Жәнібек Бестерек, жас әнші: «Әншілерге салық төлетуді қос қолдап қолдаймын»
Тараз топырағы талай талантты тұлғаларды тудырғаны белгілі. Олардың қатарында атақты ақындар да, белгілі жазушылар да, жезтаңдай әншілер де, жыр дүлділдері де бар. Міне, сондай талантты жастың бірі – Жәнібек Бестерек. Қазақ эстрадасына күні кеше ғана келсе де, талант иесінің талабы тау жарады. Осы жас «жұлдызбен» сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Бүгінде хит әндеріңіз арқылы көпке танылған жас «жұлдызды» әншісіз. Осы ән айту қабілеті сізге кімнен дарыды?
– Әншілік текте болатын ерекше қасиет. Мен Жамбыл ауданындағы Мәдімар елдімекенінде туып өстім. Ал әншілік қасиет ата-анамнан дарыған болуы керек. Әкем Бейсеәлі мен анам Әзімкүл кезінде домбырамен бірге ән айтатын.Осы бір сазға елітіп өскендіктен болар өнерге қызығушылық бала кезден бойыма дарыды.
– «Ай-ай» әніне түсірілген алғашқы бейнебаяныңыз сәтті шыққан секілді. Өйткені, сізді өнерсүйер қауым осы бейнебаяныңыздан кейін тани бастады. Айтыңызшы, «клип» қашан және қайда түсірілді?
– Бейнебаянда орындалған «Ай-ай» әнінің сөзін Нұрбақыт Сағатілда есімді бауырымыз жазды. Ал әні латын америка әндерінен алынған. Бейнебаян былтырғы жылы Таразда түсірілді. Түсірілім жұмыстарын бастан-аяқ жеке продюсерім Талғат Құрманқұлов жүргізді. Рас, осы клип жарық көргеннен кейін көп ортада құрметтеле бастадым.Бұрын қаладағы үлкенді-кішілі мерекелік іс-шараларда өнер көрсетсем, енді міне үлкен сахнаға жол ашылды.
– Жеке репертуарыңызда қанша әніңіз бар?
– Қазіргі таңда репертуарымда 70-тенаса әнім бар. Оның 10-ыжеке авторлық туындыларым. Жалпы ән жазу көп ізденісті қажет етеді. Сондықтан әнді асықпай, заман талабына сай, тыңдарманның көңілінен шығатындай етіп жазуға күш саламын. Ән жазу көп уақытты алатындықтан, авторлықтан бөлек тойға арнап әндер жаздырамын. Тойға шықпайтын әншілер бүгінде санаулы. Той арқылы қаражат тауып, сол арқылы әндер жаздырып, бейнебаян түсіретін өнер иелері аз емес. Мен де солардың қатарынанмын.
– Әлгінде өзіңіз айтқан той бизнесінің төңірегінде жүріп,табыстабатындарға салық салу мәселесі бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселеге қатысты сіздіңойыңыз қандай?
– Әншілерге салық салуды қос қолдап қолдаймын.Неге десеңіз, ерте ме кеш пе бізге түскен табыстан тұрақты түрде салық төлеп тұру мәдениеті келіп жетеді. Әсіресе, шоу бизнесте жүрген әншілер салық төлеуі керек деп ойлаймын.
– Өз өнеріңізді биік дәрежеде дәлелдеу үшін халықаралық, республикалық ән байқауларына қатысу ойыңызда жоқ па? Мәселен Димаш Құдайбергеновтей өзге елдің сахнасында бақ сынап көру дегендей…
– Байқауға қатысатын әнші бар, қатыспайтын әнші бар.Мен конкурс арқылы көзге түскім келмейді. Өнерімді халыққа көрсету арқылы танылып жатырмын деп ойлаймын. Орындаған әніме баға беретін әділқазыларырым ол тыңдармандарым.
– «Жігітке жеті өнер де аз» – дейді. Осы орайда, көпшілік біле бермейтін, ән айтудан бөлек бойыңызда қандай өнеріңіз бар?
– Негізі, күмбірлеген қазақтың қара домбырасын қолға алып, ән айтқанды жақсы көремін. Бұдан өзге аздап сырсандықта, гитарада ойнаймын. Сондай-ақ, бос уақытымда ғаламтордан болмаса кітаптардан ақындардың өлеңдеріноқығанды ұнатамын. Жалпы күнделікті өмірде қара жұмыстан да қашпаймын, қолымнан келгенше істей беремін. Мектепте оқып жүрген кезімде таэквондомен шұғылдандым. Қара белбеудің иегерімін. Бүгінде спортты да жаныма серік етемін.
– Өнерде үлгі тұтар тұлғаңыз, өнер иесі кім?
– Өзім бала кезден «Музарт» тобына еліктеп өстім. Әсіресе, Мейрамбек
Беспаевтың әнін ерекше ықыласпен тыңдаймын. Мейрамбек ағамыздың көмейінен шыққан қоңыр дауыс құлағымды ұйытады. Сондықтан ол кісіні өнердегі ұстазым деп санаймын.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Шығармашылық адам әрдайымеңбек пен ізденісте жүреді. Мәселен, өзім бейнебаяным шықты екен деп «жұлдыз» болып кетуден бойымды аулақ саламын. Әлі де жасалуы тиіс жұмыстар жетерлік. Өткен жылды өте нәтижелі аяқтадық. Алғашқы авторлық әндерім жарыққа шығып, тыңдарман жүрегіне жол таба білді. Алғашқы бейнебаянымды жарыққа шығардым. Енді биыл тағы бір бейнебаянның тұсауын кесу көзделуде. Оның түсірілімі басталып та кетті.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Саятхан САТЫЛҒАНОВ