Ешқашан үміт үзбе бір Алладан…

«…Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса ерге дәулет құралмаған,
Күніне мың бір пәле көрсең-дағы,
Ешқашан үміт үзбе бір Алладан..»
Семен Винокурдың өмірден алынған өмірдің мәні туралы әңгімесі «Жол үстіндегі оқиға»
1980 жыл. Мен демалыстан кейін әскери бөліміме қайтып бара жатырмын.
Түнгі «Мәскеу – Архангельск» пойызы әзер жылжып келеді. Екі күн бойы қар толассыз жауып тұр.
Плацкартта ине шаншар орын жоқ. Тер мен ашыған қырыққабат иісі мүңкіп тұр. Дәлізде біреу капуста салынған шыны құтысын түсіріп алған.
Менің станциям жақындап қалды. Жұрт шырт ұйқыда. Жолсерік әйелді ояттым. Ол бар дүниені қарғап-сілеп орнынан тұрды да, алдыма түсіп, тамбурға беттеді.
Пойыз жүрісін тежеді. Бұл жерде тоқтамайтын, тек баяулататын.
Жолсерік есікті ашып
– Тезірек секір, – деп, есінеді.
Секіріп, омбы қарға топ ете түстім. Тұрып, үстімдегі қарды қағып, тазаладым. Мені көлік күтуі керек еді. Бірақ ешкім жоқ. Ол кезде мен көліктің осы жерден 20 шақырымдай жерде қарға батып қалғанын білмеген едім.
«Жарайды, станцияда күте тұрайын», – деп ойлап, айналама қарадым. Ешқандай ғимарат көрінбейді. Бірақ кенет дәл алдымдағы қар үйіндісі станцияның өзі екенін түсіндім.
Ішінен әлсіз жарық жылтырайды. Демек, тіршілік бар.
Есікті әрең ашып кірдім. Іште темір пеште от жанып тұр.
Жанында қаңғыбасқа ұқсас біреу жатыр.
Ұйықтап жатыр ма, әлде жай ғана жатыр ма – шүберекке оранып алған, аяғында үлкен қара пима, сыртындағы резеңке кебісін де шешпеген. Қозғалмайды. Бұл жақта кезбелер – үйреншікті құбылыс, сондықтан таң қалмадым.
Орындықтың шетіне отырдым. Ең бастысы – ұйықтап қалмау. Зәрдей суық.
Бір кезде әлгі кезбе қозғала бастады, орнынан тұрды, портвейннің бос бөтелкесін алып, су қайнататын құрылғыға қарай асықпай жүріп кетті.
Бөтелкеге су құйып, асықпай ұзақ шайқап тұрды.. Сосын жарыққа тосып қарап, бөтелкенің аузынан бір ұрттап қойды. Сосын қайта құяды, қайта шайқайды, қайта ішеді. Бұны мен бұрын да естігенмін. Кезбелер айтуынша, мәселе ішіндегі портвейнде емес, ішімдікке деген сағынышта екен.
Мен көзімді жұмып, ұйықтап жатқандай кейіп таныттым. Әңгімелескім келмеді. Әдетте мұндай «әңгімелер» ақша немесе ішімдік сұрауға барып тірелетін.
Сыртта боран тоқтар емес.
Көзім жұмулы күйде отырмын, көз алдымнан анам, әкем, салқын ет, балық, «Наполеон» торт, ұмытылмас демалысым өтіп жатыр… Чемоданымда қызметтес жігіттерге арналған сыйлықтар бар екенін және олардың оны күтіп отырғанын ойлау жаныма жылулық сыйлады.
Ойымды бір жұмсақ баритон үзіп жіберді.
«Түс көріп жатырмын ба?» деп ойладым. Көзімді аштым. Жоқ. Кезбе сөйлеп отыр. Бөтелкесіне қарап, ыңылдап отыр.
Жоқ! Сену мүмкін емес!
Бұл – Велимир Хлебников қой!
«Маған көп нәрсе керек емес!
Бір үзім нан
Және бір тамшы сүт.
Осы аспан,
Осы бұлттар жеткілікті!»
Қайдан?
Қайдан бұл кезбе Хлебниковты біледі?!
Бұл ақынды мектепте де, университетте де оқытпайды. Мен өзім оны бес жыл бұрын ғана, символизмге құмартқан алғашқы махаббатымның алдында әсер қалдыру үшін іздеп тауып, жаттағанмын.
Тыңдай бердім.
Ол бос кеңістікке қарап, өз баритонымен, өте табиғи әрі әсерлі дауыспен Пастернактың мен жақсы көретін өлеңін оқып отыр:
«Жел соқты, жел соқты барлық жерде,
Шетсіз-шексіз…
Шам жанып тұрды үстелде,
Шам жанып тұрды.»
Қазір жазып отырсам да, оның дауысын естіп отырғандаймын… Баталов па? Яковлев пе? Жоқ, жоқ, олар оған жете алмайды!
«Боран әйнекке сурет салды
Шеңбер мен жебе.
Шам жанып тұрды үстелде,
Шам жанып тұрды…»
Тіссіз, кір-қожалақ, үсіген қызыл қолдарымен бұл кезбе бөтелкесін шайқап, буржуйка отына қарап, әлемдегі ең тамаша өлеңдерді оқып отыр…
Қайда?
Қар басқан, Құдай ұмытқан станцияда… түнде…
Абсурд.
Бір кезде ол мені байқады. Сабырмен басын бұрды. Біртүрлі әсер қалдырды – менің мұнда отырғаныма өзі таң қалғандай (қабағын көтерді).
Сосын ол маған Бродскийді оқи бастады.
Мен ол кезде бұл өлеңді білмейтінмін. Тіпті Бродскийдің кім екенін де білмейтінмін.
Бірақ «қабір», «Васильев аралы» деген сөздер есімде қалды.
Ең бастысы – алған әсерім. Бұл өлең мені таңғалдырды. Кейін тауып алып, жаттап алдым:
«Ел де, қабір де
таңдағым келмейді.
Васильев аралына
өлу үшін барамын.
Қараңғыда
сенің көкшіл қабырғаңды таба алмаймын.
Тозған сызықтардың арасымен
асфальтқа құлаймын…»
Шыдамадым, сұрадым:
– Кешіріңіз, қайдан? – дедім.
– Анау жақтан, – деді, ол..
Сөйтсем, ол Ленинград университетінің филология факультетін бітірген екен. Бай, бақуатты отбасынан шыққан, анасының ерке баласы болған екен.
Музыка мектебін бітірген, екі шет тілін меңгерген, алдында жарқын болашақ күтіп тұрған бала болған.
Бірақ 33 жасында аяқ астынан өмірі мүлдем басқа арнаға түсіп кеткен.
Сол кезде ол бәрінен – ата-анасынан, әйелінен, баласынан жоғалып кеткен.
Ресейді шарлап жүріп, оны бірнеше рет ұстап, қайта апарып, қамап тастаған. Бірақ ол қайта қашқан.
Солайша білімін арқалап, осы ұмыт қалған станцияға тап болған.
Мен оның өзі секілді қаңғыбастар секілді бірдеңе сұрайтынын күткенмін. Бірақ ол ештеңе сұрамады.
Өз тарихын айтып беріп, қайта жатты.
Оның бойында бір сирек кездесетін бекзаттық қасиет бар еді. Осы қасиетімен ол менің жүрегімді жаулап алды. Бейберекет өмірімен де. Шыдамадым.
Бірге ішейік деп балаларға арнап сақтап жүрген бес жұлдызды коньягымды шығарып, оған бердім.
Ол оны жұлып алған жоқ, жай ғана сабырмен алды, тіпті рақмет те демеді, әрі қарайғы бұрышқа барып жайғасты. Маған бірге ішейік деген де жоқ.
Мен оның бөтелкені қысқа жұтымдап ішіп отырғанын көрдім. Бірден жұтпай, дәмін сезініп ішті.
Коньяк бес жұлдызды, сапалы еді. Бір сәтке оны бере салғаныма өкінгендей болдым.
Ол бұрышта өз ойына шомып отырды.
Ал мен — өз ойыммен әлекпін.
Сол сәттегі ойларым есімде. Өз-өзіме: «Осы бір есімі жоқ адамға бұл өмір не үшін берілді?» — деп іштей сұрақ қойдым.
Өзі де «Менің атым жоқ…» деген..
Анасы оны әлдилеп өсірді, түн ұйқысын төрт бөлді, әкесі музыкалық мектепке жетектеп апарды, оны зиялы адам болуға дайындады — осының бәрі не үшін?
Неге сол армандардың бәрі сағым секілді жоқ болды?
Бұл өмірден еш ләззат таппай, тек бір күнмен өмір сүруге көшті..
Оны «Бүгінгі күнмен өмір сүремін, ертең деген жоқ» — деп, өзі де айтып отыр.
Екі сағаттан кейін мені әскери бөлімге қарай вездеход алып кетті.
Қаңғыбас сол қар басқан станцияда жалғыз қалды. Өлеңдерімен, бұралаң тағдырымен…
Ал мен болсам, ол жайында ойландым, көп ойландым…
Сол сәтте кенет бір сұрақ сап ете қалды — мені есеңгіреткен, өйткені ол сұрақ тікелей өзіме қатысты еді
«Ал мен ше?!
Менің өмірім ше?!
Менің алда не күтіп тұр?!
Не қалаймын өзі?!..»
Сол сәтте бұл сұрақтарға жауап бере алмайтынымды түсіндім. Айта алмаймын. Айтқандарымның бәрі — жаттанды, үстірт, бос сөздер…
Осыны түсінген кезде мойындаймын, мен бұл есімі жоқ адамға қызғанышпен қарадым.
Мен бөлімге келдім. Жігіттер, әрине, ренжіді — «коньяк жоқ»..
Олар әлгі бомжтың мені қалай иліктіргенін түсінбеді..
Мен де түсіндіруге тырыспадым.
Түнде дөңбекшіп, ұйықтай алмай жаттым.
Кенет «Бұл боран жай ғана соғып тұрған жоқ шығар, мені қарсы алуы тиіс көліктің қарға батып қалуы жайдан-жай емес шығар, дәл сол қар басқан станцияның менің жолымда тұруы да бекер емес шығар, әлгі адамның менің сүйікті өлеңдерімді оқуы да жай ғана сәйкестік емес шығар…
Бәрінің мәні бар сияқты.
Мен бұл оқиғадан бір нәрсені ұғынуым керек еді…
Өз өмірім жайлы…
Ол не үшін берілді?..
Аударған Өмір Шыныбекұлы