпжанқызы — Тараз қаласындағы білім бөліміне қарасты №40 гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі, ақынның қызы;
  7. Атабаева Гүлназым Кәріпжанқызы — жеке кәсіпкер, ақын шаңырағының отын өшірмей отырған қызы;
  8. Қарасаева Қамар Рахметуллақызы — Кәріпжан ағамыздың шәкірті, қаламгер, «Aq jol» газетінің Әлеумет бөліміне жауапты аға тілшісі;
  9. Үсейнова Ардақ Жаңбыршықызы — ҚР Журналистер одағының мүшесі, жазушы, журналист;

10.Абаилдаев Табиғат Махатұлы – ақын,Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі.

11.Бықыбаев Нұрлан Дүйсенәліұлы – аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы;

1жүр:   Ән сал жаным,

Әніңмен тербет мені.

Бір сәтке тынсын тірлік жер-көктегі, — деп жырлағандай, Кәріпжан ағамыздың өлеңіне жазылған әнге кезек берейік.Ақынның сөзіне жазылған «Сұлутөр аруы» әні. Сахна төрінде Халықаралық қазақ композиторлар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінің «Сұлутөр» халықтық ән-би ансамблінің жетекшісі, әнші, сазгер Рысбек Қадірқұлов. Қарсы алыңыздар…

 

«Сұлутөр аруы» әні орындалады

 

Жүр:  Сәл ғана бос мезгілде жарыған шақ,

Туған жер, тұрмай менен қалып алшақ,

Асығып жетем саған өткен шақтың

Өмірлі өрнектерін жаным аңсап – деп жырлаған Кәріпжан Нүсіпұлы Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Ленин атындағы қой кеншарының №3  бөлімшесінде (қазіргі Қорағаты ауылы)  1940 жылдың наурыз айының 13 жұлдызында дүниеге келген.

Ақын ұзақ жылдар бойы баспа орындарында қызмет етіп, журналисттің ауыр жүгін арқалап жүрсе де, поэзиядан – қазақтың қасиетті қара өлеңінен қол үзбеген талантты жандардың бірі.

2000 жылы Алматы қаласындағы «Ақ жол» өндірістік кооперативі баспасынан ақынның «Өмір өрнектері», «Өнер деген өлке бар» және балаларға арналған «Балаларға байғазы» жыр жинақтары жарық көрді.

Ал «Сырсандық» деп аталатын ақынның жаңа жинағына әр жылдары жазған лирикалық өлеңдері мен толғаулары, балладалары, төрттағандары енді. Онда замандастырымыздың ерлік еңбегі, отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігі, тылсым табиғат сырлары егемен ел бейнесі жырланады. Олай болса, Кәріпжан Нүсіпұлының өмір мен өнер жолын баяндайтын арнайы бейнероликке назар аударсақ.

 

Бейнеролик көрсетіледі

 

Жүр: Ақынның өмірден көргені, түйгені телегей теңізге айналған шағында жарқырап шыққан, ойы өрелі, тәлім-тәрбиелік маңызы, мәні өте жоғары құндылыққа ие. Өлеңдер мен толғаулардан, мақалдар мен мәтелдерден топтасқан  кітаптары оқырман жұртшылықтың  ойында жүрген, бірақ айта алмай жүрген жан тебіренісін толғап, өмірлік өнеге көрсетеді.

Өнерпазға көпшіліктің көңіл бөлуі, құрметтеуі шабыт шақыратыны жаратылыстан берілген қасиет. Сондай талантты ақынның бірі –Нүсіп Кәріпжан ағамыз еді. Олай болса, ақынның жыр-шумақтарына кезек берсек. Ортада кітапхананың тұрақты оқырмандары.Қабыл алыңыздар!

 

Жыр-шумақтар оқылады

 

Жүр: Ауылда туып, ауданда тұрып, қалың қазаққа танылған Кәріпжан Нүсіптің ұлттық бояуы қанық, қарапайым өлеңдері елге белгілі. Қашан да қазақы болмысынан айнымаған ақынның мерейлі белесі өзінің туған халқымен бірге. Ақынын ардақтаған елдің еңсесі биік, жүзі жарқын болады. Қаламына сүйеніп әлемнің тыныштығын күзеткен шығармашылық адамына құрмет пен қошемет те елдің елдігін, ұлттың ұлттығын танытса  керек. Жаны жарқын, даладай кең, ойлары түпсіз теңіздей терең, пейілі періштедей, адал жүректі жандар ғана ақын болады,  анасынан Алланың  құдіретімен ақын болып туады. Кәріпжан Нүсіпұлы да дәл осындай ақын. Олай болса,  ақын жайлы арнайы дайындаған бейнероликке кезек береміз. Экранға назар аударсаңыздар!

Бейнеролик көрсетіледі.

 

Жүр: Кәріпжан Нүсіпұлының жүрек лүпілінен туған өлеңдері халық жанына жұбаныш, оқырмандарға қуаныш әкелген. Кәріпжан Нүсіпұлы қара сөзбен де тартымды дүниелер жазды. Өзі – жібек, өлеңі өткір ақынның жыр жолдарына кезек берсек. Ортада кітапхананың тұрақты оқырмандары. Қабыл алыңыздар!

 

Кәріпжан Нүсіптің өлеңдері оқылады

 

Жүр: Тұрар Рысқұлов ауданының бұрын «Коммунистік еңбек», кейін «Құлан таңы» деп аталған газетінде Кәріпжан ағамыз 40 жыл еңбек еткен. Басылымның бар ауыртпалығын арқалап, көптеген шәкірт тәрбиелеп, қарапайым жұрттың мұң-мұқтажын билікке жеткізуде өткір фельетондар жазған майталман журналист еді. Шумақтары тап-тұйнақтай өрілген, мағынасы терең ойға жетелейтін өлеңдерімен талантты ақын ретінде де танылған жан. Ендеше, бүгінгі кештің қонақтары – Қайрат Әбілханұлы, Эльмира Елеусізқызы, замандастары – Қожайхан Қазыбайұлы, Тұрсынхан Есімқұлұлы және ақынның шәкірттері – Үсейінова Ардақ, Қарасаева Қамар және Абаилдаев Табиғатты ортаға шақырамыз.

 

Сөз сөйлейді

 

Жүр: Құрметті қонақтар!  Бүгінгі іс-шарамызда естелік ретінде сахна төрінде тұрған картинаға өз қолтаңбаңызды қалдыруыңызды сұранамыз. Бұл біздің жыл ішінде өтетін кітапханалық іс-шарамыздың барлық қатысушыларына қол қойдырып, кітапхананың естелігіне айналатын  жобамыз.

 

Жүр:  Арманы — асқақ, тілеулес

Көңілін көптің баса алман.

Адамға бақыт сыйлаған

Өмірді сүйем жасарған — деп жырлаған ақынның бауырлары мен қыздары бүгін ортамызда. Ендеше, сіздерді сахна төріне шақырамыз.

 

Сөз сөйлейді

 

Жүр: Ақынның әр өлеңінен адамдықтың, адалдықтың самалы есіп тұратын, оқырманын қашанда әділдікке, парасаттылыққа, шынайылыққа жетелейтін Кәріпжан Нүсіптің шығармашылығы мәңгілік жасай бермек. Олай болса, құрметті көрермендер, келесі кезекті «Кәріпжанмен сырласу» айдарына берсек. Әрбір қонақтың қасындағы орындықтарда ақынның жыр-шумақтары жазылған кітап қойылған. Сол жыр-шумақтарды мәнерлеп оқып берсеңіздер.

 

Қонақтардың мәнерлеп оқуы

 

Жүр: Өлең өлкесінің дүбірлі бәйге алаңында тізгінін тартпай, шашасына шаң жұқпас жыр пырағымен оқырмандарды сүйсіндіріп жүрген асқақ рухты ақынның сөзіне жазылған бірнеше әндер де бар. Ендеше кітапхана қызметкерлерінің орындауында Кәріпжан Нүсіптің сөзіне жазылған, Рысбек Қадырқұловтың әні  «Серіктесіп жүрейік» атты әнін қабыл алыңыздар.

 

Ән айтылады

 

Жүр: Кәріпжан Нүсіптің шығармашылығы мен еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі, оның қаламынан туған өлеңдер оқырмандардың жүрегінен орын таба бермек. Бүгінгі Кәріпжан Нүсіптің шығармашылығына арналған тағылымы мол «Кәріпжанмен сырласу» атты әдеби мюзикл өз мәресіне жетті. Келесі кездескенше, қош — сау болыңыздар!