Елімізге білімді мамандар қажет
Мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанына да көп уақыт өте қойған жоқ. Президенттің бастамасы еліміздегі жұмысшы мамандықтарының ролі мен беделін көтеруге бағытталған әрі орта арнайы оқу орындарына артар жүгі үлкен болмақ.
Жамбыл облысы Қаратау қаласына және ауданымыздың ауыл-аймақтарына, жақын көршілес облыстарға Түркістан, Алматы облыстарына белгілі орта арнайы оқу орындарының бірі – Қаратау технология, білім және бизнес колледжі.
Колледждің материалдық-техникалық базасы күннен-күнге жаңарып, толықтырылуда. Жастардың жан-жақты білім алып, бос уақыттарын сапалы өткізулері үшін түрлі үйірмелер: спорт секциялары, «Тарихи өлкетану» және «Өлкелік әдебиеттану» атты «жас математик», «жас электрик», «жас радиотанушы» және «жас ақпаратшы» атты тікелей білімділік мақсатты көздейтін үйірмелер және «Ақ білек» қыздар клубы жұмыс істеп жатыр. Жылдан-жылға оқытушыларымыздың қатары білімді де білікті кадрлармен толықтырылуда. 2024-2025 оқу жылында колледжге физика пәнінен оқытушы болып кірген Динара Жұмалина, былтыр ғана ЖОО-ны бітіріп келген ағылшын тілі маманы Меруерт Тұрдияр, биыл келген оқытушылардың ішінде Гүлбану Рамазанова, тарихшы Жанна Бейсенбай, қазақ тілі мен әдебиеті маманы Қамар Ерғалиева, Фарида Ахметова, психолог Жұлдыз Сарыбаева өздерінің түрлі шығармашылық ізденістерімен көзге түсіп, колледж жастарына сапалы білім және саналы тәрбие берулерімен ерекшеленіп жүрген кадрлар.
Колледж тәрбие ісіне ерекше мән береді, (директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Баян Айтқалиқызы Жилбаеваның басшылығымен) ол үшін оқу ғимаратының акт залында Ювеналды полиция қызметкерлерімен, құқық қорғау органдарының түрлі лауазым өкілдерімен кез келген кәмелетке толмаған студенттердің түнгі уақытта көшеде жүруіне қойылатын шектеулер және «ойын-сауық жерлеріне бара қалған жағдайда өз-өздерін қалай ұстауы тиіс» деген сұрақтар толыққанды түсіндіріледі.
Біздегі ерекшеліктердің бірі – кісі қызығарлықтай мамандықтар көп болып отыр.
Оның ішінде, «Ақпараттық жүйелер технигі», «Электр жабдықтарын жөндеу жөніндегі электр слесарі» және «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету» атты мамандықтарға көбінесе ер балалар түсіп, бітіріп шығуда. Олардың мамандыққа деген қызығушылықтары ерекше үлкен деп толық сеніммен айтуға болады.
– Қаратау қаласында жұрттың көбі қызығатын орта арнайы мамандар дайындайтын орта арнайы кәсіби-техникалық колледждер саны жағынан аздау болғанымен, «осында оқимын, жұмысшы мамандығын аламын» деген жастар үшін есігіміз айқара ашық.
Шәкіртақы алып, оның үстіне ай сайын ыстық тамақ берілетін болғандықтан, әр студент 40 мыңға дейін ақша алып, бәрі де қуана-қуана оқып жатқандығын байқауға болады.
Осындағы өндіріс орындарына барып, олардың тыныс-тіршілігімен таныстырып қайтуда «Электр жабдықтары» пәнінен сабақ беруші, «Арнайы пәндер» циклының меңгерушісі Оңалов Теңізболат пен осы цикл оқытушысы Мұрат Мыңбаевтың студенттерге білім, білік, тәжірибеден өткізудегі ролі ұшан-теңіз!
«Арнайы пәндер» циклында 2024-2025 оқу жылының бірінші жартысында пән апталығы өткізілді. Ол апталықтардан да студенттер қауымы жұмысшы мамандықтарына қажетті көптеген мағлұматтарды алды деп ойлаймыз. Пән апталығында Гүлмира Тапелова, Надира Жолдасова мен Жамиля Назарова атты оқытушыларымыз ашық сабақтар өтті.
Әсіресе, есте қаларлықтай болып өткені Надира Жолдасованың ашық сабағы өте тартысты, ақпаратқа толы болғаны байқалды.
«Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығынан т.ғ.к., ғалым-ұстаз Данияр Оралбекұлы Сабденбеков мамандықтың қыр-сырын үйретуге ерекше мән беруде, оқытушының шәкірттері тек Қаратауда ғана емес, алыс-жақын облыс орталықтарында және ТМД елдерінің аумақтарында қызмет етуде.
Студенттерге барлық жағдай жасап, колледж үшін тынбай ұйымдастыру және басшылық қызметін жасап жатқан Алмасхан Жүзжасаровтың да еңбегі өте көп. Қоғамның сұранысын тамыршыдай тап баса білген Мемлекет басшысының әрбір бастамасын колледж ұжымы бірі де қалмай қолдайды деп толық сендіре аламын.
Әлима ЖҰМАБАЕВА,
Қаратау технология, Білім және бизнес колледжі
тарих пәні оқытушысы, Жамбыл облысы
Қаратау қаласы