Ұлттық құрылтайдың IV отырысы: Жамбылдықтар Мемлекет басшысының бастамаларын қолдайды
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік сала қызметкерлерімен өткен кездесуде Ұлттық Құрылтайдың IV отырысының қорытындылары мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысын талқылады.
– Президент Ұлттық Құрылтайдың кезекті отырысында еліміздің алдағы даму бағытын айқындап берді. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және басқа да маңызды салалардың дамуына ерекше назар аударылды, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өткен жылы Жамбыл облысына келген туристер саны 27 пайызға артты. Туристік қызметпен айналысатын 18 субъектіге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Облыстың 40 негізгі туристік нысанын қамтитын 10 жаңа туристік маршрут әзірленді.
Туризм саласында жалпы құны 17,6 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар аясында 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өңірдің туристік әлеуетін нығайтуға республикалық және халықаралық деңгейде өткізілетін іс-шаралар ықпал етуде. Сондай жобалардың бірі биылғы жылы Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» болмақ, оған көптеген елдерден қолөнершілер мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері шақырылған.
Облыста медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы 22 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, 1 нысан күрделі жөндеуден өтті, 18 медициналық құрал-жабдық пен 38 санитарлық автокөлік сатып алынды.
Биыл 4 нысанды пайдалануға беру және 6 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 білім беру ұясы пайдалануға берілді. Биыл Шөлдала тұрғын алқабында (Тараз қаласы) 1, Қордай ауданында екі мектепті пайдалануға беру жоспарлануда.
Сондай-ақ 26 білім нысанының құрылысы жоспарлануда, оның 21-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды. 2025 жылдың 3 айында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 15 мыңнан астам адам қамтылды. 12 689 адам жұмысқа орналасты.
– Біздің ортақ міндетіміз — Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай алаңында ұсынған барлық бастамаларын табысты әрі жедел жүзеге асыру, — деп түйіндеді облыс әкімі.
Жамбылдықтар жиынға белсене қатысып, түйткілді мәселелерін айтып, шешу жолдарын ұсынды.
ҚР еңбек сіңірген әртісі, А. Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық драма театрының ардагері Асқарбек Сейілхан сөз алып, Президент бастамаларының арқасында театр өнерінің дамуы жаңа белеске көтерілетініне сенім білдірді.
«Айша бибі» шипажайының бас дәрігері Райқұл Нұржанов денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелерін көтерді.
Отырысты қорытындылаған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мұндай кездесулер азаматтық қоғамды шешімдер қабылдау үдерістеріне тереңірек тартуға ықпал ететінін және елдің негізгі мәселелерін талқылауда түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерін қамтамасыз ететінін атап өтті.
– Ел Президенті Ұлттық Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде жұмыстың 5 басым бағытын белгілеп, көптеген мәселелердің жүйелі шешімдерін айтып, Әділетті Қазақстанды құруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге септігін тигізетін нақты міндеттерді айқындады, – деді ол.
Жамбыл облысы әкімдігі