Қыз тәрбиесіне көмектесетін энциклопедия

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің  №17 жатақханасында «ТДМ-4» «Сапалы білім» аясында өткен аптада  «Аруна» балалар баспасынан жарық көрген «Қыздарға арналған энциклопедия» атты кітаптың таныстырылуы өтті. Кездесуге баспаның бас редакторы  Қарлығаш Байғабылова келіп қатысты. Ол бұл кітаптың үлкен сұранысқа  ие болып отырғанын атап айтты. Сондай-ақ ішіндегі  материалдар мен мәліметтер  заман талабына сай өзгерістерге икемделіп, жаңа ақпараттармен толықтырылғанына баса мән берді.

Қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген, өйткені әрбір қыз бала – қоғамның мүшесі, болашақ ана, отбасы ұйытқысы, ұлттың болашағы. Қыз тәрбиесінде ұлттық дәстүрлер мен құндылықтарды сақтау, рухани және моральдық тәрбие беру маңызды.  Ол тек ата-ананың ғана емес, қоғамның да міндеті. Қыз баланы салт-дәстүрлермен таныстыру, оның бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастырумен тең. Олардың  білім алуына ерекше көңіл бөлген жөн, себебі білім қыздың өз-өзін дамытуына, қоғамда өз орнын табуына көмектеседі. Адамгершілік, адалдық, жауапкершілік сияқты қасиеттерді бойына сіңірген жөн. Отбасылық өмірге, ана болуға, үй шаруашылығына дайындау керек. Отбасының берекесі мен тыныштығын сақтау, сүйіспеншілік пен құрмет көрсету қыз балаға байланысты, сондықтан денсаулығына көңіл бөлудің маңызы орасан. Спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырған абзал және де эмоцияларын түсініп, оларды басқаруға үйреткен дұрыс. Сондықтан психологиялық қолдау көрсетіп, өзін-өзі дұрыс бағалай білуін бойына сіңіру керек.

Бойжете бастаған қыздардың  тәрбиесіне көмекке келе алатын энциклопедия – жас қыздардың өмірінде маңызды рөл атқаратын, олардың жеке дамуына, білім алуына және әлеуметтік қатынастарын нығайтуға арналған ақпараттық жинақ. Кітапта қыздардың өзін-өзі тануына, өзіне сенімді болуына, мақсаттарына жету жолында мотивация алуға көмектесетін пайдалы ақпараттар мен тәжірибелер ұсынылған. Энциклопедияның мақсаты – қыздардың өмірлік дағдыларын дамыту, оларды рухани және физикалық тұрғыдан жетілдіру, сондай-ақ, қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Сондықтан энциклопедияда қыздарға қажетті кеңестер, өмірлік дағдылар, денсаулық сақтау, психология, сән мен стиль, білім мен мансап, сондай-ақ, отбасы мен қарым-қатынас мәселелері қамтылған.

Еңбекте қыз баланың балаң кезден тұлғаға дейінгі барлық әрекеттері қамтылған. Тіпті, бой түзеу, ортада өзін ұстауы, қылық-әрекеттері, сыпайылық пен ақылдылық қыз баланың ажарын аша түсетініне мән берілген.  Нағыз сұлулықтың мәнін сыртқы келбет емес, оның жан дүниесінде болатынын, адамның көркі  жайдары мінезде екенін кітап құрастырушылары басты қағида етіп ұстанғанын жеткізді. Мәселен, қыз баланың сымбаты ғана емес, сонымен бірге әрбір қозғалысының өзі тіпті  денесін тік, аяғын түзу басқан кездегі жүрісі де оның ішкі дүниесіне де байланысты екенін, онда да мән бар екенін алға тартты. Сенімді адам еркін, сенімсіздің иығы салбырап, арқасын бүкірейтіп, қыз баланың бейнесіне жарасымсыз келбет әкелетінін, оны жоюдың алғышарттары туралы біраз  пікірталастар орын алды. Орынсыз сөйлеп, орынсыз күлу қыз балаға жат нәрсе екенін, қыз баланың қатты күлгеннен жәй жымиысы ғана оның жарасымды қылығы, инабатты да иманды болмысын ашатыны мысалға келтірілді. Еңбекте қыз баланың психологиялық жағдайлардан шығу жолдары да қарастырылған.  Қоғамда жиі кездесетін түсініспеушіліктер, ата-анамен, дос-құрбы т.б. қарым-қатынас, ренішті қайтару жолдары, мінездегі ұстамдылық сияқты іс-қимыл әрекеттері,  тіпті тағатын бұйымдары, киетін киімдеріне шейін сараланып, нақты жолдары көрсетілген мазмұнды да өзекті еңбек екені  атап өтілді.

Жас филологтардың қызығушылығын танытқан кітаптың мазмұны мен құрылымы бір-бірімен сабақтас, өзекті тақырыптармен қамтылған. Қыз баланың ес біліп, етек жиған кезінен бастау алатын эстетикалық құндылықтардың бәрі қамтылғанын  студент жастар бірден байқады. Кітапты құрастырушылар мен оның ішіндегі материалдарына қызығушылық танытқанын қызу таласқа түскен диалогтардан байқадық. Сұрақтар негізінен кітаптың жазылу барысына, көтерілген тақырыптарына қарай қойылды. Атап айтқанда, қыз балаға қатысты этикалық, эстетикалық тәрбиенің қоғамдағы болып жатқан кейбір келеңсіз көріністермен салыстырылып, тіпті адам жаны  қынжылатын жағдайлардың кездесіп жататынына күйінетіндерін жеткізді. Қазақ қызы бойындағы имандылықтың, әдеп пен ұяттың жиынтығы жиналған бейнесіне мұндай әрекеттер жат екенін қолдарына тиген  еңбек те дәлелдейтінін алға тартты.

Кітап талқылауға қатысушылар қыз баланың жаратылысына қатысты нақты деректер мен шешімдерді,  мазмұнды ақпараттарды ғана емес, ұлттық рухани болмысына сай тәлімді де бойына жинады деп есептейміз. Кездесуде баспа туралы ақпарат беріліп, соңғы кезде жарияланған «Ежелгі эпостар», «Ежелгі Қазақстан әпсаналары», «Қазақстандық ертегілер» кітаптары да таныстырылып, жатақхана кітапханасына бір-бір данадан сыйға тартылды.

 

                                                                                                          Сәуле БАЙМЫРЗАҚЫЗЫ,       

                                                                              әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д.,

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ