АСТАНАДА 60-ТАН АСА КӨШЕ ЖӨНДЕЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының дамуына үлкен сенім артып отыр. Себебі Астана – жаңарып, жасарып келе жатқан қала! Зәулім-зәулім ғимараттар бой көтеріп, әлем жұрты сүйсіне көз тігуде.

«Астана – болашағы зор қала. Осы орайда, біз «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға айрықша мән береміз. Елордамыз, ең алдымен, тұрғындарға ыңғайлы қала болуы керек. Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш», – деді Президент елордада өткен бауырлас қалалар әкімдерінің форумында.

Президенттің сөзінше, әлемдік саясаткерлер Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді.

«Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек. Мен бұған кәміл сенемін. Бәсеке деңгейі жоғары және құбылмалы қазіргі әлемде қалалардың қарқынды әрі орнықты дамуы өте маңызды. Астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі. Олар мемлекеттердің өркендеуінде жетекші рөл атқарады. Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады. Адамдар және олардың шығармашылық қуаты, бірегей білімі, креативті идеясы мен отаншылдық рухы – ұлт жетістігінің негізгі факторы», – дейді Мемлекет басшысы форумда.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, осы себептен қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажет. Бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет, әрине, Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие бола бастады.

Президент тапсырмасына орай Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында биыл жөнделетін көшелер туралы жазды. Демек биыл да көп жұмыс атқарылмақ.  «Елордада ауа райы жылынған уақыттан бастап жолдарды абаттандыру, көгалдандыру және жөндеу жұмыстары басталды. Биыл 60-тан астам көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Жол жұмысы елді мекендердегі жолдарды да қамтиды. Қаланы аралау барысында бірқатар жолдың салыну барысымен таныстым.

Қазіргі уақытта елді мекендердегі мына көшелерде жөндеу жұмысы басталды: Жаңақоныс, Қарталы, Фахтбен Абдул Азиз, Герцен, Бөкеев және т.б. Сол сияқты Алаш тасжолының 69-көшеден 191-көшеге дейін, Қорғалжын тасжолының Тұран даңғылынан 128-көшеге дейін, Керей-Жәнібек хандар көшесінің Сауран көшесінен Мұртаза көшесіне дейін және т.б.

Бұдан өзге, биыл ұзындығы 14,7 км болатын 43 нысанның құрылысы жоспарланып отыр. 8 жоба бойынша жұмыс толық көлемде аяқталады, 28 жоба бойынша ары қарай жалғасады, тағы 7 нысанның жұмысы басталады, оның ішінде:

— Қ.Қайсенов көшесі Бұқар жырау көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейін;

— Бұқар жырау көшесі Әл-Фараби даңғылынан Жошы хан көшесіне дейін;

— Рысқұлов көшесі Мәңгілік ел даңғылынан Нұра-Есіл арнасына дейін;

— Тәуелсіздік даңғылы Қабанбай батыр даңғылы жағынан және т.б.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта Тілендиев даңғылы мен Бейсеков көшесінің қиылысында екі деңгейлі көлік айрығын салу жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл – қаланың негізгі магистральдарының бірінде көлік ағынын оңтайландыруға арналған маңызды инфрақұрылымдық нысан. Жоба қиылыста көлік қозғалысын едәуір жылдамдатып, жол жүру уақытын қысқартады.

Биыл Бейсеков көшесінің бойында Тілендиев даңғылы арқылы толыққанды қозғалысты қамтамасыз ететін өтпе жолдар мен съездердің металл аралықтарының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Айтматов көшесі мен Қорғалжын тасжолының қиылысында көлік ағынын сейілту үшін жыл соңына дейін қозғалысты қамтамасыз ете отырып, Қ.Мұхамедханов көшесін салу жобасын іске асыру жүргізіліп жатыр.

Жол жұмысы жол төсемінің сапасын жақсартуға ғана емес, сол сияқты қозғалыс қауіпсіздігі мен тұрғындардың жайлылығын арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, жоспарланған жұмыстардың қатарында жаңа тротуарлар салу, аялдамаларға кірме тұстарды, пандустарды және т.б. жайластыру бар», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК