JOLTAP-пен жолын тапқандар көп

Астана қаласы әкімдігі қала тұрғындарын жұмыспен қамту қызметіне барынша көңіл бөліп келе жатыр. Бұл тұрғыда көптеген игі бастамалар мен жобалар жүзеге асырылды. Солардың бірі –  JOLTAP жобасы. Біз газетімізде аталмыш жоба туралы бұған дейін көптеген материалдар жариялап, JOLTAP-пен жолын тапқан еңбек адамдары туралы көпшілікті хабардар етіп келе жатырмыз.

Сондай ақжолтай жаңалықтардың бірі жақында Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланды.

Ләззат Ибраева – 10 жылдан бері әйелдер киімін сатып жүрген елордалық кәсіпкер. Ол JOLTAP жобасы бойынша 3 оқу курсын тамамдаған. Кәсіпкер бұл жоба бойынша ең алдымен «Модельер-конструктор» курсын оқыған. Ләззат Ибраева алғашқы оқуды аяқтаған соң, әрі қарай «Тігін ісі» курсына жазылып, тағы бір жаңа мамандықты меңгеріп алған.

–  «Модельер-конструктор» курсы екі аптаға созылды. Осы уақыт ішінде киімдерді пішу, кесу және оның үлгісін жасауды үйрендік. Кейін осы сала қызық болған соң, «Тігін ісі» курсына жазылдым. Біз 3 апта бойы киім тігу және киімдерді қайта жөндеу тәсілдерімен танысып, тәжірибеден өттік. Бүгінде алған білімдерімді тауар таңдауда қолданып жүрмін. Киімдердің дұрыс тігілгені мен үлгісі дұрыс жасалғанын нақты айта аламын. Тіпті кейде киімді өлшеп көрген сатып алушылардан кейін ақаулар болуы мүмкін. Оны өзім қайта жөндеп аламын», – дейді ол.

Елордалық кәсіпкер наурыз айында онлайн сауда жасау негіздерін де меңгеріп алған.

– Қазір онлайн сауда қызу жүріп жатыр. Сондықтан тауарларымды онлайн сату үшін «Kaspi-де жұмыс жасау негіздері» курсын оқып алдым. Алты күн ішінде онлайн платформаға тіркелу, сату және жеткізу туралы көп ақпарат білдім. Алдағы уақытта әйелдерге арналған киімдерді онлайн сатуды қолға аламын. Жалпы маған бұл жоба қатты ұнады. Тек бір оқумен шектемей, тұрғындарға бірнеше мамандық меңгеруге мүмкіндік береді. Оқытушылардың кәсібилігі мен шыдамдылығы үшін алғысымды білдіремін», – деді Ләззат Ибраева.

Айта кетейік, JOLTAP қысқа мерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін қолжетімді. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP Telegram-ботында тегін жарнамаланатын болады.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ