Иран Елшісі Оңтүстіктің әлеуетімен танысып жүр

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Моджтаба Дамирчилумен кездесті деп хабарлайды аймақ әкімінің баспасөз қызметі.

Басқосуда өңірімізге арнайы жұмыс сапарымен келген мәртебелі мейманға өңір басшысы алғысын білдіріп, аймақтың өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерімен таныстырды. Сонымен қатар, облысымыздың инвестициялық және туристік әлеуетін шетел нарығына таныстыру басты басымдықтарымыздың бірі екенін айтып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

«Үш миллионға жуық халқы бар Оңтүстік өңірінің сан салалар бойынша әлеуеті жоғары. Оған облысымыздағы бүгінде 151 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқан 11 индустриалды аймағымыз бен 10 ірі кәсіпорны бар «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағымыздың жұмысын жүргізуі дәлел. Бұл ретте, шетелдік инвесторларға да ыңғайлы жағдайлардың жасалатынын, мәселен, салықтан босату сынды жеңілдіктердің болатынын айта кетуіміз қажет», — деді Ж.Түймебаев.

e8d70843-aba0-40b2-90e4-d073fa2ce0c5

Өз кезегінде, Иран Елшісі де аймақ басшысына ризашылығын білдіріп, Қазақстанмен, оның ішінде, Оңтүстік өңірімен сауда-экономикалық байланыстарының одан әрі нығаюына ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік, спорт салаларында бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

«Оңтүстік Қазақстанда ирандық кәсіпкерлер бұрыннан-ақ кәсібін ашып, жұмысын дөңгелетіп жүр. Бүгінгі сапардың мақсаты – осы байланысты одан әрі дамытып, кеңейту. Сондықтан, аймақтың инвестициялық әлеуетімен толықтай танысып, бірлескен жобалар жайын ойластыруға ирандықтар жағы әзір», — деді Елші мырза.

Екі жақты кездесу барысында әкім облыстағы сала жетекшілеріне аймақтағы инвестиция салуды қажет ететін жобалар ретін түзіп, жан-жақты зерттеп, иран инвесторларына ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ, шетелдік кәсіпкерлерге әкімдік тарапынан жасалатын барлық жеңілдіктерді ұйымдастыруды жүктеді.

Айта кету керек, Иран Ислам Республикасы мен Оңтүстік Қазақстан облысының арасындағы сауда-экономикалық байланыс жылдан жылға артып келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде, қос тарап арасындағы ішкі сауда айналымы 19 млн. АҚШ долларын құраған. Өңірімізге Ираннан құрылыс материалдары мен керамикалық бұйымдар, сантехника, тұрмыстық химия, кілем өнімдері және жеміс-жидектер импортталса, бізден экспортталатын тауарлардың қатарына жаңғақ, цемент, тері өнімдері мен ет өнімдері, арпа жатады.