Халық қалауы қанағаттандырылды
Ұлан-ғайыр даланы мекендеген ат төбеліндей ғана қазақ халқы үшін аптаның ақжолтай жаңалығы аты шулы «26-бап» мәтінінің өзгеріссіз қалуы болды. Араға екі-үш күн салып, дәл бүгін Елбасы Н.Ә.Назарбаев Парламенттің қос палатасының депутаттары жиналған жалпы отырыста мұндай шешімнің себебін де түсіндірді. «Әркім» сөзінің енбейтінін ең алғаш естігенде Құдайға тәубе етіп, Елбасының халық қалауына жүгінгеніне риза болғанымыз жасырын емес. Дегенмен, бүгінгі жиында сөз алған Президент:
«Жалпыұлттық талқылау барысында Конституцияға ұсынылған барлық өзгерістер қолдау тапты деп айтуға болады. Дегенмен, Конституцияның 26-бабын қоғамда көпшілік қолдағанымен, пікір қайшылықтары да көрінді. Біздің сұраныстар бойынша 70 пайыздан астам адам оны қолдап отыр. Дегенмен, басқа пікір айтқан азаматтар да бар. Әсіресе, меншік мәселесі жөнінде. Жер меншігіне байланысты деп ойлады. «Жер туралы» заң қабылданған кезде ол жөнінде мәселелер болғанын Сіздер білесіздер»-деді.
Мемлекет басшысының 70 пайыздан астам деп отырғаны кімдер екені бізге беймәлім. Десе де, жеке меншікке еніп кететін жер үшін жан ұшырған азаматтардың көп болғанынан хабардармыз. Әркім еркін кіретін әлеуметтік желілерде «Мен ҚР азаматы ретінде 26-баптың өзгертілуіне қарсымын!» деген ұранмен жекелеген интернет қолданушылары бой көтергеніне бәріміз куә. Ең алғашқылардың бірі болып ресми түрде «Жер мәселелері жөніндегі комиссия» мүшесі, белгілі экономист, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан бұл өзгеріске қарсы екенін мінбеде білдірген болатын. Толассыз ақпараттар ағынынан ақ пен қараны ажырата алмай дал болып, арандап қалмасақ игі деп те ойлағанымыз анық. Өйткені, сағатқа жуық уақытын сарп етіп, блогер Өркен Кенжебек «Фейсбуктің» тікелей эфирінде 26-бапты өзінше талқылап, одан келетін еш қауіптің жоқтығына көпшілікті сендірді. Дегенмен, қоғамда түрлі деңгейде білімі бар адамдардың, олардың әртүрлі қабылдайтыны ескерілмеген секілді. «Көп білетін емес, көпті көргеннен сұра» демекші, бір басына жетерлік білімі, ұрпаққа берер тәлімі, өмірлік тәжірибесі жеткілікті ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы да түн ұйқысын төрт бөліп, халықты әуре-сарсаңға салған күрмеуі көп күрделі мәселе туралы мақала жазып, ел басындағы азаматтарға дат айтты. Көреген анамыздың «Халқым, саған айтам, билік, сен тыңда!» атты мақаласы Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» қоғамдық-саяси газетіне және сайтымызға жарияланған болатын. Мұны неге айтып отыр дейтін шығарсыз, біздің мақсат – Елбасының халық қалауын орындауына ықпал еткен ақпарат құралдарының да себепкер болғанын қалың оқырманға жеткізу.Ел Анасының ішкі толғанысынан туған мақалада халқының мұңы жатқанын ескеруге тиіспіз. Бұл БАҚ-тың билік пен халық арасындағы берік алтын көпір екеніне дәлел болса керек.
Ермұрат Назарұлы