Жетісуда жетістіктер жетерлік

Жуырда Талдықорған қаласының Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов халық алдында өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары және алда тұрған міндеттер туралы есеп берді. Бұл келелі жиынға ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымов қатысты.

— Өткен жыл ел тәуелсіздігіне 25 жыл толуымен ерекшеленді. Бұл айтулы межеге республикамыздың басқа өңірлерімен қатар, Алматы облысы да жақсы нәтижелермен жетті, — деді өзінің баяндамасында өңір басшысы.

— Осы кезеңде облыс халқы 300 мыңнан астам адамға көбейіп, екі миллионға жуықтады. Өнеркәсіп өндірісінің, ауыл шаруашылығының, шағын және орта бизнестің көлемі еселеніп артты. 8 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй, 700-ге жуық әлеуметтік объектілер іске қосылды. Батыс Еуропа — Батыс Қытай, Алматы — Талдықорған ірі автомагистральдар, Жетіген — Қорғас теміржолы салынды. Қытаймен шекарада Қазақстанда жалғыз құрғақ порты бар «Қорғас — Шығыс қақпа» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Бұл мықты экономикалық өсім нүктесі, келешекте 100 мың халқы бар жаңа қала пайда болады. Өңірдің ішкі өнімділігі 2 трлн. 179 млрд. теңгеге жеткізіліп, 2 пайызға өсіп, жеке кіріс көлемі 140 миллиард теңгені құрады. Бұл мақсатқа инвесторларды тарту арқылы қол жеткіздік. Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 529 млрд. теңгені құрап, 3,3 пайызға өскенін көрсетеді. Ұйымдастырылып, өткізілген екі халықаралық инвестициялық форум қорытындысы бойынша құны 983 млрд. теңге тұратын 39 жобаға қол қойылды. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде өңірге тек қана отандық емес, шетел инвесторларын тартуға мүмкіншілік туды. Облыста 4 млн. астам қой-ешкі болғанымен, оның етін өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Қазіргі кезде немістің «Бауманн» компаниясын айына 66 мың бастың етін өңдейтін жаңа талапқа сай зауыт салуға тартып жатырмыз. Осы жобалар бойынша өңірге қосымша 112 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орындары ашылмақшы. Облыстың өнеркәсіп құрылымында өңдеу саласы басымдылыққа ие, ол жалпы өндірістің 83 пайызын құрайды. 2016 жылы облыста 645,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 101,2 пайызды құрады.

ah1z2948-1

Мемлекеттік индустриалды-инновациялық дамуы шеңберінде Текелі қаласында «Bary Mining» ЖШС темір кенін өңдеп, шойын шығаратын, 500 жұмысшы орнын қамтамасыз ететін, құны 8,3 млрд. теңге тұратын зауыт іске қосылды. Облыста өнеркәсіптің жаңа 72 объектісі қолданысқа енгізіліп, әрекет етуші 34 өндіріс кеңейтіліп, қосымша 2526 жұмыс орны құрылған. «Талдықорған» индустриялық аймағы инфрақұрылымының құрылысы толығымен аяқталды. Биылғы жылдың жағымды жаңалығы — ауыл мен қала тұрғындары 16 млн. теңгеге шейін шағын несие ала алады. Осы бағдарлама шеңберінде 6 млрд. теңге қарастырылса, «Жол картасы — 2020» бойынша 1,8 млрд. теңге бөлінбекші. Биылғы жылы құны 21 млрд. теңге тұратын 11 жоба жүзеге асырылмақшы, оның ішінде 3 балабақшасы мен Қарасай ауданы «Көкөзек» подстанциясы бар. Елбасы «аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек» деген міндет қойды. Алматы облысы ең ірі аграрлық өңірлердің бірі, республикадағы ауыл шаруашылығы өніміндегі үлесі 16% асады. Өткен жылы 1 млн. тоннадан астам дәнді дақылдар, 275 мың тонна май дақылдары, 1 млн. 662 мың тонна картоп пен көкөністер жиналды. Екі жылда қант қызылшасының егістігі 6,5 мың гектарға жеткізілді (2014 ж. 1,2 мың га).

Өткен жылы 241 мың тонна өнім алынып, 25 мың тонна қант өндірілді. Биылғы жылы қант қызылшасының егістік алқабын 9 мың гектарға дейін ұлғайтып, 300 мың тоннадан астам өнім жинап, 30 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Жүгері егістігі үш жылда 9 мың гектарға артып, биылғы жылы 78 мыңнан астам алаңға себіліп (2014ж. 69 мың га), 507 мың тонна астық жиналды. Екінші крахмал-сірне зауытын жаңғырту жүргізіледі, ол Қарасай ауданында «АзияАгроФуд», бұл жүгеріні өңдеу деңгейін 45-тен 60%-ке дейін арттыруға мүмкіндік береді. Облыстың ауыл шаруашылығы саласының басым бағыттарының бірі — бақ шаруашылығы, бақ алаңдары 20,7 мың га жетті, оның ішінде апорт — 2 мың га. Панфилов ауданында 1 мың 110 гектар «Жаркент Фрукт», Еңбекшіқазақ ауданында 250 га «AlmaGreenFields» және 78 га «Apple World» ірі инвесторлар тартылды. Егер бұрын жылына 40-50 мың тонна алма жиналса, 2018 жылдан бастап жыл сайынғы түсім 100 мың тоннаға дейін жетеді деп болжамдалып отыр. «Ислам даму банкі» арқылы суару жүйесін қалпына келтіру және құрылысын жүргізу үшін 33,7 млрд. теңге тарту жұмысы жүргізілді, оның 19 млрд. теңгесіне қаржы ашылды. Осының нәтижесінде 126 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіледі. Мал шаруашылығында жылданжылға мал басы өсіп келеді. 2016 жылы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы 113 пайызға, «Алтын асық» бағдарламасы 128 пайызға, «Құлан» бағдарламасы 101 пайызға орындалды. Облыста жылына 330 мың тоннаға шейін ет, 700 мың тонна сүт өндіріледі. Алайда оны өңдеу өте төмен.

Оның себебі жеке шаруа қожалықтары өндірген өнімдер сапасы стандартқа сай емес. Сондықтан ауылды жерлердегі 500-ден астам шағын фермерлер мен үй шаруашылығындағы малды біріктіріп, кооперативтер құру қолға алынды. Облыста бүгінгі күні 69 ауыл шаруашылығы кооперативтері жұмыс істейді, өткен жылдың өзінде 39 құрылды. Сонымен қатар 600 отбасылық фермалар мен мал бордақылау алаңдары, 25 сүт қабылдау, 4 жеміс-жидек пункттері, 7 отбасылық жылыжай бар. Облыс тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету — күрделі мәселелердің бірі. Бұл мәселе «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және «Қазақстан ипотекалық компаниясы» арқылы шешімін табуда. Өткен жылы 1 млн. 253 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мұның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы мен жария етілген тұрғын үйлердің де үлесі бар. Кезекте тұрғандар мен тұрмыс деңгейі төмен 442 отбасы пәтермен қамтамасыз етілді. Биылғы жылы да 1256 пәтерлі 98 көпқабатты үйлер салынып, пайдалануға беріледі. Үстіміздегі жылы 443 шақырым жүйесі жүргізілген 5195 тұрғын салу учаскесі дайындалады.

Алакөл аймағында екі жыл ішінде инфрақұрылымды дамыту ісі жүзеге асырылды. Бұл демалушылардың сервистік қызметін жақсартуға оң әсерін тигізді. Ақши ауылында соңғы үлгідегі медициналық құралдарымен қамтамасыз етілген дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. 500 орындық көп салалы қонақүй құрылысы аяқталды. 400 және 300 орындық екі қонақүй құрылысы биыл аяқталмақшы.

Нұрила БЕКТЕМІРОВА