ТЕМІРЖОЛ ТЕХНИКАСЫН ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрі Ескендір Нагаспаев Петропавл қаласындағы теміржол техникасын өндіретін ірі кәсіпорын – Railways Systems KZ кластерінің құрамына кіретін ЗИКСТО зауытына жұмыс сапарымен келіп, жаңа өндірістік корпустың құрылысымен және кәсіпорынды жаңғыртуға бағытталған ауқымды жоспарлармен танысты.

  Жаңа жоба аясында толық автоматтандырылған және роботтандырылған технологияларды енгізу жоспарлануда. Бұл кәсіпорынды заманауи талаптарға сай етіп, өнім сапасын арттыруға және өндірістік көлемді ұлғайтуға жол ашады.

Railways Systems KZ компаниясының бас директоры Роман Павлингердің айтуынша, кәсіпорынның басты мақсаты – халықаралық стандарттарға сай, жоғары технологиялық өндірісті қалыптастыру. “Біз өндірістің көптеген учаскелерін толық автоматтандыруды және роботталған жүйелерді енгізуді көздеп отырмыз”, – деді ол.

Жаңа корпустың көлемі 12 000 шаршы метрді құрайды, мұнда 950 адам жұмыспен қамтылатын болады. Өндірістік қуаты – жылына 3000 дана теміржол құрамын шығару. Министрге жобаның техникалық төлқұжаты мен негізгі өндірістік алаңдардың сызбасы ұсынылды.

 Қазіргі таңда 6 ескі нысан бұзылып, тағы 9-ы бұзуға дайындалуда. Роботтық кешенге арналған іргетас та дайын. 2025 жылдың мамыр айында іске қосу-жөндеу жұмыстары басталады деп күтілуде, ал жыл соңына дейін 48 жабдық бірлігі орнатылады.

“Бұл – технологиялық серпіліс. Біз болашақтың өндірісін қалыптастырып жатырмыз”, – деп атап өтті кәсіпорынның бас директорының бірінші орынбасары Сергей Твердов.

2030 жылға қарай жолаушылар вагондары өндірісінің 50%-н жергіліктендіру деңгейіне жеткізу көзделген. Жаңа цехта жүк және жолаушы дөңгелек жұптарын толық өндірістік циклмен шығару жолға қойылады.

Зауыт басшысы Данис Араслановтың сөзінше, бұл Қазақстанды теміржол техникасы саласында технологиялық тұрғыда тәуелсіз етудің маңызды қадамы болмақ.

Зауыт екі жаңа үлгідегі 88 м³ көлемдегі жартылай вагон мен 86 м³ көлемдегі цистернаны сынақ мақсатында жөнелтті. Сонымен қатар, 92 м³ көлемді, 75 тонна көтергіштігі бар жартылай вагон әзірленуде. Бұл модель заманауи дәнекерленген арбамен жабдықталады.

Министрге сынақтан өтіп жатқан үш вагон – екі жартылай вагон мен бір цистерна көрсетілді. Тағы бір сынақтық үлгі жөнелтіледі. Сертификат алу 2025 жылдың қазан айына жоспарланған.

Кәсіпорын 8 данаға дейін жеңіл автокөлікті, оның ішінде жол талғамайтын көліктерді тасымалдауға қабілетті автомобилевоздарды шығаруды қолға алуда. Жылына 2000 дана осындай вагон өндірілмек.

Сонымен қатар, Қазақстан темір жолы компаниясының қажеттілігі үшін жабық вагондар өндіру басталады. Жыл сайынғы сұраныс – 450 вагон. Барлығы жаңа алаңда өндіріледі.

Railways Systems KZ – Қазақстандағы ең ірі теміржол машина жасау кластері. Петропавл мен Екібастұз қалаларында орналасқан бұл кәсіпорын – еліміздің өндірістік қуатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған стратегиялық маңызды нысан.

 

Нұрсайын Шәріп