«Бір айда сізді шешен қыламын»
Қазір күнкөрістің қамы үшін мал-мүлік, дүниені сатып болдық, енді өзіміздегі барды сатып жүрміз. Нені меңзеп отырғанымды ашық айтайын. Бәріміз «ба-aa-й» болғымыз келеді. Бірақ оған маңдай терді төкпей-ақ, табысқа оңай жетсек дейміз…
Ет жеп кекіріп, қозы қарнын сипап отырып, «шіркін-аа-ай, бизнесмен болсам ғой» деп армандайтындар көп қой. Тіпті ол үшін арнайы тренингтерге қатысып, бір айдан кейін өзі біреуге ақыл айтып жүрген таныстарым жоқ емес. Өзі кәсіп бастап кете алмады, сосын қолдан келетіні не? Әрине, біреуге ақыл айту. Оқыған ақшасын ақтауы керек, сөйтіп, аудиториясына бұл саладан мүлдем хабарсыз адамдарды жинайды.
Екі ай бұрын сондай біреу «фейсбуктағы» парақшама жазып, өзін оратор Пәленбай Пәленбаевпын деп таныстырды. Бір айдың ішінде мен сізді шешен қыламын, көптің алдында сіз сөйлегенде бәрі жым-жырт болады, аузының суы құрып, ұйып тыңдайды дейді. Әлгі адам онлайн отырғандардың бәріне осы хабарламаны жіберіп отыр ғой деп, үнсіз отыра бердім. Содан келесі күні «нендей шешім қабылдадыңыз?» деп тағы хат жазды. Мен де оған әзілдеп:
«О-o-o, шешен қылсаңыз бір айда,
Тегін болады солай ма?…» деп жазып едім, екі күннен кейін:
«Қарындасым қу екен, қатырады,
Қазір тіпті ауа да сатылады…» — деп жазды.
Содан «ақындық өнерім жоқ, екі жолды екі күн ойланып жаздым, келесі айдың басында менің «Оратор боламын» курсыма келіңіз» деп жазып жіберіпті. Оның жеке парақшасына кіріп, осыған байланысты түсірген арнайы видеоблогын көріп шықтым. Пәленбаевтың екі ауыз сөзінен-ақ қанша кітап оқығанын аңғару қиын емес еді…
Өзін «оратормын» деп таныстырған әлгі кісі көптің алдында «қалай сөйлейді екен?» деп курсына баруды жөн санадым. Содан жиылып алып «шешенімізді» күтіп отырмыз, айтқан уақытынан жарты сағат кешігіп, көзде қара көзілдірік, үстіне «смокинг» киген орта жастан асқан ер адам кіріп келді. Құдды «модель» дерсің…
«Ал, қош келіпсіздер курсыма» деп, сұқ саусағымен мәшинесінің кілтін шыр айналдырып, «оратор» болып сөйлеудегі өзіндік «тактикасын» айта бастады.
«Сөйлей-сөйлей шешен боласың, тек тоқтамай сөйле, тоқтаушы болма! Аузың құрғап, үнсіз қалсаң, сен ұятқа қаласың!» деген қағиданы ұстанады-мыс.
Жиналғандардың қарасы мектеп оқушылары. Аңғалдарым-ай, оның сөзін тіпті біреулер блокнотына түртіп отыр. Мен бұған бей-жай қарай алмадым да, «Пәленбаев мырза, шешендік өнер бізге қай ғасырдан келген?» — деп қытымырлана сұрақ қойдым. Ол тосыннан бұлай сауал тастайды деп күтпеген болса керек, «сізге оның қажеті не? Оданда алғашқы сабағымыз жақынырақ танысу күні болсын» деп сөзін жалғап кетті.
Сұрағыма мардымды жауап алмаған соң: «Шешендік өнердің негізін салған кімдер?» — деп сұрадым. Ол тағы үнсіз.
— Білмейсіз бе?
— Жоқ, неге білмеймін? Төле, Әйтеке, Қазыбек билер, — деді.
— Шешендік өнер 12-13 ғасырда Майқы би мен Аяз билерден бастау алған. 14-15 ғасырда Жиренше мен Асан қайғы мұны дамыта түсті. Ал сіз айтқан үш би 17-18 ғасырларда осы өнерді биік деңгейге көтерді.
— Сіз мұны қайдан білесіз?
— Мамандығым — журналист, сөйлеу тілі және сахна шеберлігін тереңдетіп оқығанмын.
— Онда мұнда неге келдіңіз?
— Көптің алдында сізді масқаралау-ға емес, мәуелі сөз күтіп келіп едім…
— Ал діттегеніңізге жеттіңіз бе?
Осы кезде курсқа келгендердің бәрі жапа-тармағай өре түрегеліп, «бізге ораторлықты сіз үйретіңіз» демесі бар ма?..
Клиенттерімді тартып алдың дегендей, әлгі азаматтың көзі шарасынан шығып, маған осқырына қарады.
— Жооқ, мен үйретпеймін.
— Не-ее-ге? — деп шуласты.
— Сөз — құдірет. Шешендік Құдайдан келеді. Аузы дуалы, сөзі сұлулар бар. Бірақ олар өте аз. Бүгінгінің шешені Бекболат Тілеухан мен жас болса да бас болып жүрген азамат Ардақ Назаров басқосуға келеді десе, аузы дуалы деп аңқиып отырып тыңдайтындарыңыз өтірік емес. Бір-бірінен естіп, екі сағаттық ғибратты әңгімесін естуге келгендер аудиторияға сыймай, сыртта тізіліп тұратындығын талай көзіміз көрді. Мен кіммін? Олар кім?..
«Ертең сондай сөзге шешен жастардың зоры шығып, мінберде сөйлесе, мен де қалта қағушылардың бірі болып қалмаймын ба?» — деп ойладым да, кете бардым.
Ол адамның сол күні маған қатты ашуланғанын білемін. Екі айдан соң телефоныма белгісіз нөмір қоңырау шалды.
— Алло, мен Пәленбай Пәленбаевпын.
— Ааа- aa, иә, тыңдап тұрмын?
— Екі ай бұрын сені дұрыс түсінбеппін. Қазір басқа кәсіппен айналысамын. Өзімнің жиһаз дүкенімді аштым. Расымен, шешендікті бір айда үйрету мүмкін емес екен, — деді де, ол әңгімесін әрі қарай жалғап кетті. Мен ойланып қалдым…
Жұлдыз Әбіл