Адам өз ажалын өзі жасап жатыр дегенге сенесіз бе?
Ғаламтордың сиқырлы қақпасын ашсаң бітті, арғы жағынан көзге көрінбейтін әлеуетті қолдар еркіңнен тыс дедектетіп ала жөнеледі. Қазір талайлардың тағдырлары сол бір сиқырлы әлемнің тәлкегіне айналғанын ешкім білмейді. Бәлкім миллион… бәлкім миллиард… қалай болғанда да жын-шайтанның әлемін Адам өзі жасады. Енді одан құтыла ала ма, құтыла алмай ма, әй, қайдам?!
Адам адам болғалы оның жанынан үнемі жамандық біткен торуылдап жүреді. Ібіліс антұрған таза, пәк Адам ата мен Хауа ананың өздерін адал жолдан тайдырды. Алланың қаһарына ұшыраған олар содан көрмегенді көріп, азап шегіп, жұмыр жерді шиырлап, бірін-бірі іздеді. Араға талай сағым жылдарды салып жүріп әзер табысты. Ұрпақ әкелді, тамыр жайды. Олардың қос ұлы, Әбіл мен Қабыл әсем жігіттер болды. Өкінішке қарай, қызғаныштан Әбіл бауырын өлтірді. Адамзат өмірінде алғаш рет адам қаны төгілді, қылмыс жасалды. Алғаш рет адам мүрдесі жер қойнына берілді. Кінәлі кім? Адамның өзі. Содан бастап Ібіліс және оның ұрпақтары жын-шайтанның шабуылы толастаған емес. Адамзат кемеліне келіп, өркениетке құлаш ұрған сайын адамдардың ниеті тарыла берді.
Екінші дүниежүзілік соғыста 50 миллионнан аса адам қырылды. 50 миллион! Біз бұл алапат соғыстың біткенін Жеңіс күні деп белгіледік. Жоқ! Бұл орыстың да, немістің де жеңіс күні емес. Адамзаттың қасірет күні ретінде аталуы керек еді.
Атомды ойлап тапқан адам оны тағы да жамандыққа пайдалана бастады. Басқа – басқа, біздің жерімізді, ауамызды бүлдіріп, улап жатқан Семей, Азғыр, Нарын полигондарының зардабын еліміз әлі де тартып келеді.
Байқоңырдың ше? Уран кеніштерінің ше? Біз қазақ жерінің қасиетті жерлерін неге жат жұрттықтарға беріп қойдық? Батысымызда 11 миллион гектар жер әлі де орыстың иелігінде. Ракета, бомбаларын жарып, олар білгенін істеп жатыр. Неге? Біздің биліктің қандай пайда тауып жатқанын қайдам, ал жергілікті халық сұмдық зардабын тартып жатқаны анық. Тағы да кесапатты өз қолымыздан жасап, өз-өзіміз ажал аранына айдаудамыз.
Коронавирус… Өзіміз жасап, оны халықты қыру үшін бүкіл әлемге тараттық. Бұл да шүбәсіз шындық. Кім ұтты, кім ұтылды? Ол қырғынды жасаған зұлымдар кім? Олар адамдардың шыбындай қырылғанынан сонда ләззат немесе пайда табады ма? Түсінбеймін…
Ресей мен Украина соғысы, Израиль мен Палестина. Араб көктемінің ызғары. Осы сұрапыл соғыстардан Батыс па, әлде алпауыт топтар қып-қызыл пайдаға батып, малтығып жатқан болар. Олардың қатігездігі соншалық – обал мен сауап дегенді біржола ұмытқан сияқты. Үшінші дүниежүзілік соғыстың алапат демі тым жақыннан естілетіндей. Ойлаудың өзі қорқынышты. Бұл соғыс бола қалса… Онда.. Онда…
Сонда осылардан шығатын қорытынды Ақырзаманды өзіміз жасап жатырмыз ба? Ащы шындық осы! Иә, өз ажалымызды өзіміз жасап, соның аранына лек-лек болып ағылып кірудеміз. Кім ұтты, кім ұтылды? Әлбетте, Адам ұтылды. Ібіліс ұтты. Әне, ғаламтордың сиқырлы қақпасы айқара ашық. Адамдардың қолдарында бір-бір телефон. Олар бір-бірін көрмейді. Соқыр, мылқау. Жылылық жоғалған. Сезім жоқ. Мұз дәуірі басталғандай. Ойбай-ау, қайда, қайда кетіп барамыз, ей, адамдар?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ