Кемертоғандағы сенбілікке аудан басшылары да қатысты
Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылының Жайлы мектебінің директоры Райсбекова Гүлмира Сейткерқызының бастамасымен және әкімшілікпен бірлесе отырып, «Таза Қазақстан» Жалпы Ұлттық экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Осы акцияға боксшымыз, 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының Алтын жүлдегері, 1986 жылғы спорт шебері, 1996 жылғы Атлант Олимпиадасының қола жүлдегері, 2 дүркін Азия чемпионы Ермахан Ибрагимов та қатысты. Ол Жайлы мектепке келіп, оқушылармен кездесу өткізіп, жарыстан жүлде алған сынып оқушыларын мақтау қағаздармен марапаттады. Оқушылар чемпионға өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, сұхбат алды.
Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округінің әкімшілігі ұйымдастырған «Таза Қазақстан» акциясына Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы Естенов мырза, мектеп ұжымы мен 9 «б» сынып оқушылары да белсене қатысып, жеміс ағаштары мен талдар отырғызып, айналаны, көшелерді тазалады. Соңында «Жайлы мектептің» оқушылары ән айтып, би билеп, келген қонақтарды көтеріңкі көңілмен шығарып салды. Іргелі ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен және әкім Арман Даниярұлы, әкім орынбасары Аркен Ұланұлы, Ескендір Егізбекұлының басшылығымен әкелінген бірнеше ағаш түрлері түгелдей мектеп ауласына отырғызылды. Бүгінгі өткен сенбілікке Кемертоған ауылы мен 17 кварталдың тұрғындарының атынан мектеп ауласына Мыңтаев Ерлан мен Қазақбаева Ақлима арнайы әкімшілік шақыруымен барып ағаштарды отырғызуға, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, ризашылығын білдіріп, ауылдастарын бірлікке шақырып, қолдау көрсетті. Өздері тұратын 17 кварталдың ауласы мен көшелерінің қоқыстарын ауыл тұрғындарын ұйымдастырып, белсенді көшбасшы Сәуле Ертаевамен бірге жинап, тазалап шықты.
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ